Құқық

Сазан аулаймын деп…

Осы аптада облыс аумағында «Браконьер» жедел алдын алу айлығы басталды.

20 қарашаға дейін өткізілетін іс-шараның негізгі мақсаты — табиғат қорғау заңнамасын бұзу деректерін, биологиялық ресурстар объектілері мен өнімдерінің заңсыз айналымын анықтау мен жолын кесу, экологиялық қылмыстық құқықбұзушылықтарды ашу.

Шараның алғашқы күнінде мобильді топ табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 19 фактісін анықтады, оның 14-і — жануарлар дүниесін пайдалану талаптарын және аң аулау қағидаларын бұзуға, ал 5-еуі балық аулау және балық ресурстары мен басқа да су жануарларын қорғау қағидаларын бұзуға қатысты.

Мысалы, осы жедел алдын алу іс-шарасы басталған күні Ырғыз ауданының табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері Ырғыз ауылынан 110 шақырым жерде орналасқан Торғай көлінде сазан тұқымдас балықтарды заңсыз аулаумен айналысқан екі жергілікті тұрғынды ұстады. Тергеу әрекеттері барысында ұсталған адамдардан балық аулауға арналған құралдар, 3 ау, резеңке қайық, сондай-ақ жалпы салмағы 50 килограмға жуық сазан балығы тәркіленді. Аталған факті негізінде Қылмыстық Кодекстің 335-бабы 3-бөлігі «Балық ресурстарын, басқа су жануарларын немесе өсімдіктерін заңсыз өндіру» бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Облыстық полиция департаментінің басшылығы Қызыл кітапқа енген жануарларды қорғау және сақтау жұмыстарын ерекше бақылауда ұстайды, сондай-ақ облыс тұрғындарын табиғатты қорғау заңнамасының нормаларын сақтауға шақырады.

А.БАЛЖАНАЙ.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button