Басты бет » Пікір » Сапалы білім — ел дамуының кепілі

Сапалы білім — ел дамуының кепілі

Жайдарман ҒАНИБАЕВА,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті,

 тарих және дінтану кафедрасының аға оқытушысы, 

тарих ғылымдарының кандидаты.

Биылғы Жолдаудың өзіндік ерекшеліктері бар. Ол алдымен Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында  жарияланып отыр. Және еліміз тәуелсіздіктің жаңа төртінші онжылдығына аяқ басуда. Президент өз сөзінде: «Біз үшін ең маңыздысы — еліміздің әрбір азаматының тәуелсіздіктің игілігін сезіне алуы, ал оның көрінісі елдегі бейбіт өмір, қоғамдағы тұрақтылық, халықтың тұрмыс жағдайының жақсаруы, жастардың болашаққа сеніммен қарауы», — деп айрықша атап өткен болатын.

Жолдауда білім, ғылым саласына қатысты өзекті мәселелер көтерілді.  Биылғы оқу жылында педагогикалық мамандықтарға оқуға түсушілердің түсу балы жоғарылады және осы мамандықтарда білім алып жатқан студенттердің стипендиясы 26 мың теңгеден 42 мың теңгеге өсті. Мұны   келешекті тәрбиелейтін, оларға білім беретін педагогтер қауымына көрсетілген үлкен қолдау деп түсінген абзал. Білімді ұрпақ — біздің болашағымыз. Сондай-ақ дарынды балаларды жан-жақты қолдау мақсатында алдағы уақытта қосымша графнттар бөлініп, халықаралық пәндік олимпиада жүлдегерлеріне бір реттік сыйақы төленетін болды. Президент қазіргі білім беру жүйесіне білікті, жігерлі  мамандар қажеттігі туралы айтты. Білікті, білімді педагог дайындау мәселесі барша жоғары оқу орындарының алдына жүктелген міндет.  Сондықтан  қазіргі таңда жаңа білім бағдарламаларын даярлау мәселесі маңызды орында тұр.

Оқу жылының басынан бері қазақстандық жоғары оқу орындарында 300-ден астам жаңа білім беру бағдарламасы енгізілді. Олар еңбек нарығындағы сұраныстар мен жұмыс берушілердің мамандарға қоятын талаптарына сәйкес бейімделіп әзірленген. Бұл жаңа оқу бағдарламалары бойынша болашақ педагогтерді, құрылысшылар мен инженерлерді, менеджерлерді, экономистер мен заңгерлерді және басқа да мамандарды оқытады. Және елімізде «Bilimdi ult» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға қарай сұранысқа ие мамандықтар бойынша жастарды тегін техникалық және кәсіптік біліммен 100 пайыз қамту көзделіп отыр. Ал сұранысқа ие мамандықтар бойынша білім гранттарының саны да 50 пайызға өспек.

Президент ғалымдарға лайықты жалақы төлеу мәселесі, ғылыми жобаларға гранттық қаржыландыруды арттыру, қаржыландыруды бес жылға дейін ұзарту мәселелерін де баса айтты.

Ендігі міндет — әрбір қазақстандық осы Жолдауда белгіленген бағдарламалардың іске асуына өз үлесін қосуы қажет. Сонда ғана еліміздің келешегі кемелді болмақ!