Жаңалықтар

Пара алушылар азаймай тұр

Кеше облыстың сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі биылғы 9 айдағы жұмыс қорытындысы бойынша брифинг өткізді.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары Асхат Жақыпбековтің айтуынша,  жыл басталғалы 56 қылмыстық іс тіркелген.

Егер құқықбұзушылықтардың құрамына тоқталатын болсақ, есепті кезеңде пара берудің 10, пара алудың 7 дерегі белгілі болды. Сол сияқты қаражат жымқырудың 6 және алаяқтықтың сонша фактісі анықталып отыр. Мұндай әрекетті көбінесе құқық қорғау органдарының, әкімдіктер мен құрылымдық бөлімшелердің қызметкерлері жасаған. Лауазымды тұлғалар, негізінен, мемлекеттік сатып алу туралы шарттар жасасуға, орындалған жұмыстардың актілеріне қол қоюға, жұмысқа орналастыру, әкімшілік жауапкершілікке тартпау бойынша пара алған. Осы жылғы ең үлкен пара — 6 миллион теңге, — деді ол. 

Спикер Антикор орталығы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің «Республикалық ветеринарлық зертхана» облыстық филиалының директоры мен қызметкерлеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын жүргізіп жатқанын мысал ретінде келтірді. Аталған лауазымды тұлғалар аудандық ветеринарлық зертханаларды жөндеу бойынша қитұрқы әрекеттерге барып, 1 миллион теңгеден астам қаражат көлемінде пара алғаны үшін күдікке ілінген.

Сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру шаралары мен  мониторингтік жұмыстардың аужайы айтылды.

Құжаттарда бағаны асырып көрсету деректері де азаймай тұр. Айталық, 25 мекеме сондай қулыққа барған.

— Тауарлар мен қызметтердің бағасын асыруға көбінесе мәдениет, білім беру және спорт мекемелері жол берген. Мәселен, аудандық мектеп-интернаттардың бірінде нан мен ет сынды азық-түлік өнімдерін нарықтық бағадан әлдеқайда жоғары бағамен сатып алу жоспарланған. Сол арқылы 10 миллион теңге жымқырмақшы болыпты. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет іске уақтылы араласып, қылмыстың алдын алды. Сонымен қатар оқушылардың пандемияға байланысты онлайн форматқа ауысуына қарамастан, ауқымды бюджет қаражаты мектептерде тамақтандыруды ұйымдастыруға жұмсалып кете жаздады. Департамент бюджет қаражатының осылай мақсатсыз жұмсалуына жол бермеді, — деді басшының бірінші орынбасары.

Брифинг барысында жоғарыда аталған департаменттің орынбасары Халымжан Маматаев та сөз сөйледі.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button