Білім

Гуманитарлық білімнің маңызы зор

Ерболат ЖАРАСБАЕВ,

гуманитарлық ғылымдар магистрі,

оқытушы.

Ғылымның қарыштап дамыған заманында әлемнің үздіктерімен бәсекелесе алатын заманға сай мамандар даярлау — мемлекетіміздің басты қажеттілігі.

Осы орайда Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы қолға алынып, іске аса бастады. Нәтижесінде гуманитарлық салада 100 кітап аударылып, еліміздің түкпір-түкпіріндегі оқу орындарына таратылды. Бұл — қазақстандық жастарға жасалған теңдесі жоқ сый. Қазақ тіліне аударылған әлемнің үздік ғылыми туындыларына оңай қол жеткізу өрелі ұрпақтың санасын жетілдіруде мықты құралға айналатыны белгілі. Дамыған алдыңғы қатарлы мемлекеттердің жетістіктерімен танысу мүмкіндігі туып, өз тәжірибелерінде қолдануға жол ашылды.

Қазіргі таңда еліміздегі жоғары оқу орындары әмбебап маман даярлауды мақсат етеді. Біз де ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген білікті маман мен кемел тұлғаны қалыптастыруды мақсат етеміз. Осы ретте гуманитарлық білімнің рөлі арта түсері анық. Жастардың рухани жаңғыруын жүзеге асыратын, қазақи ұлттық құндылықтарды бойына дарытатын және жаһандық әлемде басқа халықтардың озық идеяларын оқытатын — гуманитарлық білім. Философия, әлеуметтану, саясаттану, мәдениеттану секілді әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдарды оқу барысында толыққанды жетілген, жан-жақты, сауатты мамандар шығатыны сөзсіз. Оқырмандар аталған жоба аясындағы кітаптармен танысу барысында ғылымдағы әлем бойынша өзекті мәселелер мен тұжырымдарға қол жеткізуге мүмкіндік алады. Бұл оқулықтар басқа халықтардың дүниетанымын түсінуге, жетістіктерін үйренуге, ғылыми сұхбат құруға көмектеседі. Елбасы өзінің бағдарламалық мақаласында гуманитарлық білімнің маңызын ерекше атап көрсеткен болатын. Дүниежүзінде болып жатқан процестерді түсіне білу, оларды саралап, ой елегінен өткізу, оң немесе теріс жақтарын анықтау және болашаққа ғылыми болжам жасау — заман талабы. Сондықтан гуманитарлық білімді оқытуды қолға алу — қазіргі заманға сай мамандар даярлаудың басты жолы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button