Спорт

Қарсаңда

Премьер-Лига

«Тұран»-«Ақтөбе» — 1:2

25-турдың кездесулері 24 қазан күні өтті. Бұл тур биылғы чемпионды да, келер жылы Еуропа кубоктары ойындарына жолдама әперуі мүмкін төртінші орын иесін де анықтап бере алмады. Бұл сауалдардың жауабы соңғы 26-тур кездесулеріне қалдырылды.

Алматыда «Қайраттан» жеңілген «Астана» биыл топ жарып шығу мүмкіндігін кәдімгідей төмендетіп алды.

Қостанайда «Шахтерді» 4:1 есебімен ұтқан «Тобыл» биыл чемпиондық тәжге ие болуға тағы бір мығым қадам жасады.

Өз алаңында ұтылып қалған «Тараз» чемпионат қорытындысында шымкенттік «Ордабасы» командасының төртінші орын алуына мүмкіндік жасайтын ыңғайлы «көмек» көрсетті.

Сырт алаңда «Атыраумен» тең ойнаған «Қызылжар СК» бесінші орынға сырғып түсіп, төртінші орынға ие болу мүмкіндігін соңғы турға жылжытты.

Чемпионаттың бірінші кезеңінде тым тәуір ойнағанымен, кейін сол қарқынды жоғалтып алған «Каспий» мен «Ақжайық» Ақтауда тең ойнады.

Қызылордада «Жетісу» командасы «Қайсарды» 1:0 есебімен ұтты. Дегенмен бұл екі команда да биыл Премьер-Лиганы тастап шығатындықтан кездесу есебі жанкүйерлерді аса қызықтыра қоймады.

Қазірге дейін чемпионатта 182 кездесу өткізіліп, 446 гол соғылды. Орта есеппен әр ойында өткізілген гол — 2,55.

*   *   *

Бұл турда «Ақтөбе» Түркістанда «Тұран» командасымен кездесті.

Әрине, «Ақтөбе» алғашқы төрттікке ілігу мүмкіндігін бұған дейін қолдан шығарып алғаны белгілі. Ал жоғары топқа биыл қосылған «Тұран» бірінші топқа түсіп қалу қаупінен тыс еді. Сол себепті бұл екі команданың алдына қойған аса маңызды мақсаты жоқ та сияқты көрінетін.

Дегенмен ақтөбеліктер, бір жағынан, жаңа бапкер Владимир Муханов келгелі бергі жинаған тәжірибесін көрсетіп, екінші жағынан, келесі жылы қарсыластарды қандай команда күтіп тұратынын еске салуы қажет еді. Ал «Тұран» бір саты болса да ілгері жылжудан үмітсіз емес-ті.

Сол себептен де ойын бірден қызу тартысқа құрылды. Ақтөбеліктер салған жерден алаң иелерінің қақпасын торуылдауды бастап кетті. Дегенмен жерлестеріміздің бірді-екілі шабуылдары нақты нәтиже бере қойған жоқ. Әйтсе де қонақтар алған мақсатынан тайқымады. Мысалы, осы кездесуде еңбекқорлығымен көзге түскен орталық қорғаушы Темірлан Ерлановтың қарсыластардың дәл қақпасы алдынан жасаған соққысы қиыс кетті.

Дегенмен сол тынымсыз қимылдар 18-минутта нәтижесін де берді. Кезекті шабуыл барысында алаңның орта тұсы шамасында жүрген Дмитрий Коркишко аяғына тие қалған допты дәл алдында заулап бара жатқан Виталий Балашовқа тастады. Виталий оны іліп әкетті де, сәл ілгері ұмтылып, оңтайына келтіріп алды да, дереу сол аяқпен көлденеңдете қақпа маңына қарай көлденеңдете тепті. Тұрандық екі қорғаушыны көктей өткен доп сол жерге жетіп келген Эрвейн Мукамның дәл алдына зырлап жетті де, Мукам еш ойланбастан сол аяқпен шапшаң соққы жасады. Доп жібек торды бүлк еткізді — 0:1.

Әрине, «Тұран» да есе қайтаруға тырысып бақты. Өз алаңында өтіп жатқан биылғы соңғы ойында ұтылу олардың да жоспарында болмағаны мәлім ғой. Алаң иелері бір допты нысанаға жеткізді де. 36-минутта біздің қақпаның сол жағынан орындалған бұрыштама арқылы келген допты Темірлан Әміров голға айналдырды — 1:1.

Бірінші тайм осы есеппен аяқталды.

Екінші таймда «Ақтөбе» қайтадан басымдыққа ие болды. Әттең, есепті ұлғайтуға болатындай мүмкіндіктерді жерлестеріміз пайдалана алмай қалып жатты. Дегенмен бұл олқылықтың да орны толды.

Екінші таймның орта шенінде алаң иелері ойын ережесін бұзды, яғни біздің футболшыны айып алаңын тақау маңда шалып құлатты. Бұл тұстан қақпаға тіке соққы жасауға әбден болатын еді. Қонақтар солай шешті де, ал тұрандықтар допты жібермеудің амалын ойлап, тізіле сап құрады. Бұл соққыны орындауды Виталий Балашов міндетіне алды. Нүктеде тұрған допқа екі аттап қана жетіп келген ол әлгі допты бірден тұрандықтар тізіле құрған саптың үстінен асыра тепті. Дәл мұндай қитұрқы соққыны күтпеген тұрандық қақпашы Андрей Пасеченко қапы қалды, кешіге қимылдап, ауа қармап қала берді — 1:2.

Сөйтіп, біз соққан бірінші гол Виталий Балашов берген пас арқылы орындалса, екінші голды Виталийдің өзі соқты.

Бұдан соң да екі команданың арасында қарама-қарсы шабуылдар болып жатты. Бірақ бір-бірімен түсінісе қимылдаған біздің футболшылар алаң иелеріне есепті екінші рет теңестіруге мүмкіндік бермеді.

Осылайша жерлестеріміз Түркістан қаласынан үш ұпай әкелді. Әрине, соның нәтижесінде турнир кестесіндегі алтыншы орынға қайтадан оралды.

«Тұран»-«Ақтөбе» — 1:2

Гол авторлары: Эрвейн Мукам, 18-минут (0:1), Темірлан Әміров, 36-минут (1:1), Виталий Балашов, 66-минут (1:2).

Ескерту қағазын алғандар: Александр Чиж, 2-минут, Темірлан Әміров, 69-минут, Стефан Живкович, 90+3 минут («Тұран») — Рустам Темірхан, 62-минут, Артурас Жулпа, 76-минут, Темірлан Ерланов, 78-минут («Ақтөбе»).

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Жасұр Нарзиқұлов (қақпашы), Рустам Темірхан, Темірлан Ерланов, Артурас Жулпа, Юрий Логвиненко (капитан), Йоахим Адукор, Дмитрий Коркишко (Максим Самородов, 69-минут), Дмитрий Шомко, Әділхан Таңжарықов, Эрвейн Мукам (Максим Федин, 90+3 минут), Виталий Балашов (Дидар Жалмұқан, 84-минут).

Бас бапкер —  Владимир Муханов.

24 қазан 2021 жыл. Түркістан қаласы, «Түркістан Арена» стадионы. 250 адам.

Еске сала кетсек, бірінші айналымда, 23 мамырда өз алаңымызда «Тұраннан» 0:2 есебімен ұтылғанбыз.

*   *   *

Біздің мергендеріміз:

Игорь Сергеев, шабуылшы — 7 доп;

Эрвейн Мукам, жартылай қорғаушы — 4 (1);

Рифат Нурмугамет, жартылай қорғаушы — 3;

Боян Дубайич, шабуылшы — 3;

Юрий Логвиненко, қорғаушы — 3;

Дидар Жалмұқан, жартылай қорғаушы — 2;

Максим Самородов, жартылай қорғаушы — 2;

Виталий Балашов, жартылай қорғаушы — 2;

Максим Федин, жартылай қорғаушы — 2 (1);

Еркебұлан Нұрғалиев, жартылай қорғаушы — 1;

Михаил Йерабек, қорғаушы — 1;

Юрий Перцух, жартылай қорғаушы — 1;

Дмитрий Коркишко, шабуылшы — 1;

Темірлан Ерланов, қорғаушы — 1.

(Жақшаның ішінде — пенальтиден соғылған доптар есебі).

(1 автогол иесі — Нұралы Әліп, «Қайрат»).

Жерлестеріміз 25 кездесу өткізіп, 9 рет жеңді, 6 рет тең түсті, 10 рет ұтылды. Ұпай саны — 33. Доп айырмашылығы — 34:35.

*   *   *

Басқа кездесулер:

«Тараз»-«Ордабасы» — 1:2

Гол авторлары: Абдуллай Диакате, 27-минут (0:1), Карам Султанов, 33-минут (0:2),

Арман Нүсіп, 77-минут (1:2).

24 қазан 2021 жыл. Тараз қаласы, Орталық стадион. 3000 адам.

«Қайсар»-«Жетісу» — 0:1

Гол авторы: Артем Дмитриев, 38-минут (0:1).

59-минутта екінші рет ескерту қағазын алған Ильяс Әмірсейітов («Қайсар») алаңнан қуылды.

24 қазан 2021 жыл. Қызылорда қаласы, Ғ.Мұратбаев атындағы стадион. 950 адам.

«Каспий»-«Ақжайық» — 2:2

Гол авторлары: Алексей Залеский, 15-минут (1:0), Алексей Залеский, 30-минут, пенальти (2:0), Алексей Чичиков, 46-минут (2:1), Михаил Гащенков, 67-минут (2:2).

24 қазан 2021 жыл. Ақтау қаласы, «Жас қанат» стадионы. Көрерменсіз өткізілді

«Атырау»-«Қызылжар СК» — 0:0

24 қазан 2021 жыл. Атырау қаласы, «Мұнайшы» стадионы. 1000 адам.

«Тобыл»-«Шахтер» — 4:1

Гол авторлары: Александр Марочкин, 16-минут (1:0), Игорь Сергеев, 31-минут (2:0), Азат Нұрғалиев, 56-минут (3:0), Элгуджа Лобжанидзе, 83-минут (4:0), Андрей Георгиади, 87-минут (4:1).

24 қазан 2021 жыл. Қостанай қаласы, «Тобыл Арена» стадионы.1500 адам.

«Қайрат»-«Астана» — 1:0

Гол авторы: Небойша Косович, 8-минут (1:0).

24 қазан 2021 жыл. Алматы қаласы, Орталық стадион. 9500 адам.

*   *   *

25-турдан соң командалар турнир кестесіне төмендегідей ретпен орналасты:

  1. «Тобыл» (Қостанай) — 58 ұпай;
  2. «Астана» (Нұр-Сұлтан) — 56 ұпай;
  3. «Қайрат» (Алматы) — 50 ұпай;
  4. «Ордабасы» (Шымкент) — 38 ұпай;
  5. «Қызылжар СК» — 36 ұпай;
  6. «Ақтөбе» (Ақтөбе) — 33 ұпай;
  7. «Ақжайық» (Орал) — 32 ұпай;
  8. «Шахтер» (Қарағанды) — 30 ұпай;
  9. «Каспий» (Ақтау) — 29 ұпай;
  10. «Тараз» (Тараз) — 29 ұпай;
  11. «Атырау» (Атырау) — 28 ұпай;
  12. «Тұран» (Түркістан) — 25 ұпай;
  13. «Қайсар» (Қызылорда) — 16 ұпай.
  14. «Жетісу» (Талдықорған) — 15 ұпай.

Сертификация жөніндегі комиссияның шешімімен «Жетісу» командасынан үш ұпай шегерілгенін еске саламыз.

*   *   *

Биылғы соңғы, 26-тур ойындары 30 қазан, сенбі күні өтеді:

«Жетісу» — «Қайрат»

«Астана» — «Тұран»

«АҚТӨБЕ» — «КАСПИЙ»

«Ақжайық» — «Тобыл»

«Қызылжар СК» — «Ордабасы»

«Шахтер» — «Атырау»

«Тараз» — «Қайсар»

 Е.АҚАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button