Басты жаңалықтар

Қалдаяқов пен Айбергеновке ескерткіш орнатылды

Кеше Ақтөбе қаласында даңқты композитор Шәмші Қалдаяқов пен көрнекті ақын Төлеген Айбергеновтің ескерткіштері ашылды.

Облыс орталығындағы Ғашықтар аллеясының бойында орналасқан қос ескерткіштің Ақтөбеде қойылуы тегіннен-тегін емес. Өйткені сөз бен саз өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған екі тұлғаның да ата-бабасы осы өңірде өмір сүрген. Яғни біздің облысқа қатысы бар.

Мемлекеттік гимннің авторларының бірі, қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың ой үстінде отырған бейнесін тасқа қашаған — мүсінші Жеңіс Жұбанқосов. Танымал музыка шеберінің қоладан құйылған мүсінінің биіктігі — 1,57 метр. Ал талантты ақын Төлеген Айбергеновтің ескерткіш-мүсінінің авторы — Жақсыбай Төлегенов. Соңғы аталған сәулет өнерінің жалпы биіктігі — 3,20 метр, ал мүсіннің биіктігі — 1 метр.

— Қазақ халқы таланттарға кенде емес. Әрқайсысының тарихта өз орны бар. Соның ішінде Шәмші Қалдаяқов пен Төлеген Айбергеновтің орындары бөлек. Екі тұлғаның шығармашылығы туралы қанша айтсақ та, түбіне жете алмаймыз. Олар көзі тірісінде-ақ халықтан бағасын алып қойған. Біздің міндет — сол құрметті өз деңгейінде ұлықтап, келесі ұрпаққа аманаттау.  

Биыл композитор мен ақынымызға Ақтөбенің қақ төрінен ескерткіш орнатамыз деп жоспар құрып, міне, бүгін соның куәсі болып отырмыз. Ондағы ойымыз — осы аллеяда жас талаптар өлең-жыр оқып, өзгелер өнеге алатындай алаңға айналса деген тілек.

Осындай қуаныштарымыз көп болсын! Жұртшылықтың сүйікті орнына айналатын жер болғай! — деп лебізін білдірді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.

Одан соң сөз алған Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, көрнекті ақын Ұлықбек Есдәулет:

— Бүгін біз сәулелі сәтке куә болып тұрмыз. «Поэзия дегеніміз құлақпен еститін музыка, ал музыка — жүрекпен тыңдайтын поэзия» деп жатады. Осы орайда ұлы ақынымыз бен композиторымызға осындай еңселі ескерткіштердің бой көтеруі күллі қазақтың қуанышы дер едім.

30 жасқа толар-толмас шағында аққан жұлдыздай өте шыққан ақынның өлеңінің жарығы әлі күнге дейін әр қазақтың жүрегін сәулелендіріп, көкірегін нұрландырып тұр. Төлеген ағамызды поэзияның падишасы десек, Шәмші ағамыз — вальстің королі, — деді.

Салтанатты шара барысында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі композитор, шәмшітанушы Қалдыбек Құрманәлі, филология ғылымдарының докторы белгілі ақын Бауыржан Жақып, Шәмші Қалдаяқовтың қарындасы Райхан Домбаева, Төлеген ақынның қызы Махаббат Айбергенова, т.б. жүрекжарды лебіздерін айтты.

Композитордың туындылары шырқалып, ақынның өлеңдері оқылған ашылу рәсімінің соңында ескерткіштерге гүл шоқтары қойылды. Жұртшылық естелік суретке түсті.

Республикалық «Әдебиет. Рух. Қоғам» форумының аясында ұйымдастырылған аталған шарадан соң қонақтар «Тұран» этно-фольклорлық ансамбльдің концертін тамашалады.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button