Басты жаңалықтарӘдебиет

Облыс әкімі Оңдасын ОРАЗАЛИН: Көркем сөз мәңгі жасайды

«Заман зымырап өтеді, дәуір ауысады, қоғам өзгереді. Бірақ сөз, соның ішінде көркем сөз өлмейді. Қаламы жүйрік, талғамы биік қаламгерлер қауымы мәңгі жасайды», — деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин Ақтөбеде өткен «Әдебиет. Рух. Қоғам» республикалық әдебиет форумында сөйлеген сөзінде. Биыл құтты мекенде үшінші рет өткізіліп отырған шара ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылды.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті ғимаратының Мәңгілік ел залында өткен әдебиет форумына ҚР Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет бастаған қаламгерлер, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Мұрағаттар және құжаттама комитетінің төрағасы Қуат Борашев, Мәдениет және спорт министрінің кеңесшісі Ерлан Жұрынбаев, зиялы қауым өкілдері мен журналистер қатысты.

Жиынды ашқан облыс әкімі Оңдасын Оразалин Ақтөбе өңірінің атынан шақыртуды қабыл алып келген қонақтарға алғыс білдіріп, ұлттық әдебиетіміздің жаңа бір белеске көтерілуіне сүбелі үлес қосып отырған қаламгерлер қауымына ризашылығын жеткізді.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінде Ақтөбе өңірінде мәдени-рухани саланың дамуы жолында көптеген игі істер атқарылып жатыр. Форум барысында Оңдасын Оразалин соңғы үш жылда облыстың мәдениет саласында атқарылған негізгі жұмыстарға тоқталды.

— Алтын Орданың 750 жылдығына орай Ер Едігеге ескерткіш орнатылды, «Ер Едіге — Ноғайлы дәуірінің жыры» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылып, «Едіге» тарихи-қаһармандық эпосының басты кейіпкері «Ер Едіге» атты музыкалық дастаны дыбыстық жазбаға (СD-диск) түсірілді. Осы орайда екі күн бойы қатарынан өткізілген «Едіге деген ер екен» атты республикалық жыршылар байқауына өздеріңіз куәгер болдыңыздар. Өңіріміздің мәдени мұрасы Абат-Байтақ кесенесіне, Әбілқайыр хан жерленген Хан моласына  күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Өз заманында елдің руханиятына зор үлес қосқан тұлға — Досжан хазірет кесенесінің құрылысы осы жылы аяқталып, халық игілігіне беріледі деп жоспарлап отырмыз. Ақтөбе облысы Темір ауданы Тасқопа І қорымынан табылған сармат дәуіріндегі «Алтын адам»  ғылыми реконструкциясының тұсаукесері өткізілді. Тағы бір жағымды жаңалық – ауыл шаруашылығы колледжіне ақ тарының атасы Шығанақ Берсиевтің есімін беру туралы Үкіметтің қаулысы қабылданды.

Былтыр қала орталығында ұлы ойшыл, ақын Абай Құнанбайұлына ескерткіш тұрғызылған еді.  Бүгін осы шара аясында ақын Төлеген Айбергеновке, композитор Шәмші Қалдаяқовқа ескерткіштер ашылады. Сонымен қатар сәл кейінірек ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Алаш қайраткерлеріне арналған «Азаттықтың ақ таңы» мемориалды кешеннің  ашылуын жоспарлаудамыз. Ал бүгінгі өтіп жатқан форум аясында қазақ әдебиетінің дамуына ерекше үлес қосқан 10 қаламгерге атаулы сыйлық тағайындалды. Мұның барлығы ұлт мәдениетінің өсіп-өркендеуіне, қазақ әдебиетінің қарыштап дамуына бағытталған жұмыстардың бір бөлшегі ғана. Өңір қаламгерлерін қолдап,  қоғамдағы беделін арттырып, ұлттық сананы жаңғыртудағы рөлін нығайтуға бағытталған, — деді облыс әкімі.

Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулет соңғы жылдары Ақтөбеде әдебиетке, мәдиниетке, өнерге ерекше көңіл бөлініп, осындай шараларды өткізу дәстүрге айналғанын айтып, игі бастамаларды ұйымдастырып отырған облыс басшылығына ризашылығын жеткізді.

— Адам өмір сүру үшін ең бірінші не керек десе, біреу суды, біреу нанды айтады. Бірақ ауаны ұмытып кетеді. Шындығында, ауасыз су да, нан да керек болмай қалады. Ал сол ауадай қажет дегенде, біз алдымен әдебиетті айтуымыз керек. Әдебиетсіз адам тұншығады, адамзат тұншығады.

Ақтөбе соңғы жылдары әдебиет жанашырларының бас қосатын орнына айналды. Жалпы облыстың мәдени-әдеби әлеуетін көрсететін шаралар келешек ұрпақ үшін жасалуы қажет. Жанған шырақтың сөніп қалуы оп-оңай, ал сол шырақты үлкен жұлдызға айналдырып, әлемге жарық шашатындай дәрежеге жеткізу ізгілікті қадам. Тахауи Ахтанов, Қуандық Шаңғытбаев, Тобық Жармағамбетов, Сағи Жиенбаев, Өтежан Нұрғалиев, Қажығали Мұхамбетқалиұлы, Үмбетбай Уайдин секілді  қазақ әдебиетінің классигіне айналған жазушылардың есімдері өшіп кетпеу үшін, екіншіден, олардың шығармалары насихатталуы үшін, үшіншіден, олардың жолдары жалғасуы үшін мұндай шаралар керек.

Өткен жылы Ақтөбенің көркі асқақтаған Абайдың ескерткішімен кірсе, биыл Төлеген Айбергенов деген ақиық ақынымыз бен әннің падишасы болған Шәмші Қалдаяқовтың ескерткіштері қосылып жатыр. Бұның барлығы Ақтөбеде өнердің, әдебиеттің, мәдениеттің салтанат құруы деп есептейміз. «Алтын шыққан жерді белден қаз» деген бар. Осындай ұлылар туған жерден әлі талай таланттардың  шығарына сенеміз, — деді.

Шара барысында республикалық әдеби байқаудың жеңімпаздары марапатталды. Қазақ әдебиетінің дамуына ерекше үлес қосқан қаламгерлерге Төлеген Айбергенов, Сағи Жиенбаев, Өтежан Нұрғалиев атындағы «Үздік поэзиясы үшін»,

Тобық Жармағамбетов, Қажығали Мұхамбетқалиұлы атындағы «Үздік прозасы үшін»,

Тахауи Ахтанов, Бәкір Тәжібаев атындағы «Үздік драматургиясы үшін »,  Үмбетбай Уайдин атындағы «Үздік сатирасы үшін», Қуандық Шаңғытбаев атындағы «Үздік аудармасы үшін» және Ізтай Мәмбетов атындағы «Балаларға арналған үздік туындысы»  үшін, яғни барлығы 10 сыйлық тағайындалған болатын. Форумда осы сыйлықтар иелеріне тапсырылды.

Атап айтар болсақ, Тобық Жармағамбетов атындағы жүлде — Жұмабай Шаштайұлына, Қуандық Шаңғытбаев атындағы жүлде — Мейірхан Ақдәулетұлына, Бәкір Тәжібаев атындағы жүлде  — Қасымхан Бегімановқа, Қажығали Мұхамбетқалиұлы атындағы жүлде — Дәурен Қуатовқа, Өтежан Нұрғалиев атындағы жүлде — Нұржан Қуантайұлына, Ізтай Мәмбетов атындағы жүлде — Гүлімай Әбішқызына, Сағи Жиенбаев атындағы жүлде — Гүлсамал Аймахановаға, Төлеген Айбергенов атындағы жүлде — Ершат Қайболдинге, Үмбетбай Уайдин атындағы жүлде — Төрежан Мәндібайға, Тахауи Ахтанов атындағы жүлде Мырзан Кенжебайға табысталды. Арнайы сыйлық алғандардың әрқайсысы 1 миллион теңге көлемінде ақшалай сыйлықпен қатар, арнайы төсбелгімен марапатталды.

Жиында белгілі ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Амангелді Айталы:

— Ақтөбе бүгін үлкен бір рухтың, руханияттың ордасы болып отыр. Бұл —ақтөбеліктер үшін үлкен қуаныш. Мерейіміз тасып отыр. Жалпы, ақынды ой мен өмірдің ортасында жүретін ерекше тұлға деп айтады. Сондай-ақ ақындардың екі түрі болады дейді. Бірі дін үшін жазса, бірі күн үшін жазады. Бүгінде күн үшін жазатын ақындар азайды. Мықты өлеңдер шығып жатыр.

Бүгінгі шара, сөз жоқ, әрі қарай жалғасын табады. Ақтөбеміз осылай үлкен рух пен өркениеттің ордасына айнала берсін, — деді.  

Шара барысында Қасымхан Бегіманов, Жұмабай Шаштайұлы, Ершат Қайболдин, Гүлімай Әбішқызы, Гүлсамал Аймахановалар сөз сөйлеп, әдебиет, мәдениет туралы ойларын ортаға салып, Ақтөбе облысының басшылығына ақын-жазушыларды қолдау бағытында жасап жатқан жұмыстары үшін алғыстарын білдірді.

Форум барысында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Мұрағаттар және құжаттама комитетінің төрағасы Қуат Борашев республикалық байқауға түскен шығармалардың іріктелуіне былтырдан бастап талап күшейтілгенін айтты. Конкурс  жабық лицензияда өткізіледі. Сарапшылар байқауға ұсынылған шығармаларға автордың аты-жөнін білмей өз бағаларын береді.

Ғабит Мүсірепов: «Әдебиет пен өнер ұлы болмаған жерде — ұлт та ұлы бола  алмайды», — деген  екен. Ақтөбе қазақ әдебиетінің көркеюіне әрдайым өз үлесін қоса бермек. Бүгінгі форумның түйіні осындай болды. Құтты мекенде өткен бұл шара — туған әдебиетімізге деген жанашырлық қадам, үлкен жақсылықтың нышаны.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button