Жастар

«Саналы ұрпақ» — жарқын болашақ кепілі

Ақтөбеде «Саналы ұрпақ» студенттік клубтарының облыстық слеті өтті.

Кездесуге Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Айбек Көпенов, «Болашақ» мемлекеттік бағдарламасының түлегі Серік Алматов және Байғанин аудандық мәслихатының депутаты, еркін күрестен спорт шебері Айтуған Тәжімұратов қатысты. Олар жастарға адалдық пен парасаттылық қағидаларын басшылыққа ала отырып, өз ісін жақсы көріп, кез келген жетістікке қол жеткізу мүмкін екендігін айтты.

Айбек Көпенов жетекші маманнан қала басшысының орынбасарына дейінгі мансабының қыр-сырымен бөлісті. Ал Айтуған Тәжімұратов кәсіпкерлікті, спортты және қоғамдық қызметті ұштастыра отырып, қалай мықты азамат атануға болатындығы жөніндегі сұраққа жауап берді. «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алған, бүгінде Ақтөбе облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасында бөлім басшысы болып қызмет етіп жатқан Серік Алматов Лондон университетіндегі естеліктері туралы айтып берді.  Спикер әлемдік деңгейдегі білім игерудің  артықшылықтарын түсіндірді. Сонымен қатар бүгінгі жастардың қандай қасиеттерді дамытуға көбірек назар аударуы қажеттілігіне тоқталды.

— Барлықтарыңызға мәлім, шетелдегі біздің студенттер қашанда білімімен ерекшеленеді. Біз мектеп, университет қабырғасында гуманитарлық, жаратылыстану ғылымдарын қамтитын ауқымды пәндерді меңгереміз. Шетелдегілер қазақстандықтар неге көп біледі және неліктен соншалықты жан-жақты деп үнемі аң-таң болады. Өйткені олар тек бір бағытта терең білім алады ғой. Мен оқыған елде азаматтар тек бір ғана тілді – ағылшын тілін біледі. Ал біздер болсақ, жастайымыздан екі тілде еркін сөйлей аламыз. Бұл жағдай біздің ой-өрісімізді кеңейтіп, білімді игеруде өз артықшылықтарын береді. Ғылыми тұрғыда дәлелденген жайт, бірнеше тіл білетін студенттердің үлгерімі қашанда жақсы болады,  — деді Серік Алматов.

Спикер баға үшін, дипломның түсі үшін, үйдегі туған-туыстың көңілінен шығу үшін білім алатын заман өткенін айтты.  «Болашақ» түлегі жастарды парасатты болуға, сыни ойлауды игеруге, дұрыс патриотизм мен қоршаған ортаны аялауға шақырды.

— Пандемия уақытында оқуымыз онлайн форматқа ауысқан шақта оқу бағасы да төмендеген болатын. Менің жапондық бір танысым сол қарбаласта құжаттарын жинап, оқу ақысының айырмасын қайтару жөнінде арыз жазды. Біз қаражатты өзіне алғысы келіп жүр-ау деп ойлағанбыз. Сөйтсек, ол қайтарылған қаржының барлығы Жапонияның бюджетіне аударылып, қажетті салаларға жұмсалатынын айтты. Сол кезде мен оның нағыз патриот екенін түсіндім, — деді Серік.

Шара барысында «Саналы ұрпақ» студенттік клуб мүшелері пікірталасқа қатысып, спикерлерге өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, оларға тұшымды жауаптар алды.

«Саналы ұрпақ» клубы 2018 жылы жоғары оқу орындары мен колледж студенттерін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға белсенді атсалысуға шақыру мақсатында құрылған болатын. Бүгінде клуб мүшелерінің әрқайсысы білім берудегі сыбайлас жемқорлық көріністерінің болуы, академиялық адалдықтың болмауы тұтас мемлекеттің күйреуіне әкеліп соғып, талай тағдырлар мен армандарды жоятындығын жақсы түсінеді.

Ақерке САТЫБАЛДЫ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button