Жаңалықтар

Шәкіртақы неліктен кешіктіріліп жатыр?

Редакцияга хат

Байланыс телефоны: 8-771-105-96-55

«Мен биыл тамыз айында жергілікті бюджет қаражаты есебінен бөлінген грантқа ие болып, Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетіне оқуға түстім. Барлық тиісті құжаттарды тапсырдым. Қазан айының ортасынан асып барады. Қыркүйек айының шәкіртақысы әлі күнге түскен жоқ. Неліктен кешіктіріліп жатыр?» — деп хат жолдапты аталған университеттің 1-курс студенті Қ.Сағынбай газетіміздің әлеуметтік желідегі парақшасына.

РЕДАКЦИЯДАН:

Біз осы мәселеге байланысты облыстық білім басқармасына хабарласқан едік. Басқарма басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова былайша түсіндірді:

— Биылғы оқу жылына жергілікті бюджет қаражаты есебінен бакалавриат білім беру деңгейі бойынша 51, резидентураға 29, барлығы 80 орынға грант бөлінді. Бұл гранттар өңірдің еңбек нарығының қажеттілігін ескере отырып, білім беру бағдарламаларының топтары бойынша анықталды.

Жоғары білімі бар кадрларды даярлау үшін 5 бағыт бойынша жергілікті бюджет қаражаты есебінен берілген, гранттың иегерлері анықталды. Грант иегерлерінің тізімі облыстық білім басқармасының ресми сайты мен инстаграм әлеуметтік желісінде жарияланды. Ақтөбе облысы әкімдігінің қаулысымен бекітілді.

Біздің облыстың бюджеті есебінен бөлінетін грант иегерлеріне Қазақстан Республикасы Үкіметінің 7.02.2008 жылғы №116 қаулысына сәйкес шәкіртақы төленеді.

Шәкіртақы аударылу үшін грант иегерлері оқып жатқан жоғары оқу орны келісімшартқа сәйкес порталға акт жұмысын жібереді. Содан соң облыстық білім басқармасы оқу ақысы мен шәкіртақы сомаларын аударады.

Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті биыл 19 қазан күні 2021-2022 оқу жылында оқуға түскен 1-курс студенттерінің акт жұмыстарын ұсынды (2, 3, 4-курс студенттеріне бұдан бұрын қаражат аударылды). Шәкіртақының кешігу себебі — грант иегерлерінің арасында шәкіртақы аударылу үшін банк есепшоты карталарының дайын болмауы. Облыстық білім басқармасы университеттің шотына қаражатты аударды, әрі қарай білім беру ұйымы өз студенттеріне аударатын болады.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button