Жаңалықтар

Ұлттық кітап фестивалі өтті

Тәуелсіздік жылдарындағы кітапхана қызметін насихаттау, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу мақсатында С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен  «Ұлы дала елі — Тәуелсіз Қазақстан» атты ұлттық кітап фестивалі өткізілді.    

Шараны Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы А.Юнисова ашып, Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде мәдениет саласының бір бөлігі, рухани ордасы — кітапхананың өзіндік даму жолы, қоғамда алатын орны ерекшелене түскендігін жеткізді.

Фестиваль қонағы ҚР Мәдениет қайраткері Е.Құрманбек тәуелсіздік жылдарының алғашқы кезеңдеріндегі кітапхана саласының қиыншылықтарын еске алып, кітапхана өз тарихында бес рет ғимарат ауыстырғандығын, кедергілерге мойымай, кітаптарды көзінің қарашығындай сақтап келген кітапханашылардың еңбегі үшін алғысын жеткізіп, болашақта типтік кітапхана салынып, кітапхана ісінің алға дамуына тілек білдірді. Басқа да қонақтар лебіз білдірген шараға зиялы қауым өкілдерімен қатар, облыстық мәдениет қызметкерлері және  қалалық мектеп кітапханашылары, оқырмандар қатысты.

Фестиваль барысында кітапхана өз оқырмандары мен қонақтарына танымдық, әрі қызықты бағдарламасын ұсынды. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің  30 жылдық мерейтойына арналған «Бір ел — бір кітап»  акциясы аясында оқылымға ұсынылған QR арқылы жүктеп оқу мүмкіндігі бар 30 кітаптың шеруі оқырман назарына ұсынылды.

Мерекелік кеш барысында кітапхананың ұйымдастыруымен өзге ұлт өкілдерінің қатысуымен өткен «Тіл мәртебесі — ұлт мерейі» атты облыстық мүшәйраның жеңімпаздары марапатталды. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында және «Ақтөбе кітапханасы» сериясымен  келіп түскен әдебиеттерге инсталляциялық кітап көрмелеріне мазмұнды библиографиялық шолу жасалды. Фестиваль қонақтары библиокафеден дәм татты.

«Медиасауаттылық — қазіргі заман талабының ақпараттық мәдениетінің бөлігі» атты шеберлік сағаты, кiтапхана ардагерлеріне арналған «Қарттарым — асыл қазынам» атты мерекелік кеш өткізілді.

 Марал ЖАЛҒАСҚЫЗЫ,

С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының қызметкері.

Басқа жаңалықтар

Back to top button