Пікір

Жаңа міндеттер жүктейді

Гүлмайрам АЛАТАЕВА, С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының бөлім меңгерушісі

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар — ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Бұл құжат халықтың көкейіне үміт пен сенім ұялатты.

Президентіміз алдымен коронавирус инфекциясын және оның салдарынан болған экономикалық дағдарысты еңсеру, қазақстандықтардың әл-ауқатын арттырудың нақты жоспарын жасап, болашаққа бағдар берді. Сондай-ақ халықтың табысы мен әлеуметтік ахуалына ерекше тоқталды. Мемлекет басшысы білім, медицина, мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақысын 2022-2025 жылдар аралығында 20 пайызға көтеруді ұсынды.

Оның ішінде өзім кітапханада қызмет ететіндіктен, мәдениет саласы мамандарының жалақысы жөнінде айтқаны бәрімізді елең еткізді. Себебі көп жылдан бері кітапхана қабырғасында аз ғана жалақыға жұмыс істеп жүрген мамандарымыз бар. Сондықтан Мемлекет басшысының осы мәселеге назар аударғаны шын қуантты.

Рухани мұрамызды келешек ұрпаққа жеткізуші кітапхана екені бәрімізге мәлім. Мәдениеті өскен мемлекет дамыған елдердің қатарына қосылары сөзсіз. Бұл бағытта Жолдауда айтылған барлық жаңа міндеттерді қолдап, бірлесе атсалысуымыз керек.

ФАРМАЦЕВТИКА ӨНЕРКӘСІБІ ЖАНДАНБАҚ

Ерлан БҰҚАРБАЕВ,

Ембі аудандық ауруханасының бас дәрігері

Мемлекет басшысының жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауын үлкен үмітпен күтеміз. Жолдауда елдің экономикасы мен әлеуметтік дамуына байланысты мәселелер көтеріліп, оның шешілуіне нақты тапсырмалар беріледі.

Дәрігер болғандықтан, әсіресе денсаулық сақтау саласына қатысты жаңалықтарға елең ете қаламыз ғой.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында медицина саласына қомақты қаржы құю керектігін, бөлінген қаражаттың инфрақұрылымға, маман даярлауға және халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге жұмсалуы қажеттігін атап көрсетті. Сонымен бірге фармацевтика өнеркәсібіне ерекше көңіл бөлуді тапсырды.

Мемлекет басшысының 2025 жылы отандық дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдықтың өндірілуін 50 пайызға жеткізу туралы айтқаны еліміздегі дәрі-дәрмек өндіруші кәсіпкерлердің бизнесін дамытуға мол мүмкіндік береді.

МҰҒАЛІМ МӘРТЕБЕСІНЕ МӘН БЕРІЛДІ

Президент Жолдауы жеті тарау және бес бастаманы қамтиды. Әр тараудың өзіндік маңызы бар. Халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытында берілген бес бастаманың да халық үшін берері мол. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдаудың 3-тарауын сапалы білім беру бағытына арнаған. Бүгінгі таңда педагог мәртебесінің бұрынғы жылдармен салыстырғанда анағұрлым жоғарылағандығын және жалақасының жылдан-жылға өсімінің бар екенін атады. Мысалы, қаңтар айында педагогика саласы қызметкерлерінің жалақысы 25 пайызға көбейсе, осы мақсатта алдағы 3 жылда 1,2 триллион қаржы жұмсалмақ. Демек, кейінгі жас буынды жарқын болашаққа білімді де білікті етіп тәрбиелеу жолында ұстаздардың қалтқысыз қызмет етуіне мол мүмкіндік туады.

Қуаныш САТЫҒАЛИЕВ,

Жақсыбайкөл негізгі мектебінің директоры,

Ойыл ауданы.

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button