Басты жаңалықтарДенсаулық

COVID-19 және балалалар

Бүгінде облыстың инфекциялық ауруханаларында КВИ жұқтырған 301 адам ем алуда. Оның ішінде 71 балаға COVID-19 диагнозы қойылған.

Індетті алдын алудың бір ғана жолы — вакцина. Ал оқушыларға екпе салдыру қаншалықты дұрыс? Балаларға коронавирусқа қарсы вакцинаны қалай және қандай принцип бойынша егу керектігін облыстың бас педиатры Лаура Темірашевадан сұрағанбыз.

— Лаура Жеңісқызы, соңғы уақытта қоғамда COVID-19-дың балалар арасында таралуы туралы жиі айтылып жүр. Мұның себебі неде?

— Мұның басты себебі — вирус модификацияға ұшырауда. Қоғамда ересек адамдарды жаппай вакциналау жұмыстары белсенді түрде жүргізіліп жатқандықтан, вирус әлсіз және қорғалмаған адамдарға, яғни балаларға ауысады.

— Жаңа оқу жылы басталысымен-ақ көптеген сыныптар қашықтан оқу форматына көшті. Балалар арасындағы аурудың қазіргі жағдайы қандай?

— Қазір індет жұқтырғандар саны, әсіресе балалар арасында біртіндеп төмендеп келеді. Ауру көбінесе жеңіл немесе симптомсыз өтеді. Ал баланың ауру жұқтырған ересек адаммен байланыста болуы бөлек әңгіме. Сондықтан оқушыдан індет анықталған жағдайда сыныпты түгел карантинге жіберу — міндетті шара.

— Балалардағы аурудың симптомсыз түрі нені білдіреді?

— Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша коронавирустық пандемия басталған уақытта 4 жасқа дейінгі балалар арасындағы аурудың пайыздық көрсеткіші шамамен 1 пайызды көрсетті. Балалар арасында ауырғандардың көбі 5 пен 14 жас аралығындағылар. Оның өзі жалпы індет жұқтырғандардың 10 пайызы ғана. Бір қуантарлығы, балалар арасында өлім-жітім кездескен жоқ. Оларда ауру ересектердегідей қатты өтпейді. Індеттің симптомсыз түрінде аурудың ешқандай белгілері білінбейді.

— Демек, балада ПТР-тест нәтижесі оң болып шыққан жағдайда бірден өкпені компьютерлік томография, рентгенографияға түсірудің қажеті жоқ па?

— Иә, қандай жағдай болмасын, дүрбелең тудырудың қажеті жоқ. Егер 14 күн ішінде балада аурудың белгілері білінбесе, оны карантиннен шығаруға болады.

Ал толық бір сынып карантинге кеткен кезде мектептегі дәрігер санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің қызметкерлеріне контактілер арасындағы эпидемиологиялық жағдайды анықтау үшін хабарлауға міндетті. Карантиннің үшінші күні оқушы тіркелген емхананың мобильді бригадасы үйге келіп, ПТР-тестке жағынды алады. Нәтиженің қандай болғанына қарамастан, бала карантин біткенше тек қана үйде болуға тиіс.

Лаура Жеңісқызы, ковидтің маусымдық суық тиюден, тұмаудан айырмашылығы қандай?

— Аурудың қай түрі болмасын, бір-біріне ұқсас болғанымен өз бетінше емделуге болмайды. Ауру белгілері байқалған сәттен бастап дәрігер көмегіне жүгіну қажет. Педиатр дәрігер баланы толық тексеріп, тиісті сынамалар мен ПТР-тест алу үшін тізім жасайды. Баланың температурасы көтерілген кезде міндетті түрде оны түсіретін препараттар тағайындалады. Күн салқындаған кезде жылы сұйықтықты көбірек ішкен жөн.

Соңғы бақылау нәтижелері көрсеткендей балаларда иіс пен дәм сезбей қалу жағдайлары кездеспейді. Көбіне балаларда екі-үш күн дене қызуы көтеріліп, диарея болуы мүмкін. Бүгінде пневмониямен ауыратындарға стационарлық ем алу қарастырылған. Ондай балалар саны көп емес және барлығы дәрігер бақылауында.

— Келесі қоятын сұрағымды бұл сұхбаттағы басты сауал ретінде қабылдасаңыз да болады. Бүгінгі таңда ата-аналарды алаңдатып отырған негізгі мәселе — балалар арасындағы вакцинация. Осы туралы ақпарат бере кетсеңіз?

— Денсаулық сақтау министрлігі біздің облысқа балалар мен жүкті әйелдерге арналған вакциналарды осы жылдың төртінші тоқсанында жеткізуді жоспарлап отыр. Ал оған дейінгі вакциналау науқанының балаларға еш қатысы жоқ. Тиісті министрліктен нұсқаулар келе салысымен біз вакциналау жұмыстарын жоспарлай бастаймыз.  Ата-аналарға бір ғана айтарым бар, еш қорқудың қажеті жоқ. Барлығы ерікті түрде және ата-анасының немесе баланың заңды өкілінің келісімімен болады. Ешкімді мәжбүрлеп екпе салмаймыз.

— Бұл вакцинаның балаларға қарсы көрсетілімдері бар ма? Және оны кімдерге салуға тыйым салынған?

— Мысалы, анафилаксия, Клинке ісігі тәрізді ауыр аллергиялық аурулары бар балаларға екпе салдыруға болмайды. Жалпы, кез келген вакциналаудан бұрын, оның ішінде ковидке қарсы екпенің алдында міндетті түрде дәрігер тексеруден өткізеді. Нәтижесінде созылмалы аурудың асқынған кезінде немесе жай ғана суық тию белгілері байқалса, вакцина салуға болмайды. Балаға емдеу ұзақтығы үшін медициналық тоқтату парағы беріледі немесе  вакциналауға қатаң тыйым салынады.

— Ал егер балаға КВИ-ге қарсы вакцина салдыруға рұқсат берілсе, ол алдын ала қандай процедуралардан өтуі керек?

— Алдымен дәрігерге көрінуі қажет. Одан соң ата-анасы жазбаша келісім беріп, вакцина туралы толық ақпарат алады.

— Мұндай жағдайда ата-ана өзі қалаған вакцинаның кез келген түрін таңдай ала ма?

— Бүгінгі таңда 12 жастан асқан балаларға ұсынылатын вакцина — Pfizer.

Оның организмге әрекеті толық тексеріліп, препарат барлық сынақтан өтті. Өздеріңіз білетіндей, 12 жастан бастап 17 жасқа дейінгі мектеп оқушылары мен жасөспірімдер қоғамдық өмірге белсене араласады. Сондықтан осы жастағы балаларды вакциналауға басымдық беріледі. Екпеден соң қызу көтеріліп, ине салынған жер аздап ісуі мүмкін. Бірақ бұл қалыпты жағдай, оған еш алаңдауға негіз жоқ.

— COVID-19 жаңа туған нәрестеге беріле ме?

— Мұндай жағдайлар болды, бізде тіркелді, бірақ абсолютті белгілерді байқамадық. ПТР нәтижесі нәрестелердегі инфекцияны растады, 14 күн бойы бақыланады. Егер  клиникалық көрініс анықталмаған жағдайда карантиннен шығарылады.

Сұхбаттасқан Нұргүл АРЫНОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button