Жаңалықтар

«Берекелі бастама» форумы өтті

Хромтауда өткен «Берекелі бастама» форумының мақсаты — тұрғындардың қаланы көркейтуге қатысты ұсынған идеяларын жүзеге асыруға ықпал ету.

Тұрғындар, әкімдік пен Eurasian Resources Group (ERG) корпорациясының бірлескен жұмысы аясында моноқалада қандай қоғамдық инфрақұрылым нысандары қажет екенін хромтаулықтар өзі шешетін болды.

Форумның өтетін орны кездейсоқ таңдалған жоқ. «Берекелi бастама» жобасы  былтыр да «Қатысу бюджеті» атауымен Хромтауда басталған болатын.

Іс-шара аясында әкімдік өкілдері, Хромтау тұрғындары, ERG қызметкерлері, сондай-ақ моноқалаларда жобаны іске асыруға жауапты Жобалық орталық мамандары қатысып, «Берекелi бастаманың» мүмкіндіктері мен келешегін талқылады. Форумға «Берекелі бастама» аясында жүзеге асырылған алғашқы көркейту жобаларының авторлары да қатысты.

Форум  ұйымдастырушылары қатарында ERG құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ  филиалы – Дөң тау-кен байыту комбинаты, Тель-Авив университетінің Қазақстандағы достары қауымдастығы және «Ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру зертханасы» АКЕҰ (Ресей) өкілдері бар.

Пандемия жағдайын ескере отырып, жобаны бастау қиын болды. Бірақ ұйымдастырушылар мен қатысушылар ауқымды істі ынтымақтаса, жауапкершілікпен тындырды. Жобаның басты ерекшелігі – оның цифрлық форматта жүргізілуі, —  деді «Ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру зертханасының» АКЕҰ өкілі Дмитрий Котов. Оның айтуынша, жобаның кезеңдерін талқылау, түзетулер енгізу, қатысушылармен тікелей емес, виртуалды түрде жұмыс істеу керек болған.

Форумға қатысушылар үшін дөңгелек үстелдер форматында оқыту сессиялары өткізілді. Олар секцияларға бөлініп, жобаны енгізу, жастарды осыған тарту, жобаны жүзеге асыру, ойын дизайны мәселелерін талқылады. Сонымен қатар қатысушылар іске асырылған жобалардың алаңдарына барып, әлеуметтік жауапкершілік мүмкіндіктері туралы арнайы дәрістер тыңдады.

— 2020 жылы бұл жобаға қатысамын деп шештім. Себебі сол жылы кішкентайлы болғандықтан, баламның болшағын қазірден ойлауым керек екенін түсіндім де, балаларға жаңа ойын алаңын салуды ұсындым. Біздің  аулада ескі ойын алаңдары бар болатын. Оның ішіндегілері сынып, тозған. Соны көріп, балаларға шаттық сыйлағым келді. Бір істі қолға алуда қорықпау керек. Әрекет ете білу керек екен. Оның  барлығы өз қолымызда, — дейді жоба авторларының бірі Салима Князбаева.

Биыл аталған жоба аясында Хромтау қаласының инфрақұрылымын жақсартуға қатысты 71 өтінім берілді. Оның 27-сіне дауыс беруге рұқсат етілді және 11 жеңімпаз таңдалды. ERG жобаларды іске асыруға 60 миллион теңге қаражат бөлген.

Айта кетейік, Бұл жоба ERG кәсіпорындары орналасқан үш қала — Хромтау, Ақсу және Рудныйда қолға алынған. Бүгінде Ақсу және Рудный қалаларынан өтінімдер әлі де қабылданып жатыр.

М.ТАБЫН,

Хромтау ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button