Білім

Жақсылардың жалғасы

Балалық кездің кейбір сәттері көз алдыма келеді. Сол кездер еске түскенде, қайтып келмес балалық кездегі бірге ойнаған, құдайы көрші болған, мектепте ұстаз болып сабақ берген адамдар еске түседі. «Айшуақ» кеңшарында тұрған кездегі Мырзалы ағамыз бен Кәбира апайдың отбасы, олардың тәрбиелеп өсірген балалары еске түседі. Біздің үйдің балалары — мен, Руслан, Тұрлан, Беріктермен бірге ойнап, біте қайнасып кеткен осы үйдің балалары бір төбе болып жүретін. Марқұм менің әке-шешем Мырзалы ағамыз бен Кәбира шешеміз туралы өте жақсы пікір айтып, біздерге үлгі етіп отыратын. Менің әке-шешем көп жұртты мақтай бермейтін еді. Дегенмен осы отбасы туралы, әсіресе Аймангүл апамыз туралы көп айтатын. Сонау алыстағы әсем қала Алматы туралы естігенім мен оқығанымыз болмаса, ол кезде қандай қала екен деп ойлайтынбыз. Жаз кезінде Аймангүл апамыз ауылға келгенде таңырқай қарап, кейін ол кісінің өзінің бауырларын оқуға түсіріп, бәрін бір-бір ел азаматы етіп шығарғанда, ел риза болып, «нағыз ер азаматтың ісі» деп айтып отырғандарын талай естідік.

1970-80 жылдары осы отбасының үлкені Бердалы ағамыз елдің жігеріне жігер қосып, жас та болса сол кезде елді ұйымдастырып, өзінің табандылығын көрсетіп үлгі бола білді. Сол кездің өзінде-ақ Бердалы ағамыз өнімді еңбек етіп, халықтың алғысына бөленді.   Заманның ағысымен Аймангүл Мырзалықызы ұлағатты жолда өз ісінің білгір маманы, шебер ұйымдастырушысы бола білді.  Кісілік, азаматтық, ақылдылық пен мәдениетті қатар алып жүріп, арғыдан келе жатқан тектіліктің туын биік ұстап, әрқашан азаматтық қасиетін өзінің  қатар-құрбылары мен замандастарына, қызметтестеріне үлгі етіп, ұстамды, ғалым-азамат екендігін қазіргі уақытта қазақ ғалымдарының ортасы мен зиялы қауым мойындап отыр. Бұрын үлкен қызметтерде болған біздің елдің азаматтары: «…қызмет бабында біреуге жақпайсың, біреуге жағасың, біреу былай дейді, біреу олай дейді, дегенмен жасандылық жапсырған жамау секілді, содан аулақ болу керек, ол кімге болса да жараспайды» — дегенді жиі айтып отыратын. Жасандылық мінез  Аймангүл апамыздың  бойында жоқ, оның орнына бойында бір тектілік байқалып тұрады.  Сол тектілік ата-бабасы мен әке-шешісінің қанымен дарыған ғой деп ойлаймын. Себебі отбасының ұйытқысы болған Мырзалы ағамыз бен Кәбира анамыз өмірден ерте озғанда, соңынан ерген інілерін оқытып, үй қылып, ел қатарына қосуда ауылда Бердалы ағамыз бен  Мінуар  жеңгеміздің  еңбегін және Алматыдағы Айман Мырзалықызын ел айрықша айтып, әлі күнге дейін басқаларға үлгі етіп отырады.

Айман Мырзалықызы көп жылдар бойы қазақ тіл білімінің дамуына өмірін арнап, белгілі тіл маманы, көптеген іргелі зерттеулердің авторы атанып, Қазақстанда қазақ тіл білімінің дамуына, мамандар даярлауға, студент жастарды тәрбиелеуге елеулі үлес қосып келеді. Қазіргі уақытта да қазақ тіл білімінде пәтуалы сөз айтатын, оның жүгін иығымен көтеріп келе жатқан, қаншама ғалым шәкірттерді тәрбиелеп шығарған апамыздың ғылым жолындағы еңбегі — көпке үлгі, ұрпаққа өнеге.

Аймангүл апамыз еліміздің жарық жұлдыздарының бірі болған жерлесіміз Рәбиға Сыздық апамыздың бірден-бір ізбасар шәкірті. Міне, бүгінгі күні сол апамыз  жетпіс жасқа толып отыр. Осы орайда 22 қазанда Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ұйымдастыруымен филология ғылымдарының докторы, профессор Айман Мырзалықызының 70 жас мерейтойына арналған «Тілтанымдық мектеп» жобасы аясында «Ауызша және жазбаша коммуникациядағы дәстүр мен белсенді үрдістер» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтеді. Осы конференция аясында шетелдік және қазақстандық ғалымдар Аймангүл апамыздың тіл ғылымындағы еңбектері мен ұстаздық қызметін жан-жақты сөз етпек.

Ислам Иманов,

ҚР Журналистер одағының мүшесі, қоғам қайраткері.

 

ЕҢБЕГІ ЕЛЕНГЕН ҰСТАЗ

Қазақ тілінің өткен ғасырдан бастап бүгінгі күнге дейінгі тарихынан қалың көпшілік хабардар болып келеді. Әсіресе тіл тағдырына араласып, ұлт тілін сақтауға өмірін арнап, күш-жігерін жұмсаған ардақты Алаш зиялыларының асыл бейнелерінің қайта оралып, санада орнығуына әсер еткен рухани жаңғыру бағыты екені де даусыз.

Қазақ тіліне қатысты тағдыршешті кезеңнің бірі ретінде халықтың санасын дүр сілкінткен оқиғалар басталған ХХ ғасырдың сексенінші жылдарының соңғы жағын атауға болады. Бұл жылдар жайлы тарих беттерінде әлі жазылар. Тарихтың жылнамасында ресми мекемелерде қазақ тілінің орнығуына білімі мен күшін арнаған тұлғалардың есімдері де аталар. Соның бірі – ұлттық қауіпсіздік органдарының ресми аппаратында, білім беру салаларында ұзақ жылдар бойы қызмет атқарған филология ғылымдарының докторы, профессор, запастағы полковник Айман Алдашева.

Аққұба келген, қара шашты, көзілдіріктің ар жағындағы мейірімді көзқарас, қоңыр үнді, жүріс-тұрысынан керемет бір кербездік байқалған Айман апайды алғаш көргенде, қазақ қызының бір үлгісін кездестіргендей сезімде болдық. Кейіннен Айман апайымыздың бойында ғалымдық, ұстаздық қасиетімен бірге, азаматтық келбет, зор жауапкершілік, принципшілдікке ұласатын қаталдық та бар екенін білдік, ал бұлар біздер сияқты жас мамандарды шыңдады, тәрбиеледі, өмір әлемін, ұстаздықтың әлемін танытты.

Ұлттық қауіпсіздіктің жоғары оқу орнында да тілге келгенде атқарылатын жұмыстар ауқымды еді. Орта білім беру жүйесінен өзге тілде ауызданып келгендер  ертеңгі күні ел қауіпсіздігін қорғайтын нағыз маман болу үшін, сөз жоқ, қазақ тілін білуі керек. Осы жағы ойландырған апай кафедра мүшелерімен бірлесе отырып,  қазақ тілінен білім беруді  басты арнаға – ресми-іскерлік тілді меңгертуге бағыттады. Тілді оқытудың теориясы мен әдістемесінде қарастырылмаған бұл салаға тыңнан түрен салды деуге болады.  Оқу бағдарламалары, оқулықтар, оқу құралдары жарияланды. Қазақ елінің тарихынан, мәдениетінен, жүріп өткен жолынан үстіртін ғана хабардар білім алушыларға ұлттық код пен ұлттық болмыстың тереңін сезіндіру де маңызды еді. Осы мәселе бойынша Айман Мырзалықызы  көптеген оқулықтар, бағдарламалар жазды, ғылыми-практикалық  зерттеулер жүргізді. Еңбек зая кеткен жоқ. Сол жылдары апай басқарған кафедра республика бойынша білім берудің алдыңғы сапында бағаланғанын қазір мақтанышпен айтамыз.

Елімізде рухани жаңғыру мәселесі 2017 жылы көтерілді. Ал бұл мәселені Айман апайымыз өзі басшылық жасаған кезеңде, яғни 2000 жылдардан бастап қолға алып, жас ұрпақтың бойына жоғары патриоттық сана қалыптастыруда көптеген игі шараларды ұйымдастыра білді. Жауынгер ақын Махамбетке,қазақтың қаһарман қыздарына арналып, оқу орнында өткізілген мәдени шаралардың тәрбиелік мәні жоғары болды. Болашақ қауіпсіздік қалқандарына Махамбеттің жырларын оқыту арқылы бойларына батырлық, жауынгерлік рухты дарытқаны, Абай мен Ілиястың  жырларын, қазіргі қазақ жазушыларының шығармаларын оқытудың әдістерін енгізгені, елдегі зиялы қауым өкілдерімен жүздесулердің болуына ұйытқы болғаны туралы академияны бітіріп кеткен түлектер кездескен кезде әлі айтып жүреді.

Айман апайдың азаматтық парасаттылығы туралы сөз қозғағанда,  ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің: «Азамат сыны –  ерлік, ерлік сыны –  елдік» деген қанатты сөзі ойға оралады. Ұлттың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін білікті мамандарды дайындау үшін көптеген жастарды қызметке қабылдап, олардың ғылым-білім жолында жетістіктерге жетуіне мүмкіндік жасады. Айман апай жетекшілік жасаған көптеген мамандар бүгінде республиканың жоғары оқу орындарында беделді де белді азаматтар болып ұстаздық етуде.

Абай: «Ғылымды, ақылды сақтайтұғын – мінез деген сауыты болады», — дегендей,  мінезінің құтысын сабырға толтырып, соның өзін тұндырып қойғандай. Ойлы, толғамды көзқараспен бір қарап, сәл жөткірініп алып, айтқан әрбір сөзі тыңдаушысын бірден баурай жөнеледі. Айтқанын санаға сіңіріп аласың. Айтпағанын қас-қабағынан аңғартатын Айман апайды қарамағында қызмет еткендер сабырлықтықтың символы ретінде үлгі тұтатын. Содан болуы керек, Айман апайдың замандастары арасында «Алаштың Айман қызы» атануына апайдың осындай адамгершілік асыл қасиетті жанына серік етуінен деп ойлаймын.

Апай бастаған игі іс қазір мен тәрізді жастардың жауапкершілігіне ауысты. Ұстаз берген тәрбиемен жақсы жұмыс істеуге ұмтыламыз, бірақ кей сәттерде сонау қиын жылдарда қиналған сәттері де болды-ау, осындай ауқымды істерді қалай басқарғаны, аз сөзбен көп істі тындырғаны бізді таңғалдырады.

Айман Мырзалықызы ұлттық қауіпсіздік органдарындағы қызметінен зейнетке шыққанмен әлі күнге шығармашылық байланысты үзген емес.  Заманның аяқ алысын, қалың елдің сұранысын, тілдің барлық қыр-сырын, болашағын сақтайтын бағыттарды білетін тәжірибелі ұстаз, ел таныған ғалымның   елге, ұлтқа деген азаматтық көзқарасына  тағы да тәнті боламыз.

Айман Мырзалықызымен қызметтес болу бақытын бұйыртқан тағдырыма ризамын.

Гүлмира Бірәлі,

Ұлттық қауіпсіздік комитеті академиясының доценті,

филология ғылымдарының кандидаты.

КӨП ҚОЛДАУ КӨРСЕТКЕН ЕДІ

Менің студенттік өмірім Ақтөбе қаласында, осы өңірдің білім мен ғылым жағынан дамуына зор үлес қосқан атам – Мұхтар Арыновтың қолында өтті. Мұхтар атам өз жерлесі, ұлы ақын, ойшыл, ағартушы Абайды жасынан біліп, оқып өскен жан болатын. Біліп қана қоймай, оның даналық сөздерінен тәлім алып, өміріне темірқазық еткен Мұхтар Ғалиұлын нағыз ғалымға тән қасиеті мен ағартушылық қызметі үшін жақындары мен достары «Біздің Абай» деп атайтын. Ол Ақтөбе педагогикалық институты еліміздің жетекші жоғары оқу орнына, білім мен ғылымның ордасына айналуы үшін көп тер төкті. Мұхтар атамыз өз ұрпақтарының да білім алуында үлгі-өнеге болды.

Ақтөбенің аязды қысы әлі есімде. Өңменіңнен өтетін жел, бет шымшылайтын аязды күндердің жанды жылытатын естеліктері де сондай ыстық. «Оқу инемен құдық қазғандай» демекші, шет тілдері мамандығына түскен мен оқуға ынты-шынтыммен берілдім. Бірінші курста қазақ тілі пәнінен Нұрдәулет ағай сабақ берді. Ол кісі кейіннен білгенімдей, Айман Алдашеваның бауыры екен. Сонда таңғалатыным, студенттер Нұрдәулет ағайдың жанынан шықпайтын еді. Ғылымға шындап берілген ол кісі жобалық зерттеу жұмыстарымен көп айналысатын. Сол кездері Нұрдәулет ағайымыз мемлекеттік тілді зерттеуге елеулі үлес қосты.

Шет тілдері факультетін аяқтаған соң Алматыдағы әскери оқу орнына жұмысқа тұрдым. Осы ҰҚК академиясында Айман Мырзалықызымен таныстым. Айман Мырзалықызы мемлекеттік тіл кафедрасын басқарды. Бастапқыда мен өз әкем белгілі тарихшы, демограф ғалым Әзімбай Ғалидың ізімен демографияға бет бұрып, шетелдік дереккөздер негізінде сараптамалық мақалалар жазып жүрдім. Қиындығы мен қызығы мол ғылым саласындағы жолым осылай басталды. Дегенмен уақыт өте келе филология ғылымы, оның ішінде тілтану саласына ойыстым. Менің осы ғылымға бейімділігімді байқаған, осы жолға түсуіме себеп болған екі жан бар, олар – менің әкем және Айман Алдашева  еді. Әсіресе Айман апай академияда бірге жұмыс істеп жүрген жастардың ішінен маған ғылыми жұмыспен айналысу жөнінде ұсыныс жасап, ынталандырды, ғылым жолына салды.

Айман Мырзалықызына шәкірт болу оңай емес екен, бұл үшін оның саған сенуі, өзіңді дәлелдеуің қажет. Осылайша мен ұстазымның сеніміне ие болып, шәкірті атандым. Ғылыми диссертациямның тақырыбын таңдау кезінде Айман Мырзалықызымен ұзақ кеңестік. Бұл  жолы  да таңдау балалық  шағымнан, атамның маған айтқан әңгімелерінен жақсы таныс Абай Құнанбаев шығармашылығына түсті. Сөйтіп, ұстазым екеуіміз ұлы ойшылдың қарасөздерін зерттеуге кірістік. Бұл дұрыс таңдау болып шықты. Ғылыми жетекшімнің басшылығымен қарасөздердің қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі нұсқаларына салыстырмалы талдау жасау өте қызық болды. Бұл  салада әлі зерттелмеген мәселелер, түсініксіз дүниелер көп екен. Ағылшын тілі маманы болғандықтан,  алдымен Абайдың сөз өрнегін түйсіну, сезіну керек еді әрі  басқа тілдерге қалай тәржімаланғанын, философиялық сөз өрнегінің қалай жеткізілгенін анықтау міндетіміз болды. Осы ізденіс үстінде көп білім жинақтадым. Ұлы ақын шығармашылығын ұғыну үшін ұлттық кітапханада өткізген апталар мен айлар, күні-түні оқу мен зерттеу — осының бәрі Айман  Мырзалықызының ақыл-кеңесімен ұштасып жатты. Кейде қолымнан келмей жатса, ұстазым мені қайтадан жігерлендіріп, шабыт беріп, тура  жолға салып жіберетін. Айман Мырзалықызының білімі мен тәжірибесі менің ғылыми жұмысыма шын қолдау болды. Жетекшім ретінде тексеруге берген  материалдарымды ол кісі ешқашан теріске шығармайтын, егжей-тегжейлі түсіндіріп, дұрыс бағытқа салып жіберетін. Бұл нағыз ғалымға тән қасиет қой.

Айман Мырзалықызы зерттеулеріме пайдалану үшін өз кітапханасынан маған талай кітап берді. Ол кітаптар маған көп көмегі тигенімен қоса, сеніп берген адамның қолының табы бар құнды дүниелер болғаны үшін де маған қымбат. Кітаптарды оқып болған соң бірден қайтаруға тырысатын едім, өйткені Айман ұстазымның мен секілді шәкірттері, ізденушілері көп, ол кісі ғылыми жетекшім болса екен дейтіндер тіпті көп болатын.

Бүгінде мен Айман Алдашева секілді керемет ғалымға, отандық тіл ғылымындағы ірі маманға шәкірт болғаным үшін шын жүректен ризамын. Менің өмірімде маңызды орын алған Айман Мырзалықызымен кездестірген тағдырыма алғыс айтамын. Ұстазыма басымды иемін!

Әйгерім Ғалиева,

 ҰҚК академиясының доценті,

филология ғылымдарының кандидаты.

ТАЛАП ПЕН ТАЛПЫНЫС СЫЙЛАДЫ

Қыран түлегіне қайыспас қанат сыйлайды,

Ұстаз шәкіртіне талмайтын талап пен талпыныс сыйлайды!

Айман Мырзалықызына деген зор құрметіміз бен ыстық ықыласымызды осы бір сөздерден бастағымыз келіп отыр.

Біз Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің (түскен жылы Қазақ педагогикалық институты – ҚазПИ деп аталатын) 1989 жылы жаңадан ашылған аударма мамандығы бөлімін аяқтаған алғашқы түлектері болдық. Біз түскенде аударма бөліміне небәрі 27 студент қабылданды, тобымыз да ерекше болатын, ала-құла: орысша бітіргендер, қазақша бітіргендер, арамызда мектептен кейін түскендері, әскерден келгендері, жұмыс істеп келгендері де бар. Кейіннен бір үйдің балаларындай болып кеттік.

Аудармаға қатысты дәрістерге деген қызығушылығымыз басым болатын. Өйткені бұл қыр-сырын, қиындығын біз білмейтін сала еді. Айман апай бізге екінші курстан бастап қосылған «Аударманың лингвистикалық  теориясы және практикасы» пәнінен дәріс оқыды. Сонда  ғана тәржіма ісі үшін тілдің құрылымын  білудің аздық ететінін,   ұлттың тарихын, мәдениетпен астарласып жататын тілдің байлығын меңгерудің қаншалықты маңызды екенін ұғына бастадық.

Еліміздегі үлкен білім ордасында таңдаған мамандығымызды меңгеруге жол ашып, тәлім-тәрбие берген ұстаздарымызға айтар алғысымыз да мол. Сол ұстаздарымыздың арасында білім берумен қатар өзінің бүкіл болмысы, жүріс-тұрысы, ұстанымы, өмірге деген көзқарасы, айтқан ақылы мен мейірімге толы жылы сөздерімен біз үшін өмірдегі ұстазымызға айналған ерекше тұлға — Айман апайымыз деуге болады. Байыпты сөйлеп, көңіліміздің күйін алыстан бағамдай білетін парасатты апайымыз бізге, біздің отбасымыздың болашағына жол сілтеп, ерекше жанашырлық танытты, көп көмектесті. Екі студент бас қосып, отбасын құрғанда да, ізгі тілегін айтқан еді.

Білім ордасындағы бес жыл да тез өтіп, қолымызға диплом алып, жүрегіміз өрекпіп, тезірек жұмысқа тұруға асықтық. Алдымызда таңдау тұрды. Өзіміз бітірген институттың аспирантурасына құжат тапсырып, оқуымызды жалғастыру немесе берілген жолдама бойынша өзге облыстарға кету. Ол кезде оқу бітіре салысымен институтқа барып, оқытушылық қызметпен айналысу, дәріс оқу біз үшін үлкен мәртебе болатын. Сондықтан да Павлодар педагогикалық институтына жолдама беріледі дегенге қуанып, жолға жинала бастадық. Жас маман ретінде жолдамамен барсақ, бізге дереу үй береді,  табысымыз да болады деген арман-қиял бой бермей, жетектеп тұр еді.

Бір күні «Айман апай шақырып жатыр» деген соң, қол ұстасып институтқа келдік. Апай әңгімені әріден бастады, алдымен қай облыстан келгенімізді, отбасы жағдайын сұрастырып алды. Сәл ойланып отырды.  Сосын: «Ел жаққа барып, еңбек жолын бастаған жақсы. Кереку жағында ат басын тірейтін, сәл қиналғанда көмек қолын созатын ағайын-туыс, дос-жаран болмаса, алғашқы кезде қиындықтар болып қалуы да мүмкін. Үздік оқыдыңдар. Қазақ аудармасы туралы ғылым енді қолға алына бастады. Бұл саланы дамыту керек. Қазір аспирантураға түсуге мүмкіндік бар. Білімді тереңдетіп, осы саланың бір жақсы мамандары болғандарыңды қалар едім.  Ақылымды алсаңдар, аспирантураға құжат тапсырып, осы жерде қалыңдар, үлкен қала, мүмкіндік те мол», — деп сөзін аяқтады. Біріміз Тараздан, біріміз Қызылордадан келген екеуімізге Арқаның сұлу табиғатынан гөрі достарымыздан естіген аязы мен бораны  елестеді. Басқа да себептер бар еді. Алып-ұшқан жастық көңілімізге сындарлы ой қосқан Айман апайдың жанашырлық танытқан жылы сөздері біздің болашаққа деген сенімділігімізді арттырды. Айман апайдың ақылына ден қойып, сол жылы Асылжан аспирантураға түсті. Өзім Алматы қаласының әкімшілігіне жұмысқа тұрып, мемлекеттік қызметтегі еңбек жолымды бастап кеттім. Үш жылдан кейін Айман Мырзалықызының тікелей жетекшілігімен Асылжан кандидаттық диссертациясын табысты қорғап шықты. Ұстаз бен шәкірт ретінде басталған қарым-қатынасымыз туыстық деңгейге көтерілді. Айман апайға ұл-қызындай еркелеп, балаларымызды алып, үйіне емін-еркін баратын болдық. Өмірде, еңбек жолында асулардан асарда, проблемалар болғанда, Айман апай жанымыздан табылып, қажет жерде ақыл-кеңесін аямай, қазірге дейін қолдау-көмек көрсетіп келеді.  Сондықтан да біз үшін Айман апай — ұлағатты ұстаз, парасат-пайымы мен ізгілігі мол жанашыр жан. Үлкен қалаларға арман арқалап, білім іздеп келген әрбір жастың жолында Айман Мырзалықызы тәрізді бітімі өзгеше ұстаз кездесе берсе екен деп тілейміз.

Азат Шәуеев,

«Мемлекеттік тілді дамыту» қорының директоры.

Асылжан Төрениязова,

филология ғылымының кандидаты.

Басқа жаңалықтар

Back to top button