«Ақтөбе — құтты мекен»Басты жаңалықтар

«Қаланы көріктендіру — әрбір тұрғынның міндеті»

Сенбі күні Ақтөбе қаласының бірнеше аумағында «Өз ағашыңды отырғызып, қаламыздың көгалдануына үлесіңді қос!» акциясы өтті. Бұл шараға облыс әкімі Оңдасын Оразалин, Ақтөбе қаласы әкімі Асхат Шахаров, мекемелер мен ұйымдар қызметкерлері, қала тұрғындары қатысты.

Акция Бөкенбай батыр көшесінде, Триатлон саябағында, «Нұр Ақтөбе» ауданында және ҚР Тұңғыш Президенті атындағы Орталық саябақта өткізілді. 

Триатлон паркіне келіп көшет отырғызған облыс әкімі мұндай шараның қаламыз үшін маңызды екендігін айтты.

— Мемлекет басшысының еліміздегі орман алқаптарын кеңейту тапсырмасына орай облысымыздың аумағын жасыл желектендіру бойынша көптеген жұмыстар атқарылып келеді. Биылдың өзінде барлық аудандардың орман шаруашылықтарына жаңа техникалар мен қажетті құрал-жабдықтар сатып алынды. Қаламыздың көркін ашатын гүлдерді егу, ағаш-талдарды отырғызып, күтіп-баптау, өсіру — әрбір тұрғынның міндеті. Өз ауласын көгалдандырып, жасыл желекпен көмкеру —  мәдениеттіліктің белгісі, — деді аймақ басшысы.

Облыс әкімі содан кейін Тұңғыш Президент атындағы саябақта орман шаруашылықтары және аудан кәсіпкерлерінің қатысуымен ұйымдастырылған көпжылдық гүлдер мен көшеттер жәрмеңкесіне қатысып, шаруа қожалықтарының жай-күйімен танысты.

Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және жолаушылар көлігі бөлімінің бас маманы Жомарт Бақыткелдіұлының айтуынша, сенбі күні екі мыңнан астам көшет отырғызылды. Жалпы, күз мезгілінде қала аумағында 7 мыңнан астам көшет отырғызу жоспарланған.

Көгалдандыру жұмысымен айналысатын «Primavera Plus» ЖШС басшысы Светлана Симоненко бастаған мамандар көшеттерді агротехникалық нормалар бойынша отырғызу тәртібін сақтауды қатаң қадағалап, кеңес берді. «Триатлон саябағында мойыл көшеттері отырғызылды. Алты метрге дейін өсетін әдемі гүлдейтін мойыл аллеясы болады осы жерде», — дейді ол.

ҚР Тұңғыш Президенті атындағы саябақта өткізілген көшеттер жәрмеңкесінде Ақтөбе қаласының, Мәртөк және Қобда аудандары питомниктерінің көшеттері мен көпжылдық гүлдері сатылды.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button