Басты бет » Жастар » Студенттер көмегі

Студенттер көмегі

Ұлттық қайырымдылық күні қарсаңында Ақтөбеде студенттер арасында волейболдан турнир өтті.

Облыстық жастар ресурстық орталығы жанындағы «Жас сақшы» еріктілер тобы ұйымдастырған сайыстың мақсаты — «Қайырымдылық марафонын» жастар арасында кеңінен насихаттау. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің спортзалында өткен шараға қаладағы жоғары және арнаулы оқу орындарының студенттерінен құралған 7 команда қатысты.

— Бұл турнирдің жастар арасында өткізіліп жүрген байқаулардан өзіндік ерекшелігі бар. Қайырымдылықты жанына ту етіп жүрген жастарымыз жарыстың мақсаты мен міндеті туралы естігенде, өз еріктерімен қатысуға ниет білдірді. Турнир аясында ақтөбелік жастар 100 мың теңге көлемінде қаражат жинады. Шара барысында жиналған қаражат мүмкіндігі шектеулі жандардан құралған «Алаш» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әлібек Нұрбайұлының еміне аударылды, — дейді облыстық жастар ресурстық орталығы директорының міндетін атқарушы Ардақ Бекниязова.

Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды Қазақ-орыс халықаралық университетінің студенттері иеленсе, екінші орынды «Жүректен жүрекке» волонтерлік тобы, ал үшінші орынды Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінің оқушылары алды.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.