Басты жаңалықтар

Мәртөк ауданы: тоғыз айдың түйіні

Баспасөз туры

Ақтөбе өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған көшпелі баспасөз туры Мәртөк ауданында өтті. Іссапар кезінде бірнеше ауылда болған бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері ауданда атқарылып жатқан игілікті істерді көзбен көріп, аймақтың тыныс-тіршілігімен танысып қайтты.

Ауыл көшелері жөнделді

Құрамында 32 елді мекені бар Мәртөк ауданының тұрғындары, негізінен, егін және мал шаруашылығына бейімделген. Бүгінде диқандар күзгі жиын-терін жұмыстарымен айналысып, шаруалар қысқы мал азығын жинап жатыр. Сондай-ақ бірнеше ауылдың көшелеріне асфальт төселіп, газ құбырлары тартылуда. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы жүзеге асырылып жатқан жобалар да жетерлік.

Баспасөз туры Мәртөк ауданындағы Сарыжар ауылынан басталды. Қазір мұндағы

Сарыжар орта мектебіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы арқылы қолға алынған бұл жобаға республикалық және облыстық бюджеттен 167 миллион теңге қаражат бөлінген. Аудандық білім бөлімінің басшысы Нұржан Ашимовтың айтуынша, 1973 жылы салынған ескі мектеп ғимараты бұрын-соңды күрделі жөндеу көрмеген. Соңғы рет 2001 жылы оқушылар санының өсуіне байланысты мектеп жанынан қосымша ғимарат салынған.

Осы мектептің 564 оқушысы әзірге ауылдағы екінші мектепте білім алуда. Балаларды тасымалдау үшін арнайы екі автобус берілді. Қазір құрылыс жұмыстарының қарқыны жақсы, бірнеше бригада жұмыс жасап жатыр. Сондықтан қараша айының басында аяқтауды жоспарлап отырмыз. Өткен қыркүйек айында 58 миллион теңге қаражатқа оқу шеберханасы күрделі жөндеуден өтті, — дейді Нұржан Ашимов.

Оның айтуынша, жалпы Мәртөк ауданында 28 мектеп, 20 балабақша және 2 қосымша білім беру мекемесі бар. Барлық мектептерде компьютерлік техника және интернет жүйесі қамтылған. Сондай-ақ қазір ауданда жеке инвестиция есебінен әрқайсысы 150 балаға арналған екі балабақша ғимараты салынып жатыр.

Одан әрі БАҚ өкілдері Тәңірберген ауылдық округіне жол тартты. Екі мыңға жуық тұрғыны бар округте жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қазір Саржансай ауылындағы 5 көшенің, Кеңсахара ауылының кіреберіс жолы мен 1 көшенің құрылыс жұмыстары аяқталды.

— Жалпы ұзындығы 2950 метр болатын 5 көшеге асфальт төселді. Бұл жұмыстарға 61 миллион теңге қаражат бөлінді. Сонымен қатар Әлия Молдағұлова көшесін қазан айының соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Бұл жобалардың барлығы «Ауыл — ел бесігі» жобасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Енді келер жылға жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Саржансайда тағы 4 көшені, Кеңсахарада 2 көшені жөндеу жоспарда бар, — дейді Тәңірберген ауылдық округінің әкімі Аманбай Нұрмұханбетов.

Жалпы, ауылдағы тұрғындар санының өсімі жақсы. Бүгінде Саржансайға сырттан көшіп келушілер қарасы көп. Бала саны да артып келеді. Қазір жер алу үшін кезекте 550 адам тұр.

Саржансайда құрылыс жұмыстары қызу жүргізілуде. Қазір ауылда әкімдік ғимараты және спорт кешені салынып жатыр. Бұл нысандар биыл желтоқсан айында қолданысқа берілмек. Сондай-ақ ауылда балаларға арналған бірнеше ойын алаңдары да пайдалануға берілген. Сонымен қатар «Туған жерге тағзым» акциясы белсенді жүзеге асырылып жатыр.

Биыл мал суару мәселесі қиындық туғызған болатын. «Айс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жоба құны 5 миллион теңге болатын ұңғыма қазып берді. Енді бұл мәселе толығымен шешілді, — дейді округ әкімі.

Күзгі жиын-терін жалғасуда

Аудан әкімі Алмас Салықбаевтың айтуынша, биыл ауданда егіс алқабы 2 пайызға ұлғайып, 8 мың гектарды құраған. Шілде айынан бастап егін жинау жұмыстары басталды. Бүгінгі күні 63070 гектар дәнді-дақыл орылып, 28164,4 тонна өнім алынды. Сондай-ақ қысқы мал азығын дайындау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қазір 158686,8 тонна шөп дайындалған.

Баспасөз турына қатысушылар Тәңірберген ауылдық округінің Кенсахара ауылындағы «РадАгро» ЖШС-на барды. Мұнда аталған қожалық иесі Әлімжан Айтмұхамбетов шаруа жайымен кеңінен таныстырды.

— Шаруашылық 2004 жылы құрылды. Негізгі бағыты — асылтұқымды қызыл дала сиырын ұстау. Бастапқы кезде 50 қашар сатып алдық. Қазір шаруашылықта 400-ден астам ірі қара бар. Мал басы жыл сайын көбейіп келеді. Жылына 320 тонна сүт тапсырамыз.

Мемлекет тарапынан қолдау бар. Берілген субсидияға шаруашылыққа қажетті техникалар сатып алдық. Мұның барлығы біз үшін үлкен көмек, — дейді Әлімжан Айтмұхамбетов.

Биыл шаруашылық 930 гектар аумаққа жүгері де еккен. Қазір жинау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Шаруашылықта 40-қа жуық адам тұрақты жұмыс істейді. Олардың жатын орындары қарастырылған. Биыл асхана ғимараты жаңартылып жатыр.

Кәсіпкердің алдағы мақсаты — шаруашылықты одан әрі кеңейту. Келер жылы сүт фермасын ашу да жоспарда бар.

Биыл екі ауылға газ барады

Одан әрі Аққұдық ауылдық округіне келіп, құрылысы қызу жүріп жатқан газбен жабдықтау жүйесінің жұмысын көрдік. Тілшілерге мұнда аталған округ әкімі Ерлан Төкебаев атқарылып жатқан ауқымды істер туралы ақпарат берді. Қазір округтің  Достық және Вознесеновка ауылдарына газ тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

  • Бүгінде округте 1122 адам тұрады. Ауылішілік газ құбырын тарту жұмыстары да қызу жүргізілуде. Биыл желтоқсан айына дейін екі ауылды көгілдір отынмен қамтамасыз ету жоспарланып отыр, — дейді Ерлан Төкебаев.

Газ құбырының жалпы ұзындығы 30 шақырымды құрайды. Бұл жұмыстарға 354 миллион теңге қаржы бөлінген.

Көгілдір отынның келетініне ауыл тұрғындары дән риза.

  • Жеріміз шұрайлы. Мал ұстауға өте қолайлы мекен. Ауызсу бар, жол салынды. Ауылдағы бір мәселе — көгілдір отынның жоқтығы еді. Енді бұл да шешілгелі отыр. Осы іске қолдау танытқан барша азаматтарға ризашылығымызды білдіреміз, — дейді Вознесеновка ауылының тұрғыны Александр Тен Чин Хай.

Аудан әкімі Алмас Салықбаевтың айтуынша, аудандағы 9 ірі елді мекенде көгілдір отын бар. Қаратаусай және Байторысай елді мекендеріне газ құбырын тарту құрылысына құжаттар әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алды. Құрылыс-монтаждау жұмыстары келер жылы басталмақ.

Сондай-ақ аудан тұрғындарының  94,9 пайызы орталықтандырылған сумен қамтылған. Биыл шілде айында Дмитриевка, Покровка, Жаңажол, Первомайка ауылдарына су тазарту станциясы орнатылған. Қазіргі таңда ұңғыма қазылып, су қосу жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар аудандағы тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың мәселесін шешу мақсатында Мәртөк ауылында 39 екі пәтерлі жалдамалы-коммуналдық тұрғын үйдің құрылысы басталды. Жоба құны — 918,3 миллион теңге.

Бүгінгі күні аудан халқының 94 пайызы интернетпен қамтылған. Биыл Қызылжар, Вознесеновка және Байторысай елді мекендері ұялы байланыспен қамтамасыз етілді. Жыл соңына дейін Аққайың ауылына да орнатылмақ.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК,

Мәртөк ауданы.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button