Жаңалықтар

Облыс «сары» аймаққа енді

Тікелей эфир

Облыста соңғы тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 54 жағдай тіркелді. Бұл туралы «Вакцинация мен КВИ бойынша ағымдағы жағдай туралы» тікелей эфир барысында облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Гүлбану Дәулетова мен облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров баяндады.

Гүлбану Дәулетованың айтуынша, 54 жағдайдың ішінде 43-інде ауру симптомдары болса, қалғаны — симптомсыз.

  • ​​​​Жалпы облыста коронавируспен ауырған 34 266 жағдай тіркелді, оның ішінде 76,3 пайызы ауру белгілерімен (26 148) және 23,7 пайызы — симптомсыз (8118) жағдай. 33 297 науқас жазылып шықты.

Жалпы тіркелген 34266 науқастың 0,7 пайызы — ауруды сырттан әкелгендер, 11,9 пайызы — ауру адаммен қарым-қатынаста болғандар, 87,3 пайызы — жергілікті жағдайлар, оның ішінде 17,7 пайызы — профилактикалық мақсатта тексерілгендер.

​​​ Қазіргі таңда үй карантиніне 8271 адам алынып, оларға медициналық бақылау жүргізілуде, — деді ол.

Гүлбану Дәулетованың айтуынша, бүгінгі күні облыста 4291 кәсіпкер «Ashyq» жобасына қатысуға өтініш беріп, QR-кодтары жүктелген, оның ішінде «Көшбасшы» мәртебесі бар қатысушылар саны – 143. Бағдарлама енгізілгеннен бастап өңірде «Ashyq» жобасына қатысатын «сары» статусы бар 245 және «қызыл» статусы бар 359 адам анықталған. Нәтижесінде «қызыл» статусы бар 117 жеке тұлғаға «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 425-бабы 1-тармағымен әкімшілік шара қолданылып, 5 163 070 теңгеге айыппұл салынған.

— Қазіргі таңда инфекциялық ауруханаларда 214 адам ем алуда. Жансақтау бөлімінде 27 науқас ем алып жатыр. Жансақтау бөліміндегі науқастардың 3-еуі — жасанды желдету аппаратына, 12-сі өкпені инвазивті емес желдету аппаратына қосылған.

Карантиндік стационарларда 2 адам бақылауда. Ал 53 бала медициналық қызметкерлердің қарауында. Оның ішінде 2 бала стационарда ем алып жатыр.

Жалпы, стационардағы кереуеттердің 31,8 пайызы, жансақтау бөліміндегі кереуеттердің 29 пайызы толық. Өңірдегі 12 зертханаға індет басталғалы 977 930 ПТР-тест әкелінді, соңғы тәулікте 2191 зерттеу жүргізілді, — деді Б.Ізбасаров.

Айта кету керек, Ақтөбе облысы 29 қазаннан бастап «сары» аймаққа енді. ҚР Бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес өңірде эпидемиологиялық жағдай 5 күн ішінде тұрақталмаса, жаңа қаулы шығады, соған сәйкес шектеулер енгізіледі.

Тікелей эфир соңында эпидемиолог мамандар тұрғындарды көпшілік жерлерде, көшелерде бетперде тағып, сақтанып жүруге шақырды. Сондай-ақ індеттен қорғанудың жалғыз жолы — екпе алу екенін атап өтті.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button