«Ақтөбе — құтты мекен»Басты жаңалықтар

Жасыл желек еккен күн

Бес жыл ішінде еліміздегі орман алқаптарында 2 мил­лиард, елді мекендерде 15 миллион ағаш отырғызылатын болады. Бұл елі­міздегі көгалдандыру ауқымын кеңейтуге септігін тигізеді.  Президент Қ.Тоқаев былтырғы халыққа Жолдауында осылай деген-ді. Үкіметке экологиялық ахуалды жақ­сар­ту жөніндегі шараларды нақты жүзеге асыруға кірісуді тапсырып, биоло­гиялық әркелкілікті сақтау және тиімді пайдалану жөніндегі ұзақ мерзімді жоспарларды бекітуге тапсырма берген болатын. Елімізде жасыл желек ауқымын ұлғайту мәселесі де міндеттелді.   

Ақтөбеде жасыл желек аумағын кеңейтуге қатысты ауқымды жұмыстар жүргізіліп келеді. Қаламызда екі айлық сенбілік жарияланып, саябақтарда күзгі тал егу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Қалада 7 мың көшет егіледі

Ақтөбе қаласының бірнеше аумағында «Өз ағашыңды отырғызып, қаламыздың көгалдануына үлесіңді қос!» акциясы өтті.  Бөкенбай батыр көшесі мен Триатлон саябағында, «Нұр Ақтөбе» ауданындағы Есет батыр ескерткіші маңында және ҚР Тұңғыш Президенті атындағы саябақта тал отырғызылды. Күз мезгілінде жалпы қала аумағы бойынша 7 мыңнан астам көшет егу жоспарланған.   

— Мемлекет Басшысының еліміздегі орман алқаптарын кеңейту, елді мекендерде көгалдандыру аумағын кеңейту тапсырмасына орай облыс аумағын жасыл желектендіру бойынша көп жұмыс атқарылып келеді. Президенттің тапсырмасына сай, бұл бағытта үш жылдық жол картасын бекіттік. Осы құжат аясында биылдың өзінде барлық аудандардың орман шаруашылықтарына жаңа техникалар мен қажетті құрал-жабдықтар сатып алынды. Расын айту керек, орман шаруашылықтарының техникасы, материалдық базасы ескіріп кеткен еді, осы сала дұрыс еленбей жүрген-ді. Бұл жұмыс алдағы жылы да жалғасатын болады.

Қаламыздың көркін ашатын гүлдерді, ағаш-талдарды егіп, күтіп-баптау, өсіру — әрбір тұрғынның міндеті. Өз ауласын көгалдандырып, жасыл желекпен көмкеру —  мәдениеттің белгісі, — деді аймақ басшысы Оңдасын Оразалин.

Қала әкімі Асхат Шахаровтың айтуынша, екі жылдан бері қала аумағындағы талдарды кесуге тыйым салынған. Ал құрылыс жұмыстары жүргізген кездері, басқа да себеппен тал кескен мекемелер оның орнын он есе толтыруға міндетті. Мәселен, сенбі күнгі тал егу акциясы барысында «Holding agro» компаниясы «Нұр-Ақтөбе» ауданындағы Есет батыр ескерткішінің айналасындағы саябаққа 1590 тал екті. Бұл компания кезінде газ құю станциясы құрылысы жұмыстарын жүргізгенде 150 талды кескен. Енді оның орнына он есе көп көшет отырғызды.

— Сонымен бірге былтырдан бастап талдарды суару жүйесін де ретке келтіре бастадық. Топырақ жамылғысын минералдармен байыту, талдарды күтіп ұстау сынды жұмыстар да жүйелі атқарылады. Осы мақсатта тендер өткзілгеннен кейін мердігер мекемелермен үш жылдық келісімшартқа отырамыз. Яғни олар бұрынғыдай бір жыл емес, үш жыл бойы өзіне тапсырылған жұмыстарды атқаратын болады, — деді Асхат Шахаров.

Мойыл бозқарағаннан да ерте гүлдейді

Мойыл — мамыр-маусым айларында гүлдейтін тал. Триатлон саябағында күзгі уақытта мойылдың мың жарым көшеті егілмек.

Көгалдандыру жұмысымен айналысатын «Primavera Plus» ЖШС басшысы Светлана Симоненко бастаған мамандар көшеттерді агротехникалық нормалар бойынша отырғызу тәртібін сақтауды қатаң қадағалап, кеңес берді.

— Алты метрге дейін өсетін, әдемі гүлдейтін мойылдың үш жылдық көшеттері Петропавлдан әкелінді. Жақсы тамырланған. Барлығы агротехникалық нормалар бойынша жүргізілді. Көктемге қарай бұл жерде әдемі аллея болады. Мойылдың ақ гүлдері қандай әдемі болса, жемісі де сондай пайдалы — асқазан ауруларына ем, әсіресе балаларға мойыл шайын демдеп берген пайдалы.

Мойыл көктемде бозқарағаннан да ерте гүлдейді. Қатты күтімді қажет етпейтін тал. Күз мезгілінде мойылдан өзге үйеңкі, терек, тұшақурай, бозқараған, жабайы алма секілді талдардың көшеттері егіледі, — дейді ол.

Тал егу жұмыстарына қаладағы мекемелер мен ұйымдар қызметкерлері, табиғат жанашырлары, қала тұрғындары келді. Отбасымен, бала-шағасымен келгендер де бар.

—  Қалалық бөлімдер қызметкерлері бұл шараға белсене қатысып жатыр. Өзіміз бас болып қаламызды көркейтуге, гүлдендіруге үлес қосуда үлгі болғымыз келеді. Саябаққа тал егіп жатырмыз, күн жылығанда осы жерде біздің ата-аналарымыз, балаларымыз келіп демалады. Жайлы ортаны өзімізге-өзіміз қалыптастырамыз, — дейді  Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және жолаушылар көлігі бөлімінің инспекторы Айдарбек Жұмабек.

Облыстық музей, филармония, мәдениет үйлері секілді бюджеттік мекеме қызметкерлері де бір мезгіл кетпен-күрегін ұстап, қаланың күзгі шаруашылығына үлесін қосуға келді.

— Ақтөбе — біздің ортақ үйіміз. Ортақ үйіміздің шаруасына ұжымымызбен келіп тұрмыз. Триатлон саябағының аумағы үлкен. Серуендеуге таптырмайтын әдемі орын. Абаттандырылып, көркі кіріп қалған. Енді жайқалған талдары өссе, тіпті әдемі болады. Қаламыздағы жасыл желек ауқымын ұлғайту өзіміз үшін де пайдалы, — дейді Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың облыстық мемориалды музейі қызметкері Сәулеш Тажбенова.

Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және жолаушылар көлігі бөлімінің бас маманы Жомарт Бақыткелдіұлының айтуынша, сенбі күні екі мыңнан астам көшет отырғызылды. Жалпы, күз мезгілінде қала аумағында 7 мыңнан астам көшет отырғызу жоспарланған. Оның ішінде үйеңкі, терек, тұшақурай, бозқараған, жабайы алма, ырға, шаған, қарағаш, өрік талдары отырғызылады.

— Алдағы уақытта да осындай ірі акциялар ұйымдастырылмақ. Мекеме, ұйымдарымен бірге кондоминиумдар мен мүлік иелері бірлестіктері де бұл шараларға белсене қатысып, өздерінің үйлерінің аумақтарында көгалдандыру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қалада өткізіліп жатқан екі айлық сенбілік 27 қазанға дейін жалғасады, — дейді Жомарт Бақыткелдіұлы.

Көшеттер жәрмеңкесі

ҚР Тұңғыш Президенті саябағында өткізілген көшеттер жәрмеңкесінде Ақтөбе қаласының, Мәртөк және Қобда аудандары орман шаруашылығы питомниктерінің сәнді, қылқанжапырақты, жидек, жеміс беретін, көп жыл бойы гүлдейтін тал көшеттері сатылды.

Ақтөбе орман шаруашылығы өкілі Нарғыз Қуанышева жәрмеңкеге терек, өрік, қарағай, шаған, үйеңкі көшеттерін алып келгенін айтады. «Сұраныс жақсы, көбі жеміс беретін талдарды сатып алып жатыр», — дейді.

Қобда орман шаруашылығынан жеті түрлі тал көшеттері әкелінген. Жеті жылдық Сібір шыршасына сұраныс көп болғанымен, бағасы қалтаны қағады екен: 10-15 мың теңгенің шамасында.

— Көпжылдық қылқанжапырақты ағаш. Біздің жерге бейімделген, соншалықты бір күтімді қажет етпейді, — дейді Қобда орман шаруашылығының орман инженері  Марат Бисембаев. Қазақстандық терек, сүмбіл терек пен үйеңкіге де сұраныс жақсы болып жатыр екен. Қобда орман шаруашылығында 21 түрлі тал егіледі екен, питомник аумағы — 12 гектар.    

Ал Мәртөк орман шаруашылығынан 16 түрлі тал көшеттері әкелінген: Қазақстандық терек, долана, емен, татар үйеңкісі, қарағай, т.б.  Мәртөк орман шаруашылығы директорының орынбасары Қанат Төлепбергеновтің айтуынша, бүгінде питомникте талдардың 25 түрі өсіріледі. Жәрмеңкеде мемлекеттік орман шаруашылығы талдары жеке орман шаруашылығы талдары бағасынан әлдеқайда арзанға сатылды.

— Пирамидалы терек пен бозқарағанның 15-20 көшетін сатып алдық. Үйіміздің айналасына егеміз. Терек сүмбілдігімен әдемі болса, бозқарағанның иісі аңқыған гүлдері әдемі, — дейді қала тұрғыны Ануар Хамитов.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин сұхбат барысында терек пен көпжылдық қылқанжапырақты талдарды ұнататынын, қала әкімі Асхат Шахаров тұрғындармен бірге көп қабатты үйінің алдына шаған көшеттерін егуді жоспарлап отырғанын айтты…     

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button