Жастар

Үздіктер Елордаға жолдама алды

«Жасыл ел»

Қаншама жастың жазғы демалысын тиімді әрі қоғамға пайдалы өткізуіне ұйытқы болған биылғы «Жасыл ел» еңбек маусымының жабылу рәсімі өтті.

Шара барысында үздік танылған 32 жасқа Нұр-Сұлтан қаласына жолдама берілді. Сондай-ақ 5 номинация бойынша облыс әкімінің Алғыс хаттары табысталды.

«Атамекен» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұрлыбек Мусиннің айтуынша, биыл облыс бойынша 1050 жауынгер еңбекпен қамтылып, маусым-қыркүйек айлары аралығында көгалдандыру, абаттандыру және құрылыс жасақтары бойынша тиісті жұмыстар атқарылған.

Шарада облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева жылы лебізін білдіріп, белсенді жастарға облыс әкімінің атынан Алғыс хаттар мен жолдамалар табыс етті.

— Биыл «Жасыл ел» еңбек маусымына 74 миллион теңге қаржы бөлінді. Жастар жаз бойы абаттандыру жұмыстарына қатысып, шаһарды көркейтуге өзіндік үлестерін қосты. Маңдай термен тапқан ең алғашқы еңбекақы кім-кімге болса да ыстық екені белгілі. Осы ретте жастардың еңбекпен қамтылуына мүмкіндік берген жұмыс берушілерге, яғни кәсіпорын басшыларына да ризашылығымызды білдіреміз. Өңірдің көркеюі үшін жасалған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек, — деді.

Шарада 32 жас елордаға саяхатқа жолдама алып, «Үздік командир», «Үздік жоғары оқу орны», «Үздік арнайы оқу орны», «Үздік жұмыс беруші мекеме», «Үздік аудан» номинациялары бойынша жеңімпаз атанған азаматтар марапатталды.

«Жасыл ел» еңбек маусымы осымен жетінші рет ұйымдастырылып отыр.  

Биылғы жылдың бір ерекшелігі — жастардың жалақылары 20-30 пайызға өсті. Бұған дейін 80 мың теңге болса, биыл 95 мың теңгеге дейін көтерілді.  

Көгалдандыру жасақтарының көмегімен Мағаджан тәлімбағында 4 жарым гектар жерге 800 мыңнан астам қарағаш, шаған, ақтал, қарақат, жиде ағаштарының тұқымы егілді. Жауынгерлер «Интер стиль», «РусТал», «Алтын құм» сынды қаламыздағы ірі мекемелер арқылы «Нұр Ақтөбе», Батыс-2 аудандарында құрылыс, монтаждау жұмыстарын атқарды. Санитарлық тазалық және абаттандыру жұмыстары бойынша «Таза қала», «Таза жағалау» акцияларсы аясында 70 тоннадан астам күл-қоқыс шығарылды. Сондай-ақ жастар тасжолдардың жигіндегі қураған ағаштарды кесу, талдардың түбін әктеу, жол бойындағы жол белгілерін сырлау, жол жиегін қоқымнан тазарту, бардюрларды әктеу жұмыстарына белсене араласты, — дейді Нұрлыбек Мусин.  

Бүгінде «Жасыл ел» бағдарламасы Қазақстан жастарын жұмысқа орналастыру бағытындағы бірегей бастама. Алғаш рет 2005 жылы «Жасыл ел» еңбек жасағының республикалық штабы құрылды. Облыстық штаб құрамы республика бойынша 2018 жылы «Үздік штаб», 2019 жылы «Үздік сарбаз» және «Үздік жетекші» аталымдарын иеленді.

Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінің оқушысы Бекарыс Ибатулла биыл «Жасыл ел» еңбек жасағына алғаш рет қатысып отырғанын айтады.

— Жазғы демалыста уақытымды тиімді өткізіп, ата-анама қолғабыс еттім. Еңбек маусымында тал егіп, абаттандыру жұмыстарын атқардық.

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласына бір апталық саяхатқа жолдама алып отырмын. Өте қуаныштымын. Бұл жастардың адал еңбек етуі арқылы табыс тауып, бойларындағы жақсы қасиеттерін көрсететін мүмкіндігі деп ойлаймын, — дейді ол.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button