Тәуелсіздік — 30

Қызбелден Қандыағашқа жаяу келді

Газетіміздің өткен санында қазан айының 6 күні Қостанай облысының Қызбел ауылынан жаяу шыққан екі жолаушы туралы жазғанбыз. Олар 730 шақырым жол жүріп, 23 күн дегенде Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданының орталығы Қандыағаш қаласына жетті.

Арғын руынан шыққан Орта жүздің Өтей деген батыры жаугершілік заманда ұрыста қаза тауып,  Атырау облысының Қарабау деген жерінде жерленген. Сол Өтей батырдың ұрпақтары Сәттібек Ысмайылов пен Ерлан Хұсайынов батыр бабасына тағзым ету үшін жаяу жолға шыққан.  Олар «Бабалар ізімен…» атты этномәдени «Қызбел-Қандыағаш-Қарабау» экспедиция жорығын Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнап отыр. Сонымен қатар жолда кезіккен киелі орындар мен көрікті жерлерді суретке түсіріп, мәлімет жинап, ішкі туризмді насихаттамақ.

Бұл сапардың басты ерекшелігі сол — ешқандай көлікке мінбей, 3 облыстың жерін жаяу жүріп өтуге бел байлапты. Қызбелден Қарабауға дейін 1200 шақырым жер. Қазан айының 20-сы күні Әйтеке би ауданының Қарабұтақ ауылына жеткен олар Қандығаш қаласына төте жолмен 9 күн дегенде жеткен.

«Ақтөбе Медиа» ЖШС-на қарасты «Ақтөбе» газетінің тілшілері Қандыағаш қаласына арнайы барып, жолаушыларды күтіп алды. Ұзақ жол жүріп алыстан келе жатқан қонақтарға құрмет көрсетіп, ұлттық тағамдарын ұсынды.

Олар 9 күн шатыр тігіп далаға түнеген. Жолаушылар жолда көрген қызықтарын әңгімелеп, Ақтөбе облысының табиғаты ерекше екені, өздеріне ұнағанын айтты. Айға жуық сапарында оларды жолда кездескен ауыл адамдары ерекше ықыласпен қарсы алыпты.

Мұғалжар тауын кесіп өттік. Жалпы, Ақтөбе аумағында көрікті жерлер өте көп екен. Байментау, Шәкі, Қаракөл сілемдерінің үстімен, қамысты-қопалы Қарағандысайдан өттік. Ақтөбеліктердің қонақжайлылығы, ауыл адамдарының дархан көңілі естен кетер емес. Ауылдары таза әрі құрылыс қарқынды екен. Бірінен-бірі өткен әдемі үйлердің іші де бүгінгі талапқа сай. Әр ауылдың бір ерекшелігі бар. Мал көп. Неше түрлі аңдар кездесті. Алдымыздан киіктер қашты. Ендігі бағытымыз — Темір ауданының орталығы Шұбарқұдық, одан кейін Ойылдан әрі аспақшымыз. Жолымызда жақсы адамдар кездесіп жатыр. Бұл — қазақ елінің пейілінің кеңдігі, ауызбіршілігінің мықтылығы. Менің қуанатыным, қонаққа құрмет көрсету барлық жерде жақсы сақталған екен. Оларға айтар алғысым шексіз, — дейді Сәттібек Ысмайылов.

Ең көп жүргені — бір күнде 53 шақырым жерді артқа тастаған. Күніне 40-45 шақырым жол жүреді. Көп өзендер тартылып қалғандықтан, өткелдерден өту қиынға соқпапты.

Сәттібек Исмайылов сапарға шығар алдында тобығын шығарып алыпты. Орнына қайта салып, жазылуын күтіп жүргенде сапардың да уақыты келіп қалады.  Сосын жолға шығып кетеді. Бірнеше күннен бергі ұзақ жүрістен тобығы ауырып, сәл ақсаңдап келеді екен. Бірақ алға қойған мақсатына жету үшін шыдайтынын айтты. Сәттібек Ысмайылов биыл 54 жасқа толады.  Ал серігі Ерланның жасы 47-де.

«Ақтөбе» газетінің тілшілері жолаушылардың қоржынына шұбат, бауырсақ секілді ұлттық тағамдарды салып жіберді. Жолаушылар шұбаттан дәм татып, өздерінде сирек кездесетін керемет сусын екенін айтып риза болды. Осындай күтіп алуды ұйымдастырған «Ақтөбе» Медиа» басшылығына алғысын жеткізді.

Алда әлі 300 шақырымдай жол бар. Жаңбырлы күндері жолға шықпаймыз. Аман-есен барып келуімізді тілеп қалған ағайын-туыс, бала-шағамыз бар. Менің 7 балам бар. Ал Ерлан 4 баланың әкесі. Ешкімді де алаңдатып, дүрліктірмейік деп ауа райына қарап жүретін боламыз.

Діттеген жерімізге осындай күні жетеміз деп уақыт белгілеген жоқпыз. Сапарымызды одан әрі жалғастыра береміз,  — дейді жолаушылар.

Алыстан келе жатқан оларды мұғалжарлық кәсіпкер Жанат Айтпағанбетов күтіп алып, өзінің мейрамханасына ас дайындатып, қонақүйіне жайғастырды. Сол жерден киімдерін жуғызып, моншасына түскен жолаушылар алғысын айтып, ертемен жолға шығып кетпек.

Бағыттары Атырау облысы, Қызылқоға ауданының Қарабау ауылы. Жолың болсын жолаушы, алда ұзақ жол…

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button