Жаңалықтар

Індеттің таралуы саябырлап тұр

Бүгінге дейін елімізде коронавирус індетінің төрт толқыны тіркелген. Әр толқын жаңа штамның пайда болуынан туындайды.

10 қазанда елімізде 1717 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны анықталды. Осы күні емделіп шыққандардың саны — 1444 адам. Ал біздің өңірдегі эпидемиологиялық ахуал қандай?

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Гүлбану Дәулетова мен облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаровтың қатысуымен өткен тікелей эфирде айтылды.

10 қазанда өңірімізде 46 адамнан коронавирус инфекциясы анықталыпты. Олардың 29-ынан ауру белгілері байқалып, ал өзгелерін дерт еш мазаламаған. Індет жұқтырғандардың жартысынан астамы, нақтылар болсақ, 25-і — Ақтөбеден, сондай-ақ Әйтеке би, Алға, Мәртөк, Қобда, Мұғалжар, Ырғыз, Шалқар аудандарынан да науқастар тіркелді. Аудандар арасында Мұғалжардан ең көп — 6 адам — науқас тіркелген.

Жалпы, пандемия басталғалы бергі уақытта облыста 33 425 адамнан коронавирус инфекциясы анықталып, олардың 95,3 пайызы жазылып шықты.

Барлық науқастардың 87, 1 пайызы — індетті жергілікті жерде жұқтырғандар. Қазір 9640 адам үй карантиніне алынып, бақылауда отыр, — деді облыстың бас санитарлық дәрігерінің міндетін атқарушы Гүлбану Дәулетова.

Карантин талаптарын бұзған сауда орындары, басқа да нысандар иелері мен жекелеген азаматтар ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Кодексінің 425-бабының 1-тармағы бойынша жауапқа тартылады. Бүгінге дейін өңірімізде 912 жағдайға байланысты 91 миллионнан астам қаржы көлемінде айыппұл салынған.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаровтың айтуынша, қазіргі күні аймақта осы дертке байланысты стационарлық ем алып жатқан науқастар саны — 336 адам, олардың арасында 4 бала бар. Стационарлардағы науқастардың 257-сі Ақтөбе қаласында емделіп жатыр, аудандардағы сырқаттар саны — 79. Жансақтау бөлімінде 40 адам бар, олардың ішінде 14 адам жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Бүгінгі күні облыста жалпы саны 146 бала індет жұқтырғаны анықталып, дәрігерлердің бақылауына алынды.

Вакцинаны толықтай алғандар саны 288,7 мыңнан асты.

Тікелей эфирде мамандар көпшілік сауалдарына да жауап берді. Сауалдар, негізінен, вакцинаның тиімділігі, ревакциналаудың қашан басталатыны төңірегінде болды.

Вакцинаның тиімділік мерзімі, орта есеппен алғанда, 6-9 ай саналады, кей жағдайларда 12 айға дейін жетеді. Бұл әр ағзаның өзіндік ерекшелігіне байланысты болады. Ал ревакциналаудың қашан басталатыны әзірге нақтыланған жоқ. Бүгінге дейін жүкті әйелдер мен балаларға екпе жасалған жоқ. Алдағы уақытта балаларды вакциналау тек қана ата-аналардың рұқсатымен жүргізіледі, — деді Бекболат Ізбасаров.

Айна САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button