Басты жаңалықтар

Жазылушылар күнгі басқосу

Баспасөз — 2022

9 қазан — Дүниежүзілік пошта күніне орай «Қазпошта» АҚ облыстық филиалы ғимаратында «Жазылушылар күні» өтті. Мерекелік шарада өңірдегі басылымдар өкілдері оқырмандарымен кездесіп, бірнеше сала маманына сый-сияпат жасалды. «Ақтөбе Медиа» ЖШС көшпелі көрме ұйымдастырды. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері пошташылар мен оқырмандар —жиналған акцияның маңызы зор. 

Пошта қызметінде 760 ақтөбелік еңбек етеді

Жылдағы дәстүр бойынша 9 қазанда халықаралық пошташылар күні атап өтіледі. «Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» хат тасушылардың төл мерекесі соңғы жылдары кең көлемде тойланып жүр. Олай дейтініміз, пошта қызметіне тікелей қатысы бар газет-журнал редакциялары да атсалысып, бұл күні оқырмандарымен кездесуді, сала мамандарын марапаттауды әдетке айналдырған. Аталған игі іс биыл да жалғасын тапты.

«Қазпошта» АҚ облыстық филиалы ғимаратында салтанатты шара өтіп, оған облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттері мен «Үш таған» журналын біріктіретін «Ақтөбе Медиа» ЖШС басшылығы, өзге де БАҚ өкілдері, ардагерлер қатысып, тілек-лебіздерін ортаға салды.

— Біздің поштаның тарихы тереңде жатқаны белгілі. Қазіргі таңда қарқын тіптен күшейді, жер-жердегі пошта бөлімшелері қызу жұмыс істеп жатыр. Мақсат — түрлі жөнелтімдерді уақтылы жеткізу, жазылушылардың көңілінен шығу.

Осы орайда 2022 жылға баспасөзге жазылу бойынша науқанның басталғанын айтқым келеді. Барлық БАҚ өкілдеріне осы дәстүрлі кезеңнің сәтті өтуіне тілектестігімді білдіремін. Оқырмандарыңыз көп болсын!

Бүгін — біз үшін үлкен мереке. Барлық сала қызметкерлерін біздің акционерлік қоғам атынан құттықтаймын. Еңбекте табыс, отбасыларыңызға амандық, барлық жақсылықты тілеймін! — деп құттықтау сөз сөйлеген «Қазпошта» АҚ облыстық филиалының директоры Азат Ілиясов артынша бір топ қызметкерге Құрмет грамотасын табыс етті.

Ресми деректерге сүйенсек, қазіргі таңда өңірде 19 қалалық, 12 аудандық, 66 ауылдық пошта бөлімшесі жұмыс істейді. Сондай-ақ пошта байланысының 5 пункті, 13 сәлемдемелер супермаркеті және ірі көлемдегі пошта жөнелтімдерін қабылдайтын 4 пункт бар. Ал облыстағы пошта қызметінде барлығы 760 қызметкер еңбек етіп жүр. Оның 13-і — «Құрметті пошташы» атағының иесі.

Жалпы, бүгінгі таңда «Қазпошта» АҚ Ақтөбе филиалы — дәстүрлі хаттар мен сәлемдемелерден бөлек, жұртшылыққа электрондық және қаржылық сервистердің кең түрін ұсынатын желі. Айталық, ақпараттық технологиялар ғасырында интернет-дүкендердің сайттары арқылы электрондық сауда, соның ішінде жөнелтімдерді алу-жөнелту осы пошта қызметімен жүзеге асырылады.

Хаттардың дені электрондық поштамен жазылатынына қарамастан, гибридтік жөнелтілімдер нарығы осы «Қазпошта» АҚ-на тікелей қатысты. Бұл жоба кезең-кезеңімен дамып, Ақтөбе филиалында 7 жылдан астам уақыттан бері табысты қолданып келеді. Серіктестердің арасында Жоғарғы Сот, ҚР Бас прокуратурасы, т.б. ұйымдар бар.

Мұнымен бірге интернет сервис енгізіліп, post.kz сайты арқылы хатыңыздың қай жерде бара жатқанын, басқа да қажетті мәліметтерді алуға мүмкіндік бар.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

 9 қазан — пошташылардың төл мерекесі. Дүниежүзілік пошта күні — Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесінде атап өтілетін күндердің бірі.

Бұл күн Дүниежүзілік пошта одағы 14-ші конгресінің шешімімен одақтың 1874 жылы құрылған күні құрметіне атап өтіледі. Ал Дүниежүзілік пошта күні ретінде Пошташылардың дүниежүзілік одағының 1969 жылы Токиода өткен конгресінде жария етілді.

1874 жылы 9 қазанда Швейцарияның Бьерне  қаласында 22 елдің өкілдері Бас пошта одағының негізін бекітетін Берн келісіміне қол қойды. 1878 жылы одақ өз атауын өзгертіп, Дүниежүзілік пошта одағы (ДПО) деп атала бастады. Бүгінгі таңда ДПО-ға 189 мемлекет мүше. Бүкіл әлемде 9 қазаннан бастап халықаралық хат апталығы өткізіледі.

1992  жылдың 27 тамызында еліміз Бүкіләлемдік пошта одағына мүше болып кірді.

Ақтөбе жеріндегі пошта тарихы XIX ғасырдың сексенінші жылдарынан бастау алады. Ол уақытта Ақтөбе уездік қаласы Торғай облысының Орынбор-Торғай губерниясының құрамында болған-ды. Ақтөбе қаласындағы алғашқы пошта стансасы 1881 жылдың 1 қазанында ашылып, түрлі пошталық жөнелтілімдер жіберу бағытында жұмыс жасаған екен. Бұл поштаның жұмыс жасауы үшін жергілікті тұрғындардан қаржы жиналатын болыпты. Ол кездері Торғай облысына шектесетін Орск-Теректі пошта стансасы Ресей мен Түркістан округі арасын байланыстырған.

1882 жылы алғашқылардың бірі болып Ырғыз пошта бөлімшесі ашылды. 1886 жылы бұл бөлімше пошта-телеграфтық кеңсе болып қайта құрылды. 1884 жылы уезде 3 пошталық ұйым жұмыс жасады, олар — Ақтөбе, Қарабұтақ және Ырғыз пошта стансалары.

Арадағы байланыс беки түсті

Мерекелік шарада облыстық «Ақтөбе» мен «Актюбинский вестник» газеттері және «Үш таған» журналының өкілдері де болды. Қос басылымның әр жылдары шыққан нөмірлері, мекеме жанынан шығарылған кітап-журналдар, өзге де көрнекі құралдар қойылған көшпелі көрме ұсынылды. Өңір баспасөзінің қара шаңырағының тыныс-тіршілігі туралы хабар беретін көрме көпшіліктің қызығушылығын тудырды.

«Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин:

— «Қазпошта» акционерлік қоғамы облыстық филиалы мен біздің серіктестікпен әріптестік меморандумға қол қойылып, соның арқасында арадағы байланыстың жаңа кезеңіне қадам бастық. Жақында бірлескен түрде Ырғыз, Шалқар аудандарындағы оқырмандар және жазылушылармен кездесіп, өзара пікір алысып қайттық. Ондағы ойымыз —  үшжақты байланысты нығайту, ой бөлісу.

Қазір әлеуметтік желілердің дамыған кезі. Бірақ бәрібір газеттің орны бөлек. Іздеушілер аз емес. Оқырманын тапқан газет өміршең болар демекші, біз де өз тарапымыздан қолдан келгеннің бәрін жасап, қай жағынан да әріптестікті күшейтуге тырысып жатырмыз, — дей келе,  бір топ пошта қызметкеріне Алғыс хат пен естелік сыйлықтарды ұсынды.

Cолардың бірі — №8 пошта бөлімшесінің қызметкері Айнұр Нұрқасынова:

— Осы салада қызмет еткеніме он жыл болды. Жұмысым өзіме ұнайды. Ешқандай қиындық жоқ. Тек адамдармен тез тіл табыса білу керек.

Мен газет таратқанда байқағаным, жазылушылардың көпшілігі — егде тартқан оқырмандар. Сені асыға күтіп отырады. Газет оқитындар аз деген пікірмен мүлде келіспеймін. Шын мәнінде, газет-журнал оқитындар көп. Соның ішінде облыстық «Ақтөбе» газетін жаздырып алушылар көп, — деп пікірін білдірді.

Лебіздер ақтарылып, тілектер айтылды

 Қазбек ҚАДЫРОВ,

№4 қалалық емхананың бас дәрігерінің орынбасары:

— «Ақтөбе» газетіне әзірге 50 данаға жазылдық. Жазылу науқаны енді басталды ғой. Сондықтан жазылушылар саны әлі артады деп ойлаймын. Жалпы, біздің ұжымда 450 адам жұмыс істейді.

Пошташыларды, осы мамандық иелеріне қатысы барлар газет қызметкерлерін осынау мерекемен құттықтаймын.

 Айымгүл БАЯУБАЕВА,

«Қазпошта» АҚ облыстық филиалының қызметкері:

— Менің міндетіме хаттарды іріктеу кіреді. Бұл ретте «қазір ешкім хат жазбайды» дегенге келіспеймін. Біз күніне кем дегенде 400 хат қабылдаймыз. Кейде 700-800-ге дейін барады. Ал пошта арқылы жеткізілетін газет-журналдар тіптен көп. Сондықтан поштаның да, газеттің де ғұмырлы болатынына сенімім мол.

Бүгін әріптестеріммен бірге мекеме басшылығынан Құрмет грамотасын алып отырғаныма өте қуаныштымын.

 Мағаз ЕСЕНҒАЛИЕВ,

зейнеткер:

— Жастайымнан әр түрлі басылымдарды оқуға дағдыланғанмын. Соның ішінде экономика тақырыбында жазылған материалдарды жаным сүйеді. Ең бірінші кезекте «Деловой Казахстан» деген газетті жаздыртып оқимын. Сосын, әрине, өзіміздің облыстық «Ақтөбе» газетіне жыл сайын жазыламын. «Egemen Qazaqstan» да солай.

Басылымдарды оқу арқылы рухани демаламын. Танымым кеңейеді. Соған міндетті түрде уақыт арнаймын.

Энергетика саласының маманы болсам да, газет оқудан ешқашан қол үзгенім жоқ. Өйткені сол арқылы жаңалықтарды біліп қана қоймай, әртүрлі адамдардың тағдырына қанық боласың, алуан тақырыптағы мақалаларды оқисың.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button