Жаңалықтар

Газ бағасы тұрақтала ма?

Брифинг

Өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және энергетика басқармасының газбен жабдықтау бөлімінің басшысы Самат Лепесов сұйытылған газдың ағымдағы жағдайы туралы баяндады.

— Қазіргі уақытта облысты қамтамасыз ету үшін 13 000 тонна сұйытылған мұнай газы қажет.

Энергетика министрлігі осы қазан айында Ақтөбе облысына 11 160 тонна сұйытылған мұнай газын жеткізуді жоспарлап отыр. Оның 3 924 тоннасы электронды сауда алаңдарынан тыс және 7 236 тоннасы электронды сауда алаңдары арқылы жеткізілмек.

Электронды сауда алаңынан тыс жеткізу жоспары шеңберінде өткізілетін сұйытылған мұнай газының шекті бағасы 38 701,67 (тоннасына) теңгені құрайды.

Энергетика министрлігі Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп, сұйытылған мұнай газын электронды сауда алаңдарына кезең-кезеңімен көшіру кестесін бекітті. Осы жылдың соңына дейін  80 пайызын көшіру көзделген. Биыл қазан айында мұнай газының көлемінің 65 пайызы электронды сауда алаңдары арқылы жеткізілді, — деді Самат Лепесов.

Электронды сауда-саттық нәтижелері бойынша облыста сұйытылған мұнай газының орташа бағасы (1 тоннасы) шілде айында 67 082, тамыз айында 69 808, қыркүйек  айында 84 365 және қазан айында 82 000 теңгені құрады.

Сұйытылған мұнай газын жеткізу жоспарына сәйкес «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-на электронды сауда алаңдарынан тыс 2 952 тонна, «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС-на 972 тонна жеткізілді. Бүгінгі таңда зауыттардан 958 тонна жөнелтілді.

«Қазақстан Теміржолы» АҚ-на жөнелтілетін жүктердің ауқымды көлеміне байланысты айдың басында ҚТЖ станцияларында сұйытылған мұнай газы цистерналарының вагондарын жөнелту кешіктірілді.

Бүгінгі таңда Ақтөбе қаласына 25 вагон цистерна, яғни  900 тонна жүк келіп тұр. Қазір газ толтыру станцияларына жөнелту жұмыстары жүргізілуде. Бұдан өзге Жем станциясына — 10, Қандыағаш станциясына 6 вагон сұйытылған мұнай газы цистернасы жеткізілуде.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button