Спорт

Үшінші орын иесі ғана белгілі

Премьер-Лига

24-турдың кездесулері 16-17 қазан күндері өтті. «Қайраттың» биылғы қорытындыда үшінші орыннан ілгері жоғарылай алмайтыны (сондай-ақ одан төмендемейтіні де) белгілі болды. Чемпиондық тәж «Астана» мен «Тобыл» командаларының біреуіне бұйырғалы тұр.
Орал қаласында «Ақжайық» пен «Тұран» тең ойнады. Бұл клубтардың алғашқы орындардан да дәмесі жоқ, соңғы қауіпті орындарға да түспейтіні белгілі еді.
Шымкентте «Атырауды» қабылдаған «Ордабасы» әуелі өз қақпасына бір гол жіберіп алып, сосын барып екі қарымта гол соқты. Сөйтіп, Еуропа кубоктарында ойнауға жолдама әперуі мүмкін төртінші орыннан дәмесін жоғалта қойған жоқ.
Қарағандыда «Каспийдің» қақпасына бір гол соғып жеңіске жеткен «Шахтер» турнир кестесінде бір саты жоғарылады.
Талдықорғанда жергілікті «Жетісу» командасы «Тараздан» ұтылуға мәжбүр болды. Бірақ бұл ойынның есебіне қарамастан-ақ, талдықорғандықтар биыл Премьер-Лига сапынан шығып қалатыны алдын ала белгілі болып еді.
Петропавл қаласында «Қызылжар СК» командасын 2:0 есебімен ұтқан қостанайлық «Тобыл» чемпиондыққа таласы барын тағы бір еске салды. Ал «Қызылжар СК» турнир кестесіндегі төртінші орнында қалды.
Өз алаңында «Қайсарды» қабылдаған «Астана» жеңіске жетіп, турнир кестесіндегі бірінші орнын тағы да сақтап қалды. Ал қызылордалықтар биыл Премьер-Лигамен қоштасатын екі команданың бірі болды.
Қазірге дейін чемпионатта 168 кездесу өткізіліп, 429 гол соғылды. Орта есеппен әр ойында өткізілген гол — 2,55.

* * *
Бұл турда «Ақтөбе» өз алаңымызда «Қайратты» қабылдады.
Расын айту керек, «Ақтөбе» алғашқы минуттардан бастап-ақ шабуылға шықты. Әрине, «Қайрат» та қарымта шабуылдан кенже қалмайтыны белгілі. Не керек, жанкүйерлер екі тайм бойы тең текетірестің куәсі болды.
Дегенмен тең текетірес дегенді бұл ретте бейнелі түрде қолданып отырмыз. Әйтпесе ойын нәтижесінің есебі тең болмағаны мәлім.
Бұл ойында жеке шеберліктің қандай роль атқаратынын қайраттық шабуылшы Артур Шушеначев көрсетіп берді. Ол 31-минутта өзін айнала қоршап алған ақтөбелік төрт-бес қорғаушыны шапшаң қимылдармен қалай болса солай сыпыра алдап өтіп, қақпаны дәл нысанаға алды — 0:1.
Он минут шамасы өткен соң жерлестеріміздің қақпасына екінші гол соғылды. Қонақтардың айып алаңы маңайынан әуелете жіберілген допты өзіміздің айып алаңымыздың маңайынан сасқалақтамай-ақ күтіп алуға болатын еді ғой. Олай болмады. Қорғаушымыз Михаил Йерабек баспен кері серпімек болған доп жүйтки жетіп келген Гүлжігіт Алықұловтың алдына түсті, Гүлжігіт ілгері ұмтылғанда кедергі жасамақ болған тағы бір қорғаушымыз Темірлан Ерланов та ебедейсіз қимылдап, еш бөгет бола алмады. Ал қайраттық сұрмерген біздің қақпаға зуылдай таяп келіп еркін соққы жасады, жібек тордың оң жақ бүйірі бүлк ете түсті — 0:2.
Бірінші тайм осы есеппен аяқталды.
Ал екінші таймда «Қайрат» ең әуелі қол жеткен есепті сақтап қалудың қамын көбірек ойлады. Сөйтіп жүріп есе де жіберіп алды. 73-минутта қайраттық қорғаушы Нұралы Әліптің біздің шабуылшылардан алыстатпақ болған оймен тепкен добы сыртқа ауытқымай, тура өз қақпасына еніп кетті. Біздің жігіттер осы «көмекті» пайдаланып, есепті ең болмаса тең нәтижеге жеткізгенде ғой. Олай бола қоймады.
Осылайша «Ақтөбе» биылғы жылы оныншы рет ұтылды.
Анықтама үшін айта кетелік, ойын уақытының 56 пайызында доп жерлестеріміздің аяғында жүрсе, 44 пайызында қонақтардың еншісінде болды. Бірақ соққылар есебі қайраттықтардың пайдасына шешілді. Олар қақпаға қарата 14 соққы бағыттаса, біздің футболшылар 7 рет қана осындай әрекет жасады. Қақпаға тура соққы бағыттауда да қонақтар бізден асып түсті — 9:5.
«Ақтөбе»-«Қайрат» — 1:2
Гол авторлары: Артур Шушеначев, 31-минут (0:1), Гүлжігіт Алықұлов, 41-минут (0:2), Нұралы Әліп, 73-минут, автогол (1:2).
Ескерту қағазын алғандар: Юрий Логвиненко, 52-минут; Дмитрий Шомко, 59-минут; Михал Йерабек, 70-минут («Ақтөбе») — Нұралы Әліп, 45-минут, Раде Дугалич, 45+1, Жоао Пауло, 78-минут («Қайрат»).
90+3 минутта екінші рет ескерту қағазы көрсетілген Раде Дугалич алаңнан қуылды.
«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Жасұр Нарзиқұлов (қақпашы), Михал Йерабек, Юрий Логвиненко (капитан), Темірлан Ерланов, Йоахим Адукор, Рамазан Оразов (Дмитрий Коркишко, 56-минут), Еркебұлан Нұрғалиев (Рустам Темірхан, 56-минут), Дмитрий Шомко, Максим Федин (Олег Чернышов, 90-минут), Эрвейн Мукам (Игорь Зенькович, 90-минут), Виталий Балашов.
Бас бапкер — Владимир Муханов.
16 қазан 2021 жыл. Ақтөбе қаласы, Қобыланды батыр атындағы Орталық стадион. 8200 адам.
Еске сала кетсек, бірінші айналымда, 18 мамырда сырт алаңда «Қайраттан» 2:4 есебімен ұтылғанбыз.

* * *
Біздің мергендеріміз:
Игорь Сергеев, шабуылшы — 7 доп;
Рифат Нурмугамет, жартылай қорғаушы — 3;
Боян Дубайич, шабуылшы — 3;
Юрий Логвиненко, қорғаушы — 3;
Эрвейн Мукам, жартылай қорғаушы — 3 (1);
Дидар Жалмұқан, жартылай қорғаушы — 2;
Максим Самородов, жартылай қорғаушы — 2;
Максим Федин, жартылай қорғаушы — 2 (1);
Еркебұлан Нұрғалиев, жартылай қорғаушы — 1;
Михаил Йерабек, қорғаушы — 1;
Юрий Перцух, жартылай қорғаушы — 1;
Дмитрий Коркишко, шабуылшы — 1;
Виталий Балашов, жартылай қорғаушы — 1;
Темірлан Ерланов, қорғаушы — 1.
(Жақшаның ішінде — пенальтиден соғылған доптар есебі).
(1 автогол иесі — Нұралы Әліп, «Қайрат»).
Жерлестеріміз 24 кездесу өткізіп, 8 рет жеңді, 6 рет тең түсті, 10 рет ұтылды. Ұпай саны — 30. Доп айырмашылығы — 32:34.

* * *
Басқа кездесулер:
«Қызылжар СК»-«Тобыл» — 0:2
Гол авторлары: Игорь Сергеев, 33-минут (0:1), Жереми Манзорро, 77-минут (0:2).
17 қазан 2021 жыл. Петропавл қаласы, «Қарасай» стадионы. 1500 адам.
«Жетісу»-«Тараз» — 1:2
Гол авторлары: Ненад Адамович, 67-минут (0:1), Диас Қалыбаев, 86-минут (1:1), Тимур Досмағамбетов, 90+2 минут (1:2).
17 қазан 2021 жыл. Талдықорған қаласы, «Жетісу» стадионы. 1000 адам.
«Ақжайық»-«Тұран» — 1:1
Гол авторлары: Михаил Гащенков, 30-минут (1:0), Павел Деобальд, 72-минут (1:1).
16 қазан 2021 жыл. Орал қаласы, «Ақжайық» стадионы. 1200 адам.
«Астана»-«Қайсар» — 2:0
Гол авторлары: Тигран Барсегян, 74-минут (1:0), Марин Томасов, 89-минут (2:0).
41-минутта Марин Томасов («Астана») он бір метрлік айып добын орындағанымен қақпашыдан айласын асыра алмады.
17 қазан 2021 жыл. Нұр-Сұлтан қаласы, «Астана Арена» стадионы. 2500 адам.
«Ордабасы»-«Атырау» — 2:1
Гол авторлары: Родригеш Аллеф, 47-минут (0:1), Сұлтанбек Астанов, 56-минут (1:1), Абдуллай Диакате, 73-минут (2:1).
16 қазан 2021 жыл. Шымкент қаласы, Қажымұқан атындағы стадион. 3700 адам.
«Шахтер»-«Каспий» — 1:0
Гол авторы: Идрис Умаев, 73-минут 1:0).
16 қазан 2021 жыл. Қарағанды қаласы, «Шахтер» стадионы. 3000 адам.

* * *
24-турдан соң командалар турнир кестесіне төмендегідей ретпен орналасты:
1. «Астана» (Нұр-Сұлтан) — 56 ұпай;
2. «Тобыл» (Қостанай) — 55 ұпай;
3. «Қайрат» (Алматы) — 47 ұпай;
4. «Қызылжар СК» — 35 ұпай;
5. «Ордабасы» (Шымкент) — 35 ұпай;
6. «Ақжайық» (Орал) — 31 ұпай;
7. «Ақтөбе» (Ақтөбе) — 30 ұпай;
8. «Шахтер» (Қарағанды) — 30 ұпай;
9. «Тараз» (Тараз) — 29 ұпай;
10. «Каспий» (Ақтау) — 28 ұпай;
11. «Атырау» (Атырау) — 27 ұпай;
12. «Тұран» (Түркістан) — 25 ұпай;
13. «Қайсар» (Қызылорда) — 16 ұпай.
14. «Жетісу» (Талдықорған) — 12 ұпай.
Сертификация жөніндегі комиссияның шешімімен «Жетісу» командасынан үш ұпай шегерілгенін еске саламыз.

* * *
25-тур кездесулері 24 қазан, жексенбі күні өтеді.
«Қайсар» — «Жетісу»
«Тараз» — «Ордабасы»
«Атырау» — «Қызылжар СК»
«Тобыл» — «Шахтер»
«ТҰРАН» — «АҚТӨБЕ»
«Каспий» — «Ақжайық»
«Қайрат» — «Астана»

Е.АҚАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button