«Ақтөбе — құтты мекен»Басты жаңалықтар

Қаладағы саябақтарды көріктендіру: сең қозғалды…

 152 жылдық тарихы бар Ақтөбе қаласында орталық өңірлермен салыстырғанда, саябақтар мен аллеялар соншалықты көп емес. Соның өзінде соңғы жылдары шаһардағы демалыс орындарына қатысты сын көп. Әсіресе, әлеуметтік желілерде жарықтандыру мен көгалдандыруға, жалпы, абаттандыруға қатысты әңгіме жиі айтылады.

Осы олқылықты толтыру мақсатында таяу уақытта атқарушы билік Ақтөбенің ескі қала аумағындағы бірнеше аллеяда жөндеу жұмыстарына кірісті.

Біз аталған қалпына келтіру шараларының аужайын, сондай-ақ қаланың сәнін келтіруге арналған жоба-жоспарлардың атқарылу барысын білген едік.    

Ескі қаланың жаңа келбеті

Шаһардың байырғы бөлігінде орналасқан Қаржыгерлер аллеясы — Шернияз көшесінің бойындағы демалыс орны көпшілікке жақсы таныс. Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың бюст-ескерткішімен ерекше аллеяның пайдалануға берілгеніне біраз уақыт болды. Бірақ тұрғындар жиі сейіл құратын жер ұзақ жылдан бері жөндеу көрмей, әбден сиқы қашқан. Осы күзде аллеяны қалпына келтіру жұмыстары басталды. Жауапты — «АЭМК Жарық» ЖШС.

— Қазіргі таңда аталған аллеяда қырлы тастар (брусчатка) төселіп, жарықтандыру жүргізіліп жатыр. Соңғысы бұл жерде бұрын да болған. Дей тұрғанмен, біз демалыс орнының ортасына ғана емес, жан-жағына да жарықшамдар орнатқалы отырмыз. Басты ерекшелік — осы. Яғни алдағы уақытта түнде де серуендеуге болады.

Сондай-ақ аллеяның екі жағындағы әбден тозығы жеткен баспалдақтар жаңартылады. Жаңадан қоқыс жәшіктерін, орындықтар қоямыз. Бұлардың барлығы ұзақ уақытқа шыдас береді деп үміттенеміз, — дейді жоғарыда аталған серіктестік директорының орынбасары Александр Гальцев.

Бұдан басқа аталған компания Шернияз көшесінің бойындағы №1 дәріхананың маңын абаттандырады. Атап айтқанда, сондағы баспалдақты жөндеп, жаяу жүргіншілер жолына қырлы тастар салғалы отыр.

— Ақтөбе қалалық әкімдігі ғимаратының артындағы аллеяға ішінара қырлы тастар төсеп, кейбір жерлеріне жарықшамдар орнатуды жоспарлап отырмыз.

Жоғарыда аталған жөндеу жұмыстарына 68 миллион теңге бөлінді. Қазіргі таңда соның жартысы игерілді, — деп атап өтті компания өкілі А.Гальцев.

Оның айтуынша, құрылыс жұмыстарына тек Ақтөбеде жасалған тауарлар сатып алынған. Соның ішінде жарықшамдар, орындықтар да жергілікті бұйымдар. Бұл, бір жағынан, отандық тауар өндірушілерді қолдау.

Әңгімелесушімізден ескі қала аумағындағы жөндеу жұмыстарына барлығы 40 адамның тартылғанын білдік. Олардың арасында қырлы тастарды салушылар, жарықшамды орнатушылар, т.б. бар. Осы орайда кейбір тұрғындардың: «мұндағы жөндеу тым баяу жүргізіліп жатыр, жұмысшылардың нақты ісінен демалуы көп…» деген шағымын да жеткіздік. Бұған қатысты «АЭМК Жарық» ЖШС директорының орынбасары Александр Гальцев төмендегідей жауап берді:

— Барлық жөндеу жұмыстары осы айдың соңында аяқталады. Құрылысшылардың бәрі — тәжірибелі жұмысшылар. Мынаны ескере кетсем деймін: қырлы тасты төсеушілер 6-7 адам ғана. Сол сияқты жарық қоюшылар да солай. Барлығын қосқанда — 40 адам. Бұл көп те, аз да емес. Жұмыс ауқымына сай. Ең бастысы, суық, жаңбырлы күндерге дейін жұмысты бітірмек ойымыз бар, ؅— дейді.

Әңгіме арасында Александр Гальцев ескі қаладағы сәулет ескерткіштерін қалпына келтіріп, көп қабатты үйлердің қасбетін сырлауға да көңіл бөлінсе деген тілегін білдірді. Сонда шаһардың көне бөлігінің реңі әлдеқайда жақсарар еді…

Айта кетейік, Ақтөбе қаласы әкімдігінің хабарлауынша, жыл соңына дейін 9 скверде жөндеу жұмыстары тәмамдалғалы отыр. Аталған жұмыстарға бюджеттен 1 миллиард теңге бөлінген.

Демалыс орындарында неге гүлдер жоқ?

Биылдыққа облыс орталығындағы көпшілік жерлерде, соның ішінде саябақтар мен гүлзарларда гүл атаулының жоғалып кеткені рас. Бұған ақтөбеліктер біздің газет, өзге де БАҚ арқылы көп жазып жүр, осы мәселе жиі қозғалады. Атқарушы биліктің бұған өз айтары бар.

— Расында, көпшілігі биыл неге гүлдер жоқ деп сұрап жатыр. Оның себебі — осы жылы 46 мың шаршы шақырым аумаққа егілетін гүлдің 70 пайызы көпжылдық өсімдіктерге ауыстырылды. Бұлар күз мезгілінде енді егіледі. Ал аталған жұмыстың нәтижесін біз келесі жылы көреміз. Бұл, ең алдымен, қаржы үнемдеу үшін жасалып отыр. Бұрынғыдай біржылдық өсімдіктерден бас тарттық. Сол мақсатта үш жыл мерзімге екі компаниямен келісімшарт жасастық, — дейді қала әкімі Асхат Шахаров.

…Веложолағымен сәнді

Жаяу жүргіншілер жолы, веложолақтар, жалпы, осы жол мәселесінің Ақтөбеде ерекше өзекті екенін де Асхат Берлешұлы жоққа шығармайды. Бұл жөнінде ол:

— Жоспар бойынша алдағы жылы Ақтөбе қаласында 52 шақырым веложол салынады. Жобаны жүзеге асыратын мердігер компания анықталды. Карта жасалды. Бастапқы жұмыстар енді қарқын алды.

Ең бастысы, велобағыт жаяу жүргіншілер, автокөлік жүргізушілері үшін де ыңғайлы болуы керек. Соған баса мән беріледі. Біздің қалада веложол болмағанын ескерсек, бұл — күрделі мәселе. Сондықтан веломәдениетті бірлесе қалыптастырамыз деген ойдамын, — деді.

Жергілікті биліктің хабарлауынша, саябақтарды айтпағанда, биыл көп қабатты үйлердің аулаларына да ерекше назар аударылып отыр. Айталық, жыл соңына дейін жоспарға сай 220 аула абаттандырылып, 67 балалар алаңы орнатылмақ. Бұл мақсатта 1 миллиард теңге бөлінген.

Негізінен, шаһардағы көпшілік сейіл құрып, серуендейтін орындарға жауапты мекеме — Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолау­шылар көлігі және автомобиль жол­дары бөлімі. Аталған мемлекеттік орган мердігер мекемелермен қаладағы, соның ішінде саябақ­тардағы көріктендіру, көгалдандыру, жарықтандыру және тазалық жұмыс­тарын жүргізеді.
P.S. Қаланың ескі бөлігіндегі тағы бір байырғы демалыс орны — А.Пушкин атындағы саябақ та көптен бері жөндеуді қажет етіп тұр.  Үлкен-кішінің жиі бас қосатын жеріне айналған мекеннің қазіргі жағдайын сөзбен жеткізу қиын: аттракцион­дардың тозығы жетіп, субұрқағы әлдеқашан істен шыққан. Жарықтандырылуы да нашар. Ал асфальтін суреттеуге сөз жетпейді…  

Ең бастысы, биыл оңды өзгерістер бар. Енді соның жалғасын күтеміз.

Сауалнама

НЕ ДЕЙСІЗ?

 Сейсен АЙТЖАНОВ,

облыстық халық шығармашылығы орталығының көркемдік жетекшісі:

— Ақтөбенің саябақтары туралы айтсам, жасыл желек, соның ішінде гүлдер жетіспейді. Сосын, қай-қайсысына барсам да, даңғаза музыка ойнап тұрады. Бұл дұрыс емес. Менің ойымша, демалыс орындарында адамның миын тынықтыратын, ерекше әсер сыйлайтын классикалық музыка қосылып тұруы керек. Биге арналған әуендер тойда ғана қосылсын.

Сондай-ақ, саябақ, аллеялардағы қоғамдық тәртіп мәселесі де өзекті. Мысалы, қаңғыбастар, маскүнемдер сол жерлерде көп жүреді. Полицейлер бұған жол бермеуі керек деп есептеймін. Тынығып, ойнап жүрген өскелең ұрпаққа, балаларға бұл қандай өнеге береді?!

Жанар ДАТҚЫЗЫ,

Бала күтімімен демалыста отырған ана:

— Ақтөбеде саябақтар соншалықты көп емес. Өзім бірнеше мемлекетте болғанда аңғарғаным, әр көшеде саябақ, аллеялар бар. Бізде бұл жағынан аздау.

Санаулы саябақтың өзі талапқа сай жабдықталмаған. Айталық, гүлдер жоққа тән. Ағаштардың түр-түрін айтпай-ақ қояйын. Субұрқақтарды көбейтсе дұрыс болар еді.

Қараса көз тоятын сәулет ескерткіштері, ерекше субұрқақтар, суретке түсетін әдемі орындар салынса екен дейсің.

Райгүл ЕНШІБАЙҚЫЗЫ,

журналист:

— Кейінгі уақытта саябақ, аллеялардың жағдайы жақсарып қалды. Бірақ әлі де ескерусіз қалып отырған жайттар бар. Мәселен, ұялы телефон қуаттайтын жері болса, ыңғайлы орындар салынса екен. Әр саябақтың кіреберісінде ненің қайда орналасқанын көрсететін карта қойылса, жақсы болар еді.

Ата-ана ретінде саябақтарда балаларға арналған ақылы машиналардың, басқа да  ойыншықтардың көптігі ұнамайды. Балаңмен таза ауада жүріп қыдырып қайтайын десең, алдыңнан самсап шығады… Оны көрген бала сұрап, мазаңды алады. Бұл көпшілік әке-шешенің қалтасын қағады. Сондықтан осындай ақылы қызметтерді бір жерге шоғырландырса дейсің. Қысқасы, саябақтың базарға айналмаса екен.

 Марал НҰРАЛИНА,

«Д.А.Р.» волонтерлік клубының жетекшісі:

— Біріншіден, біздегі саябақтарда әжетхана жағы ойластырылса екен. Сосын мүмкіндігі шектеулі жандарға, қарттарға ыңғайлы болуы үшін көптеп орындықтар қойылса артықтық етпейді. Бізде осы екеуі жетіспейді. Қоқыс салатын жәшіктер де аз.

Соңғы жылдары веложолақтардың салынып жатқаны қуантады. Бірақ жаяу жүргіншілерге де жағдай жасалса, нұр үстіне нұр болар еді. Осы тұрғыдан алғанда, «Денсаулық» саябағында жақсы жағдай жасалған.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button