Білім

Білімді ұрпақ – ел болашағы 

Сейсенбі күні облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өткен жиында жоғары және  арнаулы орта оқу орындарында оқитын бірқатар студенттерге атаулы  стипендиялар табысталды.     

Шараға облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова, басқарма басшылары, жоғары және арнаулы орта оқу орындарының басшылары стипендия иегерлері қатысты.

Кездесу барысында Оңдасын Оразалин елімізде қазіргі таңда жастарға жасалып жатқан жан-жақты қолдауларға тоқталып, 10 студентке атаулы стипендиясын табыс етті.

— Мемлекет басшысы атап өткендей, жас ұрпақты қолдау өте маңызды. Өйткені мемлекеттің дамуы мен болашағы тікелей осыған байланысты. Бүгін өңіріміздегі жоғары және арнаулы орта оқу орындарының үздік және белсенді студенттерімен кездесіп, атаулы стипендияны табыстадым. Жалпы, атаулы стипендия ынталандыру мақсатында соңғы үш жылдан бері оқу үлгерімі жоғары және облыстың қоғамдық жұмыстарына етене араласып жүрген екінші-үшінші курс студенттеріне тағайындалып келеді. Жауапты сала басшыларына бұл игі істі жүйелі түрде  жүргізіп отыруды тапсырдым, — деп атап өтті облыс әкімі.

Облыс әкімінің стипендиясы 2017 жылдан бастап беріліп келе жатыр. Осы жылдар аралығында жоғары оқу орындарының 1074, кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарының  300 студентіне атаулы стипендия тағайындалды. Биылғы жылы стипендия оқу үлгерімінде оң көрсеткіші бар, қоғамдық өмірге белсене қатысатын талантты және дарынды, соның ішінде әлеуметтік осал топтағы 175 адамға тағайындалды. Жоғары оқу орындарының 145 студентіне 160 мың теңге көлемінде  және кәсіби-техникалық білім беру мекемелерінің 30 студентіне 80 мың теңге көлемінде беріледі.

Шара соңында белсенді жастар өздеріне қолдау көрсетіп келе жатқан аймақ басшысына өз алғыстарын білдіріп, облыс әкімімен бірге естелік суретке түсті.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button