Тәуелсіздік — 30

Тәуелсіздік құрдастары

Биыл ата-бабамыз армандаған ел Тәуелсіздігіне 30 жыл толғалы отыр. 1991 жылы дүниеге келген егемен елдің құрдастары қазір қазақ елінің өркендеуіне өздерінің елеулі үлестерін қосуда. Біз бұл жолы Мәртөк ауданының жастарын әңгімеге тарттық.

«Жауапкершілік жүгі зор»

Рүстем Ерімбетов Әйтеке би ауданында ұстаздар отбасында дүниеге келген. 2013 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетін тарих және құқық пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп, алғашқы еңбек жолын Мәртөк ауданындағы Қаратоғай орта мектебінде бастады. Пән мұғалімі бола жүріп, мектеп директорының орынбасары, кейіннен Мәртөк аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы қызметтерін атқарды.

Биыл қыркүйек айынан бастап Мәртөк аудандық Қарашай ауылдық округінің әкімі болып тағайындалып, жауапты қызметті атқаруға кірісті.

  • Мен 1991 жылғы құрдастарымды құтты ұрпаққа балаймын. Себебі біз дүниеге келген жылы халқымыз сарылып күткен Тәуелсіздікке қол жеткіздік. Сол жылдардан бастап, еліміз барлық қиыншылықты да, қуанышты да еңсеріп келеді. Әрине, маңызды сәттер өте көп болды. 30 жылдың ішінде мемлекеттік рәміздеріміз анықталды, Елбасымыз сайланды, ұлттық тілімізді өрістеттік. Бір сөзбен айтқанда, барлық қазба байлығымыз да, рухани байлығымыз да мемлекет игілігіне жұмсалып, Қазақстан Республикасының абыройын асқақтатуға барынша күш салынды. Сол өзгерістер жаңа бастамаларға мұрындық болды, елімізді жаңа биіктерге шығарды деп ойлаймын, — дейді ол.

Білім мен ғылымды серік еткен Рүстем Ерімбетов жастайынан игі істер жасауға ұмтылып, патриоттық құндылықтарды насихаттауда күш жұмсап келеді. Жеткен жетістіктері де айтарлық.

Мәселен, биыл «Қайырымдылық керуені» республикалық байқауы бойынша «Мейірім жолында» номинациясымен Н.Назарбаев қорының директоры Д.Назарбаеваның атынан Алғыс хатқа, өткен жылы Елбасы Н.Назарбаевтың атынан Алғыс хатқа ие болды. Басқа да аудан, облыс көлемінде жеткен жетістіктері жетерлік.

  • Ата-анамыз Тәуелсіздік алған жылдары өмірдің қиын болғандығын айтып отырады. Отын тапшылығы, жұмыссыздық, азық-түліктің жетіспеушілігі, тағы басқалары бар. Десек те олар сол қиындықтарға төтеп беріп, ыстығы мен суығына шыдай білді. Еліміздің жетістіктерін теледидар арқылы көріп, газеттерді оқып, біліп отырдық.

Әрине, Тәуелсіздіктің төл құрдасы болу, мемлекеттік қызметке өзіндік үлесімді қосып, ауыл басқару үлкен жауапкершілік жүктейді. Алдағы уақытта да ауылдан кеткім келмейді. Себебі ауылдың гүлденуі — жастардың қолында. Мемлекеттің қазір жастарға жасап жатқан қолдауы көп. Соны ұтымды пайдалану керек. Ата-бабаларымыз аңсап кеткен Тәуелсіздікті біз қадірлей білуіміз қажет, — деп қорытты өз сөзін.

Биік мерей

Еліміз Тәуелсіздігін жариялап, азаттықтың ақ таңы арайлап атқан жылы дүние есігін ашқандардың бірі — Әділет Әміров. Бүгінде полиция саласында қызмет атқарғанына 10 жылға жуықтады. Тәртіп сақшысы болуды бала күнінен армандаған ол әскери борышын Ақмоладағы Әуе қорғаныс күштері бөлімінде атқарды. Қазір Мәртөк аудандық полиция бөлімінің патрульдік полиция тобының қызмет инспекторы.

 

  • Негізгі міндетім — ел тыныштығын қорғап, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, қылмыстың алдын алу. Қылмыс бола қалған жағдайда ізін суытпай ашу. Ең бастысы, қырағылық пен батылдықты талап ететін осы салада өз тәжірибемді шыңдау үстіндемін.

Тәуелсіздіктің құрдасы атану мен үшін биік мәртебе. Тарих беттерінен мен өмірге келген жылдары еліміздің талай қиын кезеңнен өткенін байқаймын. Ең бастысы, халқымыз жасымай, келер күнге үлкен үміт артып, талмай-тынбай еңбектене отырып, төзімділікпен еңсере білді.

Бүгінде Мәртөк ауданының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы айтарлықтай жақсарды. Әсіресе спорттық үйірмелер көптеп ашылуда. Жастарды қолдау мақсатында әр деңгейлі бағдарламалар жүзеге асуда. Ауылдық жерде жастар өз кәсібін ашу үшін пайызсыз және кепілсіз қаржыландыруды бөлу тетіктері қарастырылып отыр. Бұл — үлкен қолдау, — дейді Әділет.

Әділеттің өмірлік жары да Тәуелсіздіктің төл құрдасы. Бүгінде олар үш бала тәрбиелеп отыр.

Өркендеп келе жатқан мемлекеттің мерейін көтеріп, байрағын желбіретер Тәуелсіз Қазақстанның құрдастары екені айқын. «Елдің тұтастығы мен бірлігі үшін қызмет ету, елдің беткеұстар азаматы болу — менің басты арманым», — дейді ол.

«Жастарға мүмкіндік мол»

Арманы асқақ, мақсаты зор Тәуелсіздік құрдастарының бірі — Ерлан Амантурлиев. Дарынды жас бүгінде жеке кәсібін жандандырып, елмен бірге өсіп, қатарластарымен бірге өркендеп келе жатқанын мақтан тұтады.

 

  • 2001 жылы Қарақалпақстанның Нөкіс қаласынан Мәртөк ауданындағы Кеңсахара ауылына қоныс аудардық. Сол жылы он жасымда еркін күрестен жүлделі орын алғаным есімде. Сол сәтте-ақ Тәуелсіздіктің құрдасы екенімді сезініп, бойымда ерекше сезім болды. Тәуелсіздіктің маңызын, ұлан-байтақ жеріміздің құндылығын өте жақсы білемін.

Мамандығым — қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Осы салада бірнеше жыл жұмыс істеп, кейін заман ағымына қарай кәсіпкерлікке бет бұрдым. Мемлекеттің жастарға жасап жатқан қолдауы көп. 2017 жылы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы несие алдым. Аудан орталығынан фотосалон қызметін ашып, кәсібімізге қажетті аппараттар сатып алдық. Кейіннен тамақтану орталығын да іске қостық, — дейді ол.

Ерланның ендігі мақсаты — қолға алған кәсібін одан әрі кеңейту. Бос уақытында кітап оқып, кәсіпкерлікке қатысты қосымша ақпараттар іздеумен айналысады.

  • Маған тағдыр мемлекетіміз Тәуелсіздік алған жылда жарық дүние есігін ашуды бұйыртыпты. Мен мұны мақтан етемін. Ендігі үлкен істер біздің еншімізге тиетіндігін білемін. Соған өзіндік үлес қосу — менің ең басты мақсатым. Тәуелсіздіктің төл құрдасы болу екінің бірінің маңдайына жазылмаған болар. Қазір әр қадамыма есеп беріп, айналама ойлана қарайтын болдым. Күш-қуатымды Отанымды көркейтуге, гүлдендіруге жұмсасам деймін. Арман-мақсаттарым көп-ақ… Халқымның бақытты болуын қалаймын. Әрбір жас қандай қызметте болса да, Тәуел­сіз еліне мінсіз қызмет етуі керек, — дейді ол.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button