Рухани жаңғыру

Киелі жыр өнерін үйрететін мектеп

Өңірде ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы Н.Назарбаевтың  «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында көрсетілген мақсат-міндеттерді орындау мақсатында кешенді іс-ш­а­ралар мен жобалар іске асырылып келеді. Соның ішінде ұлтымыздың баға жетпес құндылығына балан­ған төл өнеріміз — жырды көзі­міздің қара­шығындай сақ­тап, ұр­пақтан-ұрпаққа жеткізу де назардан тыс қалмады. Өйткені жоғарыда аталған бағдарламалық мақалада Елбасы: «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуы тиіс», — деп жазды.

Атқарушы биліктің қолдауымен облыстық халық шы­ғар­машылығы орталығы «Едіге» эпосының 600 жылдығы мен Алтын Орданың 750 жылдық мерейтойы аясында қолға алған «Ер Едіге» рухани жобасы — соның бір көрінісі. Бұл, бір жағынан, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасының 4 жылдығы аясында ұйымдастырылды. Кеңінен тоқталсақ, былтыр облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің мұрындық болуымен «Ер Еді­­ге» Ноғайлы дәуірінің жыры» музыкалық альбомы жарыққа шықты. Ұлттық руханиятқа қосылған елеулі еңбектің таныстырылымы салтанатты жағдайда өтті.

Биыл соның жалғасы ретінде «Наурыз-2021» өңірлік іс-шаралардың «Шежіре күні» аясында облыстық халық шығармашылығы орталығы жанынан «Ер Едіге» жыр мектебі ашылды. Алаш елінің айтулы датасына орайластырылған ұлттық жобаның өріс алуы тегіннен-тегін емес. Мақсат — жыраулық дәстүрді кеңінен насихаттап, жыр құнарымен сусындаған орта қалыптастыру, қасиетті өнер иелерінің көшін жалғайтын талантты жыршыларды тәрбиелеу. Сондай-ақ мәдениет саласының майталмандары сол арқылы ел арасында есімі белгілі жыршы-жыраулардың репертуарындағы эпос, қисса-дастандарда көрсетілген жерлер мен тұлғалар туралы деректерді жинақтап, зерделеуді көздеп отыр.

— «Ер Едіге» жыр мектебінің ашылуы —  биік мақсат-мүдделерге жетелейтіні сөзсіз. Себебі қазақ халқының басынан өткен әртүрлі оқиғалар осы жырда кеңінен баяндалған. Тиісінше мұндай эпостар көп-ақ. Яғни зерттейтін дүние жетеді.

Тарихи-қаһармандық жыр­лар­дың басты лейтмотиві — өз елін сыртқы және ішкі жаулардан, бас­қыншылардан қорғау, әділеттік іздеу, елдің бірлігі, бүтіндігі жолындағы халқымыздың өмірі. Мұнда қазақтардың тұ­рмыс-тіршілігі де айқын суреттелген. Мысалы, халық арасында кең тараған «Қобыланды батыр», «Алпамыс», «Ер Тарғын», «Қамбар батыр» секілді эпос­тық жырлар мен «Айман-Шолпан», «Қыз Жібек», «Мұңлық-Зарлық», махаббат дастандарында қазақтардың сол кездегі мінезін, ділін, таным-түсінігін аңғару қиын емес. Ендігі сол тарихи-қаһармандық жыр­лардың мағынасы мен көркем­дік-рухани қасиетін, бұның әлемдік деңгейдегі белгілі шығармалардан кем түспейтінін кейінгі ұрпаққа ұғындыру — басты жұмысымыз, — дейді облыстық халық шы­ғар­машылығы орталығы директорының орынбасары Гүлнар Сейталина.

Әлбетте, жыраулық өнерді дәріптеп, ұл-қыздарға үйретуде аталмыш мектеп оқытушыларының рөлі зор. «Ер Едіге» жыр мектебінде белгілі жырау Демеубай Жолымбетов бастаған Әділбек Сарин, Есентүгел Әзи, т.б. ұстаздық етеді.

Облыстық халық шы­ғар­машылығы орталығы директорының орынбасары Гүлнар Сейталинаның айтуынша, Демеубай Жолымбетов —  Арал өңірінің перзенті. Бала күнінен өз әкесінен, жыршы Әбдіқұл Әбдиевтен жыр-термелер үйреніп өскен. Ол — 2001 жылы өткен «Ғасырлар тоғысында» атты республикалық жыршылар мен термешілер байқауының, 2010 жылы Нұрпейіс Байғаниннің 150 жылдығына орай ұйымдастырылған республикалық байқаудың, 2011 жылы Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай Өскемен қаласында өткен республикалық байқаудың жеңімпазы, басқа да көптеген байқаулардың жүлдегері. Сондай-ақ қазақтың ұлттық өнерін насихаттау мақсатындағы шараларға қатысып, Еуропа елдерінде де болған. Жыршының репертуарында «Қарасай-Қази», «Сартай хан», Абайдың «Ескендір» дастаны, өзге де жырлар, сонымен бірге Кердері Әбубәкір, Кете Жүсіп, Тұрмағамбет шайыр, т.б. ақындардың терме-толғаулары бар.

Бүгінгі таңда жыр мектебіне 7-16 жас аралығындағы 40-қа жуық жас жыршы қатысып жүр. Оқу ақысыз негізде өтеді. Оқушылардың арасында бір үйден қатарынан үш бала қатысып жатқан Ізбасаровтар отбасы бар. Сондай-ақ соңғы күндері егде жастағы адамдар да қызығушылық танытып, ниет білдіріп жатқан көрінеді…

«Ер Едіге» жыр мектебінің тұжырымдамасы бекітілді. Яғни сабақ жоспары бар.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында нағыз жаңғыру туралы былай деп жазады:

«Мен қазақ­стан­дық­­тардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын. Біріншісі — ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екіншісі — алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек.

Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді. Оның екі қыры бар. Біріншіден, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту. Екіншіден, ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту.

Қазір салтанат құрып тұрған жаңғыру үлгіле­рі­нің қандай қатері болуы мүмкін? Қатер жаңғыруды әркімнің ұлттық даму үлгі­сін бәріне ортақ, әмбебап үлгіге алмастыру ре­тінде қарастыруда болып отыр. Алайда өмірдің өзі бұл пайымның түбірімен қате екенін көрсетіп берді. Іс жүзінде әрбір өңір мен әрбір мемлекет өзінің дербес даму үлгісін қалыптастыруда.

Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс.

Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күй­лері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана».

Қазіргі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты жыр мектебінің жұмысы онлайн форматта да жалғасады. Айталық, @Аktobe_ocnt инстаграм парақшасы арқылы ақын, жырау Кердері Әбубәкірдің 160 жылдығына, «Батыс өңірінің жыршылық мектебі» тақырыбында онлайн жыр кештері ұйымдастырылып жатыр. Сол сияқты жаһандық желіде сұхбаттар, басқа да шаралар өтеді. Көрермен жоғарыда аталған инстаграм парақшаға жазылып, онлайн жыр кештерінің уақытын біле алады. Сондай-ақ Zoom платформасы арқылы да семинар-кеңестер жүргізіледі.

— Алдағы жоспар айқын. Ең әуелгі кезекте балаларға түрлі эпос, жырларды жаттатқызамыз, ондағы мазмұнды түсіндіреміз. Осы орайда таяу уақытта облыстық халық шығармашылығы орталығы «Едіге деген ер екен» атаумен республикалық жыршылар байқауын өткізіп, қалалық, аудандық Мәдениет үйлері мен ауылдық клубтардың осы бағыттағы жұмыстарын жандандыруды жоспарлап отыр. Ең бастысы, оқушыларды осы жыраулық өнерге баулысақ, келер ұрпаққа соны аманаттасақ дейміз, — дейді әңгімелесушіміз.

Біз өз тарапымыздан жыраулық өнерді дәріптеп, меңгеруде өрендерімізге сәттілік тілейміз!

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button