Ауыл

«Туған өлкем — Аққайтым»

Жаңақоныс ауылдық округінде «Туған жерге тағзым» акциясы бойынша бірқатар жұмыстар атқарылуда. Әлемде жаппай етек алған пандемия  кедергілеріне қарамастан, ауыл азаматтары қайырымдылық істерде алға шығып, туған мекен келешегі үшін үлгілі істер тындыруда. Ауылдағы орта мектепті осыдан отыз жыл бұрын бітірген түлектер, яғни 1973 жылы дүниеге келген азаматтар бірігіп, округ орталығының кіреберісіне жас жұбайлар аялдайтын киіз үй тәрізді «Келінтөбе»  орнатқан.

Ауыл жастарының бастамасымен және тікелей демеушілігімен «Туған өлкем — Аққайтым» деп жазылған үлкен стела жасалған.

Осы көрнекіліктің ашылу салтанаты да жоғары деңгейде ұйымдастырылыпты. Ауылдастар бас қосқан қуанышты шарада  Жаңақоныс ауылдық округінің әкімі Манас Каюпов пен еңбек ардагерлері туған мекен үшін жасалып жатқан игі істерге өз ризашылықтарын білдіріп, үлкендер жағы «Жастарымыз ауызбіршілікпен алда да толағай істер тындырсын!» деп баталарын берді.

Шара аясында  спорттық сайыстар  өткізіліп, жастар гір тасын көтеру, шағын футбол ойындарынан өзара бақ сынасып, жеңімпаздар мадақтама қағаздар мен арнайы тағайындалған сыйлықтарға ие болды. Ал  ауыл бүлдіршіндері тегін балмұздаққа кенеліп, шаттыққа бөленді.

— Тәуелсіздіктің 30 жылдығына біздің ауыл жоғары деңгейде жетіп отыр. Осы  жылдары   Аққайтымда ауқымды жұмыстар жасалып, елді мекен келбеті өзгерді десек те болады. Ең бастысы — мемлекеттік қолдаулар нәтижесінде тұрғындарға қолайлы жағдайлар туды. Ауылдың инфрақұрылымдық жүйесі жаңарды, аналарымыз тезек жинап, күл шығаратын батпан бейнеттен құтылып, халық көгілдір отынға қол жеткізді, ауызсудың игілігін тұрақты көре бастады. Аудан орталығынан тақтайдай тегіс тасжол төселді, ұялы байланыс орнатылды. Бұның барлығы — кешегі кезеңде ойға да алынбаған шаруалар. Сондықтан біз Тәуелсіздіктің әр күнін қадірлеп, мемлекетіміздің алға қойған әр жоспарының артында елге ортақ осындай береке бар деп жақсылық күтуіміз керек. Әсіресе болашақ жас буын осыны тереңірек ұғынғандары дұрыс, — дейді аталған округ әкімі аппаратының бас маманы Мырзаш Шөкенов.

Бұл округке Аққайтым, Қопасор ауылдары қарайды, жалпы халық саны қазір — 702. Мал шаруашылығымен 56 шаруа қожалығы айналысады.

Мұхтар МЫРЗАЛИН,

Шалқар ауданы. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button