Жаңалықтар

Медицина қызметкерлері кәсіподақ күнін атап өтті

М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университеті жанындағы ғылыми кеңестің залында «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы үздік медицина қызметкерлерін марапаттады.

Күнтізбеде еліміздегі кәсіби мерекелер қатарында 10 қазан — Қазақстан кәсіподақтар күні бар. Өткен аптада университет залында осы ұйымның үздік қызметкерлері жиналды.

— Бүгінде еңбек адамының мүддесін қорғайтын кәсіподақтың рөлі зор. Бұл ұйым еңбек нарығында кәсіподақтың маңыздылығын айқындап, қозғалысты еліміз бойынша ілгерілетуге үлес қосу үшін құрылды. Ал өмірімізді сеніп тапсыратын дәрігерлердің еңбегі ұшан-теңіз. Әрине, медбике, фельдшер, дәрігерлер өздерінің еңбек құқықтарын сауатты қорғау мақсатында бірігіп, ұтымды шешім қабылдап отыр, — дейді облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова.

2021 жыл кәсіподақтың бастауыш ұйымдарының жылы боп жарияланды. Республикалық байқаудың өңірлік кезеңі комиссиясының қорытындысы бойынша кәсіподақ қозғалысының дамуына елеулі үлес қосқаны үшін М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетінің бастауыш ұйымы жеңіске жетті. 17 қызметкер марапатталды, кәсіподақ ұйымының 3 қызметкеріне «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің «Үздік» төсбелгісі табысталды. Сондай-ақ мақтау қағаздары мен Алғыс хаттар берілді.

— 2017 жылдан бастап біз «SENIM» қоғамдық бірлестігіне өттік, медицина қызметкерлерінің еңбек құқықтарын қорғаудағы олардың қызметтерін бірден сезіндік. Пандемия кезінде әсіресе аурумен күресте алғы шепте жүрген дәрігерлер  материалдық қолдауға ие болды. Бүгінде сол үстемеақы төлемдері бойынша жұмыстар жүріп жатыр, ешкімнің құқығы бұзылмады ма екен, сол тексерілуде, — дейді облыстық перинатальдық орталықтың кәсіподақ комитетінің төрайымы Ақшолпан Алмағамбетова.

Дәрігерлер кәсіподақ ұйымы ең әуелгі кезекте ұйым мүшелерінің денсаулығына көңіл аударады. Медициналық тексерістен өтуге немесе диагноз талабына қарай жақын шетелде емделуге мүмкіндігінше «Senim» қорынан қаражат бөлінді. Медицина қызметкерлерінің балаларына жаңажылдық сыйлық әзірлеуге, жазғы демалыста қала сыртындағы лагерьлерге орналасуға көмек көрсетілді.

«SENIM» денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының басшысы Қайрат Сабыр бұл кәсіподақтың — еліміз бойынша ең үлкен ұйым екенін, бүгінде оған облыс бойынша 24400 адам мүше екенін атап өтті.

Мереке күніне орай медицина қызметкерлерінің арасында волейболдан, шахматтан спартакиада өтті. Команда капитандары да марапатталды.

Нұргүл АРЫНОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button