Жаңалықтар

Бюджет нақтыланды

Облыстық мәслихаттың бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік, заңдылық, құқықтық тәртіп және жұртшылықпен жұмыс мәселелері, құрылыс, көлік, сауда, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және цифрландыру мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы өткзілді. Шара барысында депутаттар «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы жобаларды қаржыландыру, бюджетті нақтылау, жасыл желектерді күтіп ұстау, абаттандыру және жолаушыларды әлеуметтік маңызы бар тасымалдау тарифтерін қамтитын бірқатар мәселелерді талқылады.

Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлқасима Сүйінтаева депутаттардың қарауына қандай нақтылаулар ұсынылатынын баяндады. Дәлірек айтқанда, жалпы сомасы 5 702 278 мың теңгеге нақтылау жүргізілетінін хабарлады. Бұл қаражат спорт объектілерін, тұрғын үйлерді, сумен жабдықтау, газбен жабдықтау объектілерін, инженерлік желілерді салу, әлеуметтік объектілерді күрделі жөндеу және басқа да басым бағыттарға бағытталатын болады.

Мәселен, мектеп, тұрғын үй, спорт, мәдениет нысандарының құрылысына, газдандыруға, коммуникация құрылысына және басқаларына 2 179 484,0 мың теңге бөлу шешілді.  Білім басқармасына — 121 521,0 мың теңге, денсаулық сақтау саласына — 588 737,0 мың теңге, әлеуметтік бағдарламалар — 416 000,0 мың теңге,  спорт саласына — 110 814,0 мың теңге, мәдениет саласына 160 483,0 мың теңге бөлу ұсынылды.

Отырыста сондай-ақ жасыл желекті күтіп ұстау және қорғау, абаттандыру қағидалары, жолаушыларды әлеуметтік маңызы бар тұрақты тасымалдау тарифтері және т.б. мәселелер қаралды.

Ақтөбе облыстық мәслихатының баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button