Басты жаңалықтарЖастар

Жастар — ел тірегі

Жуырда Түркістан облысындағы «Тау самалы» демалыс орнында өткен «Jas Otan» жастар қанатының «Жастар — Отанға!» атты халықаралық саяси лагері еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 180-ге жуық жастың басын қосты.

2009 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын лагерьге биыл халықаралық деңгейде жастар ұйымдарының көшбасшылары қатысты. Олардың қатарында Ислам ынтымақтастық ұйымы жастар форумы хатшылығының үйлестірушісі Юнус Чолак, Ислам Ынтымақтастық ұйымы Еуразия аумақтық жастар форумы орталығы директорының міндетін атқарушы Вузал Гурбанов, «Молодая Гвардия Единой России» бүкілресейлік қоғамдық ұйымының өкілі Виктория Федосова, «Жаңа Әзірбайжан» партиясы жастар қанатының төрағасы Бахтияр Исламов, Қырғызстан Жастар қоғамдық кеңесінің төрағасы Дайырбек Талайбеков, Тəжікстан жастар одағының Соғды облысы бойынша филиалының төрағасы Фахридинзода Фирдавс, Өзбекстан жастар одағы төрағасының орынбасары Шерзод Олимов, т.б. бар.

Бес күнге созылған іс-шара аясында еліміздің барлық өңірінен жиналған жастар алты топқа бөлініп, өз белсенділіктерін көрсетті. Лагерьдің алғашқы күні, яғни ашылу салтанатында топтар Түркістан облысының өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаны тамашалап, «Jastar quiz» зияткерлік ойынына қатысты. Бұл сайыста білім деңгейімен, өздерінің тапқырлығымен, алғырлығымен «Ұлытау» командасы 1-орынды жеңіп алды.

Лагерьдің екінші және үшінші күні топтар өзара бөлініп, белгілі медиа-менеджер, жаттықтырушы, кәсіпкерлердің семинар-тренингтеріне қатысып, білімдерін шыңдады. Атап айтсақ, ҚР Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, психология ғылымдарының докторы, запастағы полковник Лейла Асылбекова, білікті жаттықтырушылар —  Толқын Аманбек, Салтанат Қашағанова, Бақдәулет Исаев, Асхат Садырбай, Асхат Нұрмашев, сондай-ақ ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жастар жəне отбасы істері комитетінің төрағасы Шахмардан Байманов пен кәсіпкер, меценат Бауыржан Қасымбергебаев жасотандықтарға топ ішінде сөйлеу, шешендік өнерді дамыту, кәсіп ашу, жеке және кәсіби жетістіктерге жету жолдарын үйретіп, өздерінің тәжірибелерімен бөлісті.

Іс-шаралар аясында жастар атақты әзірбайжан ақыны Низами мен Шығыстың ғұлама ойшылы Әбу Насыр әлФарабидің шығармашылығы туралы кеңінен мәліметтер алып, zoom платформасы арқылы әзірбайжандық жазушылардың белгілі тұлғалар туралы пікірлерін тыңдады.

Жасотандықтар TEDx Talks форматында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары — Елнұр Бейсенбаев, Тілектес Адамбеков, Мәди Ахметовтердің қатысуымен «Қазақстан жастары — тəуелсіздік ұрпақтары» тақырыбында өткен кездесуге де белсенді түрде қатысты. Жас депутаттар жиналғандардың сауалдарына жауап беріп, өздерінің басынан өткерген қызықты оқиғаларын айтып берді.

Лагерь қатысушылары сондай-ақ спорттық ойындар ұйымдастырып, спорт саласында көшбасшы атанып жүрген бірқатар жастармен кездесті. Атап айтсақ, «Токио-2021» олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов пен халықаралық жарыстардың жеңімпазы, жас шахматшы Жансая Әбдімәлік жасотандықтарға өздерінің қол жеткізген жетістіктерін айтып, алдағы жоспарларымен бөлісті.

Лагерьдің төртінші күні Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек жасотандықтармен кездесу өткізді.

Жиында алдымен Nur Otan партиясы жанындағы «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев биылғы лагерь барысында жастардың жеке және кәсіби қабілеттерін дамытуға және жобалық қызметті үйренуге бағытталған тренингтерден тұратын бағдарламалар дайындалғанын, мұнда кез келген жасотандық үшін қолайлы жағдай жасалғанын атап өтті.

— Биыл «Jas Otan» жастар қанаты елімізде алғаш рет халықаралық деңгейде «Жастар – Отанға» атты форум өткізіп, лагерь жұмысын ұйымдастырып жатыр. Бұл шара ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай өткізілуде. Лагерьде еліміздің 17 өңірінен жиналған жастар халықаралық қарым-қатынас және қауіпсіздік, экологиялық мәселелер төңірегінде пікір алмасып, түрлі шеберлік сыныптарына, тренингтерге қатысып, білімдерін шыңдауда. Бір-біріне қолдау білдіріп, жаңа достар тауып жатыр. Сондықтан біз үшін бұл шараның маңызы зор.  

Ал «Jas Otan» жастар қанатына келсек, бұл ұйым бүгінде еліміздегі 105 мыңнан астам жастың басын біріктіріп отыр. Биылғы жылы біз жалпы саны 2,5 миллионнан астам адамды қамтыған 10 мыңнан астам шара өткіздік. Оның ішінде 100-ден астамы — республикалық деңгейдегі ірі жобалар. Сондай-ақ қазір «Jas Otan» жастар қанаты құрамында 600 жас депутат қызмет етуде. Алдағы уақытта олардың саны артады деп сенеміз. Сондықтан лагерьге келіп, қатысып, белсенділік көрсеткен барша азаматтарға алғыс айтамын, — деді Нұржан Жетпісбаев.

Бұдан кейін кездесуде сөз сөйлеген Бауыржан Байбек жастар үшін саяси лагерьдің маңыздылығына тоқталып, шетелдерден келген қонақтарға өз ризашылығын жеткізді.

— Партия жанындағы «Jas Otan» жастар қанаты жиырма жылдың ішінде көпке үлгі боларлықтай саяси ұйымға айналды. Өткен жылы біз үшін тарихи, маңызы зор сайлау жасотандықтардың съезінен басталды. Сол съезде қабылданған бағдарлама көптің көңілінен шықты. Бүгінде сол бағдарламаның нәтижесін, ерекшелігін жастарға, халыққа түсіндіріп айтып жатырмыз. Жалпы, бұл тұрғыдан біздің айтарлықтай жетістіктеріміз көп. Біздің жастарымыз саяси науқан кезінде талмай еңбек етті. Сондықтан жасотандықтарға шын жүректен ризашылығымды білдіремін. 

Жастарды біріктіру оңай шаруа емес. Оған білім, күш-жігер, ой, идея керек. Ең бастысы, жүректе жалын болу керек. Міне, бүгінгі шараға әртүрлі деңгейдегі 50-ге жуық депутатымыз қатысып отыр. Жалпы, біздің жас депутаттарымыз ел алдына шығып, өзекті мәселелерді көтеріп келеді. Бұл жерде «Jas Otan»-ның маңызы зор.

Қазақта «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген нақыл сөз бар. Сондықтан біз алдымен еліміздегі жастарымызға қолайлы жағдай жасауымыз керек. Оларға дұрыс бағыт беріп, қолдау танытуымыз қажет. Ең бастысы,  керек кезде оларға еркіндік беруге тиіспіз. Сонда олар дұрыс жолды тауып, өз биігіне шығады деп ойлаймын. Біздің мақсатымыз — жастарға жағдай жасай отырып, қолдау көрсету, бір бағытта жұмыс жасау, тәуелсіз еліміздің дамып, гүлденуіне үлес қосу. Сол себепті бүгінгі шараға жиналып отырған барлық жастарға сәттілік, жеңістер тілеймін, — деді ол.

Айта кету керек, аталған жиынға онлайн режимде шетелдік бірқатар жастар ұйымының көшбасшылары мен белсенді жастар қатысты. Сондай-ақ кездесу барысында партия мен халықаралық ұйымдар арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Ислам Ынтымақтастық ұйымы Еуразия аумақтық жастар форумы орталығы директорының міндетін атқарушы Вузал Гурбановтың айтуынша, мұндай шаралардың жастарға берері көп. Себебі шара түрлі елдің жастарын біріктіріп қана қоймай, олардың болашақта кәсіби маман болып шығуына, тұлғалық дамуына зор ықпал етеді.

«Jas Otan» Ислам Ынтымақтастық ұйымы Жастар форумының Еуразия аймақтық орталығының белсенді мүшесі екендігін атап өткім келеді. Сол себепті биылғы лагерь жұмысына арнайы келіп, қатысып жатырмын. Маған мұндағы жастардың белсенділігі, өзара татулығы, ауызбіршілігі ұнады.

Қазақ өте қонақжай халық екен. Лагерьге келгелі сый-құрметке бөленіп, барлық шараларға атсалысып жатырмыз. Барша жасотандықтарға рақмет! — дейді В.Гурбанов.     

Лагерь соңында жасотандықтар Түркістан қаласына барып, арнайы ұйымдастырылған экскурсия аясында Қожа Ахмет Яссауи кесенесін, «Керуен Сарай» туристік кешенін аралады. Сондай-ақ Түркістан драма театрында болып, «Бөрте» пьесасының премьерасын тамашалады.

P.S. «Жастар — Отанға» саяси лагеріне біздің облыстан бір топ белсенді жас барып қайтты. Олардың қатарында «Jas Otan» жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Әнуар Искарин, «Jas Otan» жастар қанаты облыстық филиалының консультанты Мұрат Мұстафин, Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаттары — Азамат Усимбеков, Аслан Жұмашев, «Jas Otan» жастар қанаты облыстық филиалының белсендісі Әлішер Тыныштық, сондай-ақ «Jas Otan» жастар қанаты Шалқар аудандық филиалының атқарушы хатшысы, аудандық мәслихат депутаты Жанна Әбденовалар бар.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Ақтөбе-Түркістан-Ақтөбе.

Басқа жаңалықтар

Back to top button