Тәуелсіздік — 30

Әр қазақтың қастерлі құбыласы…

2011 жыл елімізде «Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 20 жылдығы» жылы болып жарияланды.

Бұл жыл маңызды оқиғаларға толы жыл болды. 30 қаңтар мен 6 ақпан аралығында еліміз VII қысқы Азия ойындарын өткізді.

3 сәуірде елімізде кезектен тыс Президент сайлауы өтті. Қорытындысында сайлаушылардың 95,5 пайызы Нұрсұлтан Назарбаевты жақтап дауыс бергені хабарланды, ал Президенттің қызметіне ресми кірісуіне орай салтанатты рәсім 8 сәуірде өтті.

25 мамырда елордадағы Тәуелсіздік сарайында Дүниежүзі қазақтарының IV құрылтайы салтанатты түрде ашылды. Тәуелсіздіктің 20 жылдығымен тұспа-тұс келген жиын «Қазақстан — дүниедегі әр қазақтың қастерлі құбыласы» деген тақырыппен өткізілді. Құрылтай 27-сіне дейін созылды. Дүниежүзінің әр түкпірінен келген қазақтар бір-бірімен араласып, ұлттық спорт түрлерінен бақ сынасты, сондай-ақ қазақ күресі мен асық атудан, тоғызқұмалақ пен құс салудан көрсетілімдер ұйымдастырылды.

16 желтоқсанда елордада Мәңгілік Ел қақпасының ашылу салтанаты өтті.

 Ел мерейі

 2011 жылдың қысы VII қысқы Азия ойындарының біздің елімізде өтуімен есте қалды. Азия — әлемдегі ең алып құрлық. Бірақ Азияның көп елінде қыс маусымы болмайды, сондықтан ол мемлекеттерде қысқы спорт та дамымаған. Соның өзінде 2011 жылғы қысқы Азиадаға 27 елден 4 мыңның үстінде спортшы қатысты. Спорттың 11 түрінен барлығы 69 медаль жиынтығы сарапқа салынды.

Қазақстан ұлттық құрамасының алдына бірден-ақ бұл додада ең үздік үштіктен көріну міндеті қойылды. Әрине, алдыңғы үш орынды бұған дейін Жапония, Қытай мен Оңтүстік Корея бөлісіп келген еді. Басқалардың арманы төртінші орыннан әрі аспайтын. Дегенмен допты хоккей, хоккей, т.б. спорт түрлерінен біздің спортшылардың Азияда көшбасшы саналатыны, сондай-ақ шаңғы, коньки және мәнерлеп сырғанаудан жас спортшылардың соңғы нәтижелері ескеріліп, өз елімізде өтетін Азиадада үздік үштікке ену мақсаты алға қойылды. Ал нәтиже күткендегіден жоғары болды: Қазақстан құрамасы бұл Ойындарды бірінші орынмен аяқтап, ел мерейін өсірді. Сарапқа салынған 69 алтын медальдың 32-сін біздің спортшылар жеңіп алып, басқаларын — 37 алтын медальды — Азияның үш алыбы бөлісті. Екінші орынға Жапония орнығып, ал Оңтүстік Корея үздік үштікті түйіндеді. Қытай 11 алтын жүлдемен төртінші орын алды.

Еліміздің спортшылары 32 алтынға қоса, 21 күміс, 17 қола, барлығын қоса есептегенде 70 медаль иемденді. Бұл Азиададағы табысымыз, басқасын айтпағанда, кейінгі 10 жыл ішінде қысқы спорт түрлері бойынша елімізден: 2014 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, 2013 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен, 2019 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, ересектер арасында сальхов (төрт рет айналып секіру) жаттығуын ең алғаш орындаған мәнерлеп сырғанаушы ретінде спорт тарихына енген Елизабет Тұрсынбаева, 2013 жылғы әлем чемпионы, конькиші Денис Кузин, 2018 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, 2019 жылғы әлем чемпионы, фристайлшы Юлия Галышева сынды әлемдік деңгейдегі спортшылардың шығуына ықпалын тигізді.

VII қысқы Азиадада жүлдегер атанған спортшылар арасында ақтөбеліктер де болды. Мысалы, хромтаулық Сұлтан Қадыржанов допты хоккейден ұлттық құраманың мүшесі ретінде Азиаданың алтынын иемденді.

Ең мақтаулы аурухана

Осы жылы Ақтөбенің Оңтүстік-батыс ауданында облыстық көпсалалы балалар клиникалық ауруханасы ашылды. 4 қабатты ғимаратқа орналасқан 200 кереуеттік бұл аурухана «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша салынған.

Ашылу салтанатына аурухана ұжымы және облыс басшылығымен бірге, сол кездегі ҚР денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова да қатысты. Министр Салидат Қайырбекова өзінің құттықтау сөзінде: «Соңғы 3-4 жылда елімізде 400-ге жуық медициналық мекеме ашылып, іске кірісті. «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша біз алдағы бес жылда тағы да 350 мекеме ашуды жоспарлап отырмыз», — деп атап көрсетті. Осы салтанатты жиында Бақыт Жаналина, Балдырған Мұстафина және Алтын Хасанғалиева сынды үздік қызметкерлерге пәтер кілтінің табысталуы да үлкен қуаныш ретінде есте қалды.

Түрлі бөлімдер, операция залдарынан бөлек, мұнда бассейн, су және балшықпен емдеуге арналған орындар, т.б. жабдықталған. Компьютерлік, магниттік-ядролық серпіндік томографтар да алынған. Сол тұста бұл аурухана еліміздегі ең үздік жабдықталған емдеу орындарының бірі ретінде аталды.

Жаңа бағдарламаның шарапаты

Осы жылы елімізде «2011-2020 жылдарға арналған тұрғын үй және коммуналдық шаруашылықтарды модернизациялау бағдарламасы» жүзеге асырыла бастады.

Бұл тұста еліміздегі тұрғын үйлердің 2 пайызы апатты жағдайда болса, 32 пайызы күрделі жөндеуді керек ететін. Оған қоса коммуналдық жүйелердің де 50 пайызы әбден ескірген, соның ішінде электр желісінің 80 пайызы тозығы жеткен еді. Жоғарыдағы бағдарламаны жүзеге асыру арқылы осы жағдайды түзеуді қолға алу көзделді.

Ақтөбеде де осы бағдарлама аясында көп қабатты үйлерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіле бастады. Ол кезде қаладағы көп қабатты тұрғын үйлердің саны 1544 болған. Жөндеуді қажет етіп тұрған ғимараттардың көпшілігі 1965-1980 жылдар аралығында салынған еді. Ақтөбеде, негізінен, күрделі жөндеу терможаңарту бағыты бойынша, яғни көп қабатты үйдің төбесін жаңарту, инженерлік жүйелерді ауыстыру арқылы жүргізілді. Бастапқы жұмыстар, тұрғындардың келісімімен, 13 үйде қолға алынған.

Ұлы дала мұрасы

19-20 маусым күндері Ақтөбеде халықаралық «Ұлы мұра» фестиваль-байқауы өтті. Оған шетелдердегі, соның ішінде, әсіресе Ресейдің түрлі өңірлеріндегі қазақ диаспорасының өкілдері қатысты.

Фестивальды «Нұр Отан» партиясы Ақтөбе қалалық филиалы, Ақтөбе қалалық әкімдігі және Қазанғап атындағы балалар өнер мектебі бірлесіп ұйымдастырды. Жан-жақтан жиналған қазақтар алдымен Есет Көкіұлының кесенесінде болып, аруаққа арнап Құран оқытты. Бұдан соң кесене жанындағы шырақшы үйінде дастарқан үстінде әңгіме-дүкен құрды. Санкт-Петербург, Астрахань, Қалмақия, т.б. Ресей өңірлеріндегі қазақ ұлттық-мәдени орталықтарының жетекшілері өздері жасап жатқан жұмыстар жөнінде баяндаса, мәдениет саласының ардагері Еркін Құрманбеков оларға Есет Көкіұлы туралы деректер мен аңыздарды жеткізді. Сондай-ақ шетелден келген қандастарымыздың қатысуымен «Мәдениет: дәстүрлер мен жаңалықтар үйлесімі» атты дөңгелек үстел өтіп, мұнда тілді сақтап қалу, әсіресе шет жерде өсіп келе жатқан қазақ жастарына тіл үйрету төңірегінде әңгіме қозғалды.

Фестивальдың басты шаралары — облыстық өнер музейінде ашылған халықаралық көрме және Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияда өткен гала-концерт болды. Осы концертте Занда Исанова есімді Элистадан келген қалмақ қызы да қазақша ән салды. Оның ұстазы, өзге ұлттың жерінде тұрып, сол ұлт балаларын қазақ өнеріне баулып жүрген қазақ қызының есімі — Сәлима Дүйсенбайқызы болып шықты.

Бекқұл баба атындағы ауылда…

Шілде айында облыс орталығынан жиырма шақырымдай жердегі Красносельское ауылына сол жердегі төбе баурайында зираты бар Бекқұл бабаның есімі беріліп, халық мұны үлкен қуанышпен атап өтті.

Біздің мемлекеттігіміздің болғанын мойындамаған отарлаушылар, әрине, бұрынғы қазақ (арғы жағында — түркі) мемлекетінің қайраткері болған, елдікті нығайту, сақтау жолында көп еңбек сіңірген тұлғаларды да ұмыттыруға, олардың атын өшіруге тырысты. Олардың көпшілігінің есімі бізге тек әулиелік қасиеті арқылы, халықтың әулиелер жерленген жерді киелі санап, ұмытпайтын дәстүрі арқылы ғана жетті. Солардың бірі Бекқұл баба еді. Тәуелсіздіктің бастапқы жылдарында-ақ оның басы қарайтылып, қасына халықтың тілегімен түнек үй салынды. Ал кейіннен кесене де көтерілді.

Ауылдың Бекқұл баба атын алуына байланысты 2011 жылдың шілдесінде өткен тойдың соңы әдемі жаңбырмен аяқталып, жұрт «Нұр жауды» деп қуаныпты.

Соңғы 30 жылда бабаларымызға арнап кесенелер, ескерткіштер салдық, көшелер мен ауылдарға олардың атын бердік, енді архивтік деректерден олардың елдік жолындағы еңбектерін тірнектеп жиып, нақты істері арқылы қайраткерлік тұлғасы мен өмір жолдарын зерттеуге көшсек, құба-құп болмақ.

Тәуелсіздік тойының бір сәті

Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына тура 20 күн қалғанда «Тәуелсіздіктің жиырма шыңы» — 20 жұлдызды күн» акциясы басталды. Бұған ақтөбеліктер де үн қосты. Тәуелсіздік тойы Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрында салтанатты жиынмен басталды. Мұнда жұртшылық назарына «Мен қазақпын» атты театрландырылған қойылым, Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс әскери институты курсанттарының қатысуымен хореографиялық композиция, «Әлия гүлі» халықтық би ансамблінің өнері ұсынылды.

«Тәуелсіздіктің 20 шыңы» — 20 жұлдызды күн» республикалық акциясы аясында Ақтөбеде «Әлия армандаған Тәуелсіздік» ұранымен ерекше шара өтті. Әлия Молдағұлова мемориалды кешеніне кілең Әлия есімді қыздар жиналды. Олар осы жерде ұйымдастырылған салтанатты митингке қатысты. Бұл жиында Әлияның нағашы інісі Сапар Молдағұлов пен туған сіңлісі Әліп Сарқұлова да болды. Жиналғандар ескерткішке гүл шоқтарын қойып, соңынан Әлия музейіне бет алды.

 Әзірлеген И. ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button