Жаңалықтар

Халықтың 97,3 пайызы санақтан өтті

Ұлттық халық санағы арқылы халық өмірінің экономикалық, әлеуметтік, демографиялық аспектілері бойынша ең қажетті, маңызды мәліметтер жинақталады.

Елімізде биыл тәуелсіздік алғалы бергі уақыттағы үшінші санақ өткізіліп жатыр.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ұлттық халық санағының біздің облыста қалай жүріп жатқаны жөнінде айтылды. Брифингке облыс әкімінің бірінші орынбасары Руслан Хамбаров пен біздің облыс бойынша Ұлттық статистика бюросының басшысы Жолдасқали Бейісов қатысты.

Руслан Хамбаров облыс халқының санаққа белсенді түрде қатысып отырғанын айтты.

— Біріккен Ұлттар Ұйымы тарапынан әр елде 10 жылда кемінде бір рет халық санағын өткізу ұсынылады. Оның қорытындысы бойынша алынған ақпарат тұрғын үй құрылысы, демографиялық және көші-қон процестері, әлеуметтік сала, жұмыспен қамту және басқа да салаларды дамыту бағдарламаларын сапалы жүзеге асыру мен жетілдіру үшін қажет, — деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.

Оның айтуынша, бүгінгі күні облыста халықтың 97,3 пайызы, яғни 877 847 мың адам санақтан өткен. Оның ішінде 45,7 пайызы немесе 412 мың адам онлайн режимінде өтті. Ал 461 мың адамның (51,1 пайыз) мәліметтері дәстүрлі аралау арқылы жинақталған. Аудандарға қарағанда, облыс орталығы, яғни Ақтөбе қаласының тұрғындары санаққа белсенді қатысып отыр.

Біздің облыс бойынша Ұлттық статистика бюросының басшысы Жолдасқали Бейісов санақтан әлі өтпеген тұрғындарды оған қатысуға шақырды.

— Биылғы халық санағы 1 қыркүйек пен 30 қазан аралығында өтеді. Дегенмен мәліметтерді жинақтау, тіркеу келесі жылдың 8 қарашасына дейін жалғаса береді, — деді ол.

 Айна САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button