Денсаулық

Қорғаныш тапшылығын туғызатын дерт

ЖИТС — өте қауіпті, жұқпалы ауру, ол дүниежүзінде барған сайын өсу үстінде. Оның қауіптілігі — ағзаның қорғаныс жүйесі клеткаларын зақымдауында.

Иммунитет жетіспеушілігін туғызатын вирус организмнің әртүрлі ауруларға қарсы тұруын қамтамасыз ететін иммундық жүйесін зақымдайды. Вирус қандағы Т-лимфоцит клеткаларын өлтіреді. Осының салдарынан организмде иммунитет жетіспеушілігі пайда болады. Бұл жасырын кезең бірнеше жылға дейін созылуы мүмкін. Организмде ЖИТС-дерті қоздырғышы барын оны жұқтырғаннан кейін ең кеші үш айдан соң анықтауға болады. Жасырын кезеңінде адам арнайы тексеруден өтпесе, иммунитет жетіспеушілігін туғызатын вирусты жұқтырғанын білмейді, өзін сау санап, вирусты басқаларға тарата береді.

Егер жыныстық қатынаста болған адамдардың біреуі ауруды жұқтырған болса, жүктілік, босану кезінде және ана сүті арқылы анадан балаға беріледі, тамырға дәрілік зат жібергенде және есірткіні қабылдаған кезде лас инені пайдаланған кезде қан арқылы таралады.

Қазақстанда соңғы рет тіркелген аурулардың шамамен алғанда 60 пайызы —жыныстық жолымен жұқтырғандар. Тұрмыста бұл ауру ауа арқылы, сумен, төсек-орын, киімнен, моншада жуынғанда, қол алысқанда берілмейді. Иммунитет тапшылығының алғашқы белгілері бірнеше жылдардан кейін біліне бастайды. Олар: созылмалы іш өту, әлсіздік, адамның күрт жүдеуі.

Аурудың соңғы сатысында вирус қан құрамын түгелдей зақымдап, қорғаныс қабілеті істен шығып, адам әртүрлі бактериялар мен вирустар туғызатын дертке шалдығады, пневмонияның ауыр түрі, қатерлі ісіктер пайда болады.

Ауруды жұқтырып алмау үшін бейберекет жыныстық қатынастан, ине арқылы есірткі қабылдаудан аулақ болу керек. Сондай-ақ егілу арқылы емделгенде, денеге татуировка салу, құлақты тесу кезінде сақтық шараларын қатаң ұстау керек. Егер де ауру жұқтырып алдым ба деген күмәніңіз болса, анонимді кабинетке келіп тегін тексерілуге болады.

А.КӨБЕНОВА,

жалпы тәжірибелік дәрігер.

Басқа жаңалықтар

Back to top button