БілімБасты жаңалықтар

Асхат Аймағамбетов: Ақтөбе облысы білім саласына қолдау көрсету жөнінде көп өңірге үлгі болып отыр

Кеше ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов  облыс әкімі Оңдасын Оразалинмен бірге Мәртөк, Қарғалы, Хромтау аудандарына барып, «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында жасалып жатқан жұмыстармен жан-жақты танысты. Педагогтермен,  оқушылармен кездесу өткізді. Онда мектептердегі білім сапасы, «Педагог мәртебесі туралы» Заңның  орындалу барысы туралы әңгіме қозғалды. Мұғалімдер педагог мәртебесін арттыру мақсатында мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауға ризашылықтарын жеткізді.

Министр алдымен Мәртөк ауданындағы  мемлекеттік бағдарлама аясында қолға алынған жобалармен танысып, бірқатар әлеуметтік нысанды аралады. Сарыжар ауылдық округіндегі Хлебодар орта мектебінде толықтай күрделі жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жылу, жарық, кәріз жүйесі де, есік, терезесі, едені де  жаңартылуда. Сондай-ақ материалдық-техникалық базасы да нығайтылмақ. Жаңа оқу кабинеттері ашылып, қажетті жабдықтармен қамту жоспарланып отыр. 1973 жыл салынған білім шаңырағын жөндеу жұмыстары тамыз айында басталған.  Мердігер мекеме «Алихан Ойл» ЖШС басшылығы жұмысты жаңа оқу тоқсаны басталғанға дейін аяқтауға уәде беріп отыр.

Саржансай ауылында да «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында үлкен жұмыстар жүргізілуде. Қазір мұнда «РемборСтрой» ЖШС, «TasCompany» ЖШС мердігер компаниялары Ә.Молдағұлова, Бейбітшілік, Болашақ, Ақтөбе, Жанқожа батыр көшелерінің жолдарын жөндеп жатыр.

ҚР Білім және ғылым министрі аудан орталығында «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасының арқасында ел игілігі үшін пайдалануға берілген денешынықтыру-сауықтыру кешенін аралап көрді. Сыйымдылығы 160 орын ғимаратта  бір уақытта 272 спортшы төрт түрлі бағытта (футзал, волейбол, баскетбол және қозғалмалы ойындар) жаттығулар мен жарыстар өткізе алады. Кешен 4 жолақты бассейн, автоматты скиммерлік су айналымы жүйесі, медициналық кабинет, хлоратор бөлмесімен қамтылған. Заман талабына сай еңсе тіктеген спорт кешенінде облыстық деңгейдегі жарыстарды ұйымдастыруға мүмкіндік бар.

Іссапар барысында министр «Жастық» және «Достық» саябақтарының абаттандырылуын және стадионды сырттай қарап, танысты. Күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген «Жастық» саябағының аумағы — 12000 шаршы метр. Саябақта шағын футбол алаңы, жаттықтыру кешені және балалар ойын алаңы бар. Былтырдан бастап демалыс орталығында сауда, қызмет көрсету орындары  жалға берілген. Одан түскен қаражат саябақты күтіп ұстау үшін жұмсалады екен.

А.Аймағамбетов Қазан ауылына да барды. Мұнда ол «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында еңсе тіктеген медициналық пунктінің жұмысымен танысты. Қазан ауылындағы жаңа құрылыс аумағындағы инфрақұрылым жұмыстары да назардан тыс қалған жоқ. Мәртөк ауданының әкімі А.Салықбаев  ауданның дамуы бойынша  баяндама жасады.

Министр Қарғалы ауданындағы ауқымды жобалармен де танысты. Петропавл ауылында «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында Ю.Гагарин, Д.Қонаев, Майоров және Жеңіс көшелеріне жарықтандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мердігер мекеме — «Ремгорстрой» ЖШС.

А.Аймағамбетов Петропавл ауылындағы білім шаңырағына барып, мектеп ұжымымен кездесіп, мұғалімдермен пікірлесті. Аудан ұстаздарымен кездесу барысында министр мемлекет тарапынан көптеген қолдау көрсетіліп жатқанын тілге тиек етті.

Ақтөбе облысы білім саласына ерекше қолдау, көмек көрсетуімен көп өңірлерге үлгі болып отыр.

Бұл өңірде Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы бойынша да жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Әлеуметтік нысандар, мектеп, ауылішілік жолдар жөнделуде. «Дипломмен — ауылға» бағдарламасы аясында жас мамандарды ауылға тартып, ауылда тұрақтандыру бағытында да көп жұмыс жасалған.

Елімізде ұстаздар мемлекет тарапынан үлкен қолдауға ие. Педагогтерге қойылатын басты талап — білім сапасын арттыру, жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беру, елдің болашағы үшін аянбай қызмет ету, — деді Асхат Аймағамбетов.

Педагогтер мемлекеттік қолдаудың арқасында артық жүктемеден, қағазбастылықтан құтылғандарына қуанышты екенін жеткізді. Жалақыларының өсіп, жұмысқа деген құлшыныстарының арта түскенін айтты.

Министр Қарғалы ауданындағы сапарының соңында аудандық бюджет қаражаты негізінде Желтау ауылдық округінде жаңадан бой көтерген әкімдік ғимаратымен және «Ашық әкімдік» кеңсесінің жұмысымен танысты. Жалпы көлемі 184,9 шаршы метр нысанда учаскелік полиция және ветеринарлық пункт орналасқан.

Асхат Аймағамбетовтің жұмыс сапары өндірісті өлке Хромтау ауданында жалғасты. Алдымен ол Хромтау ауданының Ақжар ауылындағы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» және «Ауыл — ел бесігі» бағдарламаларының шарапаты негізінде жаңарған ауылішілік 11 көшенің жолдарын қарады. Сондай-ақ Ақжар орта мектебіне барып, педагогтермен, оқушылармен кездесті. Мектептің жағдайымен танысты. Бұл білім шаңырағына келесі жылы толықтай күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Қазірдің өзінде мектептің жобалық-сметалық құжаты дайын, мемлекеттік сараптамадан өткен.

Министр мемлекеттік бағдарлама аясында ел игілігі үшін пайдалануға берілген ангар типті денешынықтыру және спорт кешенін аралады. Жалпы аумағы 1035,49 шаршы метр кешен заман талабына сай құрал-жабдықтармен жабдықталған.

А.Аймағамбетов Хромтау тау-кен техникалық жоғары колледжінің материалдық-техникалық базасымен танысты. Колледж директоры Бағдаш Молдашева министрге «Жас маман» жобасы бойынша жұмыстарды жан-жақты баяндап берді. Қазір мұнда 104 адам еңбек етіп, 874 оқушы білім алуда. Колледжде 7 оқу шеберханасы, 5 зертхана, 18 оқу кабинеті жасайды. 6 оқу кабинеті мультимедиялық құралдармен жабдықталған. 100 орындық асхана, медпункт, кітапхана  және оқу залы бар. Жатақхана 95 орынға есептелген.

ҚР Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов Хромтау ауданы әкімдігінде біздің облыстағы жұмыс сапарын қорытындылады.

Соңғы 3 жылда «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында Ақтөбенің 42  ауылында жалпы құны 11,8 миллиард теңгеге бағаланған 108 жоба жүзеге асты.  Жобаларды жүзеге асыру барысында 2 072 жұмыс орны құрылды. Оның 278-і — тұрақты жұмыс орыны. Биыл 69 жоба іске асырылып жатыр. Жалпы құны — 6,1 миллиард теңге. Бұл жобалар 33 басым ауылда (26 тірек, 6 спутниктік және 1 стратегиялық) 30 мың тұрғынның өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button