Экономика

Қазан: күзгі жиын-терін кезеңі

Шолу

Қазан айы қарттарға құрмет көрсетумен басталды. Ұстаздарды ұлықтау да осы кезеңде өтті.

Бұл ай жайлы күндерімен шаруа адамына біраз қарасқандай болды. Қазанда жиын-терін жұмыстары толығымен аяқталды.

Айдың басқа да жақсы жаңалықтары аз болмаған секілді. Солардың бірсыпырасын назарларыңызға ұсынамыз. 

Жол жақсарады

«Ақтөбе – Атырау – Астрахань» автожолын қайта құрылымдау барысы — Үкіметтің назарында. Премьер-Министр Асқар Мамин Ақтөбе және Атырау облыстарына жұмыс сапары аясында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Автожолдың жалпы ұзындығы 897 шақырымды құрайды, оның ішінде Ақтөбе облысы бойынша – 311 км, Атырау облысы бойынша – 586 км.

Қазіргі уақытта «Ақтөбе – Қандыағаш», «Қандыағаш – Мақат», «Атырау – РФ шекарасы» учаскелеріндегі автожолдың 733 шақырымында қайта құрылымдау жұмыстары жүргізілуде.

«Ақтөбе – Қандыағаш» учаскесі (96 км) төрт жолақты қозғалысы бар I санатты 78 км жолды қамтиды.

Әлеуметтік мәселелер оңды шешілуде

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин Мұғалжар, Хромтау, Қарғалы, Мәртөк аудандарында болып, жұртшылықпен кездесті. Ол Темір ауданына сапары кезінде Қопа ауылындағы әлеуметтік мәселелердің шешілуі жайымен танысты. Соңғы кезде мұнда дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілген. Жол, су, жарық, интернет тұрғысынан ешқандай проблемалар жоқ.

Аудан орталығы — Шұбарқұдық поселкесінің Қызылжар деп аталатын аумағында қазір тұрғындар саны 3 мыңнан асады. Өткен жылы мұнда мектеп, денешынықтыру және сауықтыру кешені, ірі супермаркет, наубайхана, мейрамханалар салынды.

Облыс басшысы жұртшылықпен кездесуде мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдалану, кәсіпкерлікті одан әрі дамыту қажеттігін айтты.

Облыс халқы 900 мыңнан асты

Жыл басынан бері облыста халық саны 8,3 мыңға артып, 900 мыңнан асып отыр. Облыстық статистика департаментінің мәліметіне сәйкес, 900 мыңнан астам адамның 72 пайызға жуығы қалада тұрады.

2021 жылдың қаңтар-тамыз айлары аралығында 15 мыңнан астам сәби өмірге келді, бала туу көрсеткіші 13,9 пайызға өсті.

Осы кезеңде шетелден 100-ден астам қазақ көшіп келді.

Кәсіпкер әйелдердің белсенді қимылы

Ақтөбе қаласында кәсіпкер әйелдер саны көбейіп келеді. Бүгінде шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің 64,9 пайызы әйел адамдар қолында. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы филиалының белсенді қатысушылары да әйелдер екені анықталып отыр.

Облыс орталығында «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасына қатысқан 11 955 адамның 6 649-ы әйелдер. Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға 160 әйел бағытталған.  Оқуды 75-і аяқтап, 67-сі тұрақты жұмысқа орналасқан. Ал 5 әйел мемлекеттік қайтарымсыз грантқа ие  болды.

«Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасын биыл іске асыруға 8 миллиард теңге қарастырылған, жылдың соңына дейін 700 миллион теңге көлемінде қосымша қаржыландыру күтілуде.

Бағдарламаның портфельдік шағын несиелеу мен базалық бағыты бойынша 1663 жоба қолдау тапты. Оның ішінде 586 жобаны әйелдер басқарады.

Экология жайы қалай?

Nur Otan партиясы облыстық филиалы жанындағы өңірлік экологиялық қоғамдық кеңесте экологияның бүгінгі жай-күйі қаралды.

Алға ауданында жол картасы бойынша «Жасыл ел» еңбек жасақтары ұйымдастырылып, жазғы маусымда 350 жас еңбекке тартылған. Алдағы уақытта Бестамақ, Тамды, Маржанбұлақ, Үшқұдық ауылдарында қоқыстың бірнеше түрі үшін кем дегенде 13 контейнер қою жоспарланып отыр. Алғадағы бұрынғы химия зауытының қалдықтарын толығымен жою мәселесі 2024 жылға белгіленді.

Темір ауданының Шұбарқұдық, Сарыкөл, Кеңқияқ, Ақсай ауылдарында 20 қоқыс контейнері орнатылған, биылғы көктемде аудан бойынша 3,7 мың көшет егілген. Жеке кәсіпкер Жандос Сағиданов қалдықтарды өңдеумен шұғылдану ісін қолға алған.

Байғанин ауданында «Жасыл белдеу» жобасы бойынша жұмыстар жүргізіліп, 20 гектар жерге 6 мың түп ағаш егу жоспарланып отыр. «АБЗиком» компаниясы Қарауылкелді селосында қатты-тұрмыстық қалдықтар полигонын салу ісін қолға алды.

Депутат күнделігінен…

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Nur Otan фракциясының мүшесі, Мәжілістің Экология мәселелері және табиғатты пайдалану комитетінің мүшесі Ғалымжан Елеуовтің бұл жазбаларында халық қалаулысының атқарған жұмыстары, кейбір проблемаларға қатысты ойлары берілген.

«…Көптеген аймақтарда бұрынғыдай медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігіне халықтың көңілі толмай отырғанына көзіміз жетті. Саланың шешілмей келген проблемалары пандемия кезінде одан бетер ушығып кеткені рас. Парламентте денсаулық сақтау мәселелерін талқылау барысында және тиісті ведомствоға депутаттық сауалдарым шеңберінде бұл проблемаларды көтеріп жүрмін», — дейді депутат.

Жомарт жүрек жандар бар

«Жомарт жүрек» республикалық сыйлығы — маңызды қоғамдық бастамаларды көтеріп, қайырымдылық жобаларын нәтижелі атқарған азаматтар мен ұжымдардың марапаты.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жеңімпаздарды анықтау мақсатында онлайн дауыс беруге біздің облысымыздан номинациялар бойынша 5 үміткер ұсынылды.

Олардың арасында «Жылдың үздік ұйымы» номинациясына «SHANIRAQ Aqtobe» қайырымдылық қоры, «Жыл тұлғасы» номинациясына — Бақытқали Оразғалиев (Ақтөбе қаласы), «Жыл меценаты» номинациясына — Алдамберген Жолдасов (Қобда ауданы), «Жылдың үздік қамқоршысы» номинациясына — Орынбай Жолмұратов (Әйтеке би ауданы), «Туған өлке» номинациясына — Жұмабай Бекмағамбетов (Хромтау ауданы) үміткер.

* * *

Бұл айда дүниежүзілік пошта күні атап өтілді. Осы мерекеге орай «Қазпошта» АҚ облыстық филиалы ғимаратында «Жазылушылар күні» өтті. Облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттері мен «Үш таған» журналын біріктіретін «Ақтөбе Медиа» ЖШС көшпелі көрме ұйымдастырып, жазылушылар мен пошта қызметкерлеріне сыйлықтар табыстады . Аудандарда оқырмандармен кездесу одан әрі жалғасын табуда. Байғанин ауданының орталығы Қарауылкелдіде. Ноғайты, Жарқамыс, Кемерши ауылдарында  өткен жүздесулерде ашық әңгіме өрбіді.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button