Жаңалықтар

Күз басталғалы 724 оқушы коронавирусқа шалдыққан

Бұл туралы кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.

14 қазанда облыс бойынша КВИ-мен ауырған 99 жағдай тіркелді. Оның  ішінде  ауру симптомдары бар — 93, қалғандары ешқандай белгісіз тексерілу барысында анықталған. Аурушаңдықтың өсу деңгейі — 0,3 пайыз.

​​Жалпы, бүгінге дейін облыста КВИмен ауырған 33707 жағдай тіркелді.

Қазіргі таңда үй карантиніне 8718 адам алынып, оларға медициналық бақылау жүргізілуде, — деді Ақтөбе облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Гүлбану Дәулетова.

Оның айтуынша, мобильді мониторингтік топтардан және жергілікті полиция қызметінен түскен материалдарға сәйкес ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Кодексінің 425-бабы 1-тармағы бойынша анықталған бұзушылықтарға 91 миллион теңгеден астам қаражатқа ұзын саны 926 айыппұл салынған. Шектеу шараларын бұзғандар қатарында мейрамханалар, дүкендер, сауда үйлері,  басқа да нысандар бар.

— Осы жылдың 1 қыркүйегі мен 14 қазан күндері аралығында облыс бойынша мектеп жасындағы балалар арасында коронавирус инфекциясының 724 жағдайы тіркелді. Бүгінгі таңда коронавирус анықталған 152 мектептегі 112 сынып қашықтан оқыту  форматына көшіріліп, үй карантиніне жіберілді, — деген Гүлбану Дәулетова күз басталғалы өңірдегі 99 педагогтің аталған кеселге душар болғанын қосты.

Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров аса қауіпті аурулардың алдын алудың тиімді жолы вакцинация екенін, аталған індетпен күресте де бұның ықпалы зор екенін айтты. Соңғы деректерге сүйенсек, вакцинация бойынша бірінші компонентті 324 мыңнан астам адам алса,  екінші компонент бойынша 293 мың адам егілген.

14 сәуір күні іске қосылған «Ashyq» жобасына өңірдегі 4248 кәсіпкер қатысуға өтініш берген, олардың барлығына QR-код жүктелген. Соның көмегімен «сары» статусы бар 240 адам және «қызыл» статусы бар 335 адам анықталыпты.  Артынша «қызыл» статусы бар 92 жеке тұлғаға «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 425-бабы 1-тармағымен әкімшілік шара қолданылып, 4069215 теңгеге айыппұл салынған.

Шектеу шараларының жеңілдетілгеніне қарамастан, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тұрғындарды карантин талаптарын сақтауға шақырады.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button