Мәдениет

Жырмен қауышқан күн

«Батыр Орақ,

Хан Мамай —

Ел мақтаған ер еді.

Қарасай, Қази екеуі

Орақтан туған ұл еді.

Еділдің бойы Сарайшық,

Ақтөбе мен Қорғанша —

Орақ пенен Мамайдың

Атақоныс жері еді», — деп келетін, Ақтөбе өңірінің, соның ішінде облыс орталығының тарихымен байланысты «Қарасай-Қази» жырын жырлаған Сәрсенбай жыршы «Едіге деген ер екен» атты республикалық байқаудың бас жүлдесін иемденді.

Аталмыш байқау 13-14 қазан күндері Ақтөбеде өтті. Байқау облыс әкімдігінің қолдауымен, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылды. Ұйымдастырушылар — облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен облыстық халық шығармашылығы орталығы.

Жыр — әдеби шығарма ғана емес, сонымен қатар ауызша тарихтың бір бөлшегі, бір тармағы. Жыр айту дәстүрі түркілерде ғана емес, Еуропада, басқа да халықтарда болған. Мысалы, Қытай «Гэсэриада», яғни Гэсэр хан немесе Қызыр хан туралы эпосты осы елде тұратын тибет, моңғол тектес халықтардың мәдени құндылығы әрі әлемдегі ең көлемді эпос ретінде дәріптеп отыр. Олар жыршылардан осы эпостың 5 мың сағаттық аудиожазбасын түсіріп алыпты. Жырлаушылардың ең үлкені — 88, ал ең кішісі 11 жаста екен.

Өткен ғасырдың 20-30-жылдарындағы қуғын-сүргінге дейін түркі халықтары да әлемнің әр түкпірінен келген саяхатшыларды жырау-жыршыларының көптігімен, жырға деген айрықша ықыласымен таңғалдырған. Қазақтың жыр мектебінің үлкен бір тармағы біздің Ақтөбе өңірінде болған. Олардың арасынан біз Нұрпейіс Байғаниннің шығармашылығымен таныспыз.

Кеңестік заманда алдымен саябырсып, кейіннен мүлде жойылуға айналған жыршылық өнерді жандандыру, соңғы жылдары «Рухани жаңғыру» бағдарламасының, соның ішінде ауызша және музыкалық дәстүрді жаңғырту бағытындағы шаралардың аясында, Ақтөбеде де қолға алынып отыр. Осы  республикалық байқау — соның бір дәлелі.

Бұл байқауға өз облысымыз және Маңғыстау, Қызылорда, Батыс Қазақстан сынды көршілес өңірлермен қатар, Жамбыл облысынан, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан да жыршылар қатысты. Барлығы 18 жыршы бақ сынасты. Ұйымдастырушылар атынан облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова сөз сөйлеп, жыршыларға сәттілік тіледі және жыршылық өнерді қолдауға, дамытуға арналған шаралардың алда да жалғаса беретінін айтты.

Қазылар алқасында белгілі жыршы-теремші, Маңғыстау облыстық ғылыми-әдістемелік, мәдени қызмет көрсету орталығының маманы Елдос Еміл төрағалық етті. Қазылар қатарында жыршы, облыстық халық шығармашылығы орталығы жанынан ашылған «Ер Едіге» жыр мектебінің ұстазы Әділбек Сарин, бауырлас қырғыз елінен келген жыршы, манасшы, Манас Орда Ұлттық кешенінің ғылыми қызметкері Камил Мамадалиев, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының директоры Серік Нұрмолдаев және облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова болды.

Байқаудың алғашқы кезеңінде Ақтан Керейұлы, Батақтың Сарысы, Шернияз Жарылғасұлы, Әбубәкір Кердері, Нұрпейіс Байғанин, т.б. белгілі жыршылар мен ақындардың шығармалары орындалса, екінші кезеңде ел аузында сонау ХV-ХVІІІ ғасырлардан бері айтылып келе жатқан жырларға кезек келді. Жыршылардың басым бөлігі Мұрын, Нұртуған жыраулар нұсқасындағы «Едіге батыр» жырынан үзінділер, «Прапария», жоғарыда айтқанымыздай «Қарасай-Қази» жырларын төгілтті. Басқа жырлар да ұмыт қалмады. Мысалы, биылғы жазда Ақтөбеде өткен облыстық жыршылар байқауының жеңімпазы Самал Медеубаева — «Жүсіп пайғамбар», ал Бердібай Тойғұлиев —«Қарақыпшақ Қобыланды», Жеңіс Елемесов «Асау-Барақ» жырынан үзінділер орындады.

Байқауға қатысқан жыршылар бірінен бірі өте өнер көрсеткенімен, қазылар алқасының мүшелеріне ақылдасып, олардың арасынан ең үздіктерін таңдауына тура келді. Қорытындысында бас жүлде маңғыстаулық Сәрсенбай Рахманбердиевке берілді. Жеңімпазға 700 мың теңгенің сертификаты табысталды. Ақтөбелік жыршы Бердібай Тойғұлиев І орын иегері атанды. Оның жүлдесі — 500 мың теңге.

Екінші орын батысқазақстандық Фархат Оразов пен ақтөбелік Жеңіс Елемесовке берілді. Олардың әрқайсысына 350 мың теңгелік сертификат тапсырылды. Үш бірдей жыршыға үшінші орын бұйырды: Манаш Әділбаев (Маңғыстау облысы), Нұрайым Ерталапқызы (Нұр-Сұлтан қаласы) және Самал Медеубаева (Ақтөбе облысы). Оларға берілген жүлде мөлшері — 250 мың теңге.

Ер Едіге атындағы арнайы жүлдеге (350 мың теңге) маңғыстаулық Аманкелді Сәңкібаевтың өнері лайық деп табылды. Ал Ақтөбе облысы әкімінің арнайы жүлдесін (150 мың теңге) Нұр-Сұлтан қаласынан келген жыршы Әбдірахман Естайұлы алды.

Бір қуантарлығы, байқауға қатысқан жыршылардың біразы — жастар. «Жас жыршы» жүлдесі (150 мың теңге) ақтөбелік Ғани Қайроллаевқа бұйырды.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button