Спорт

Ерекше күрес кеші

Қазан айының 23-і күні Ақтөбедегі Жекпе-жек сарайында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Қажымұқан Мұңайтпасовтың 150 жылдығына арналған еркін күрес пен грек-рим күресінен турнир өтеді.

«Wrestling Stars» деп аталатын күрес кешіне Лондан Олимпиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Нұрислам Санаев бастаған атақты балуандар қатыспақ. Сонымен қатар боз кілемде белдесетіндердің қатарында А.Резников, Е.Ерғалиев, Н.Қайпанов, С.Морозов, Ю.Батырмырзаев, И.Құдайбергенов, Қ.Хамитов, А.Әшімов сынды тағы басқа спорт саңлақтары бар.

Бұл сайыстың ерекшелігі  киноактер Асылхан Төлепов пен Ғазрет Қажымұқанұлы бастаған өнер жұлдыздары да қатысып, бақтарын сынайды. «Wrestling Stars» еркін күрес кеші басқа турнирлерге қарағанда, көптеген ерекшеліктерімен есте қалмақ.

Еркін күрестен «Wrestling Stars» кешінің тұсауы алғаш рет кесілгелі отыр. Келесі жылдан бастап бұл шара халықаралық деңгейде жалғасын таппақ. Бұл сайыста барлығы еркін күрес бойынша белдеседі. Тек Қуат Найман мен Әсет Иманбаев грек-рим күресінен өнер көрсетеді. Жүлде қоры — 12 миллион теңге.

Балуандар бір ғана қарсыласпен күреседі. Тағы бір қызығы, жеңген балуан 500 мың теңге сыйлық алса, жеңілген балуанға да 300 мың теңге беріледі. Барлығы 15 жұп белдеседі. Өнер жұлдыздары жаздай дайындалды. Олар күрес өнерін жақсы меңгерген, — дейді «Wrestling Stars» жобасының авторы, ұйымдастырушысы Дәурен Жабасов.

Самат ЕСЕНҚҰЛ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button