Басты жаңалықтар

Ақтөбеліктердің 42 пайызы онлайн санаққа қатысқан

Еліміз бойынша Ұлттық халық санағы жалғасып жатыр. Ресми органның ұсынған мәліметіне жүгінсек, бүгінге дейін 3 ғаламтор платформасы арқылы өңірдегі 379 мың адам науқанға атсалысып үлгерген.

— 11 қазан күнгі мәлімет бойынша облыста 379359 адам санақтан онлайн режимде өткен. Соның ішінде sanaq.gov.kz сайты арқылы 319315, egov.kz порталы арқылы 38612, «Aitu» мобильді қосымшасы арқылы 21432 адам қатысқан. Бұл тұрғындардың 42,1 пайызын құрайды. Ал аудандар арасынан белсенділігі жағынан Мұғалжар ауданы көш бастап тұр. Мұнда 25826 адам халық санағына үн қосқан, — дейді ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі ұлттық статистика бюросының Ақтөбе облысы бойынша департаментінің қызметкері Динара Ізбасқанова.

Бұл — онлайн режимдегі санақтың кезекті қорытындысы. Өз кезегінде дәстүрлі аралау, яғни қызметкерлердің үйлерге баруы 1-30 қазан күндері аралығында жалғасатыны белгілі. Бұның санайғақтары әзірге шыққан жоқ.

Департамент өкілі Ұлттық санаққа жер-жердегі халыққа қызмет көрсету орталықтары мен статистика департаментінің бөлімшелерінде атсалысуға болатынын атап өтті. Сондай-ақ алаяқтардан сақ болуға шақырды. Санақшыға есік ашып, сөйлеспес бұрын оның арнаулы формасының, планшеті мен сөмкесінің бар-жоғына мән беріңіздер. Жеке куәлігін тексерсеңіз де артық етпейді… Ұлттық статистика бюросының хабарлауынша, куәлікте аумақтық статистика департаменті басшысының қолымен және мөрімен расталған интервьюердің фотосуреті, толық аты-жөні болады. Куәліктің жоғарғы бөлігінде тіркеу нөмірі көрсетіледі. Бұл нөмірді sanaq.gov.kz сайтында «Интервьюерді іздеу» жолағына енгізсеңіз, интервьюердің деректері ұсынылады. Сондай-ақ интервьюердің жеке басын 1446 нөміріне қоңырау шалу арқылы да тексеруге болады. Бөгде адаммен тілдесуге құлықсыз тұрғындардың ұлттық санаққа тәулік бойы жұмыс істейтін жоғарыда аталған сайттар арқылы қатысуына әлі де мүмкіндігі бар.

Ерекше тоқталып өткен жөн, қазіргі таңда әлеуметтік желілер арқылы халық санағы аясында бейнебайланыспен сауалнама жүргізіп жатқандығы туралы аудиожазба тарап жатыр. Осыған байланысты мамандар интервьюерлер респонденттермен тікелей, жүзбе-жүз кездесу арқылы, планшетті қолдана отырып, жауап алатындығын хабарлайды. Қашықтан, яғни телефон, бейнебайланыс, мессенджерлер арқылы сауалнама жүргізу қарастырылмаған. Бұл — алаяқтардың ісі.

Сонымен қатар тұрғындар тарапынан санақшылардың қолданатын шарфы, сөмкесі мен құжаттарында неліктен 2020 жылдың көрсетіліп тұрғанын сұрайтындар кездеседі. Жоғарыда аталған бюро әлемді жайлаған пандемияға байланысты халық санағын 2020 жылдан 2021 жылға шегеру туралы шешім қабылданғанын, ал маңызды шараға дайындықтың 2018 жылдан басталғанын еске салады. Тиісінше қолданыстағы логотип бедерленген көк түсті шарфтар, куәліктер, жадынамалар 2020 жылы, санақты шегеру туралы шешім шығарылғанға дейін сатып алынды. Артынша үйлерді аралауға шығатын интервьюерлердің атрибутикасын қосымша шығын шығармай, қалдыру туралы шешім қабылданған-ды. Бұл амал халықаралық шаралар, атап айтсақ, биыл өткен Токио жазғы олимпиадасы («Tokyo-2020») мен футболдан Еуропа біріншілігінде («Euro-2020») іске асырылғанын айта кету керек.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button