Тәуелсіздік — 30

Алма ағашы егілді

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Ақтөбе қаласындағы №78 мектеп-гимназияда алма ағашының көшеттері егілді.

Үй салу, ағаш егу және ұрпақ тәрбиесі — адам өмірінде орындауға тиіс игі істер. Мектеп ұжымы осы даналықты басшылыққа ала отырып, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының қолдауымен мектеп ауласына 50 түп алма көшетін екті. Бұл көшеттер экологиялық ахуалды жақсартып, қоңыржай климат қалыптастыруға әсерін тигізеді әрі ауданымыздың көркін арттыра түспек.

Шараға аталған кәсіпкерлер палатасының директоры С.Шынтасова, Ақтөбе қалалық білім бөлімінің басшысы М.Қосымбаева, Алматы ауданы әкімінің орынбасары Р.Өтешов және «ECO NETWORK», «LucrumStar» компанияларының өкілдері қатысты. Сондай-ақ мектеп оқушылары мен ата-аналары да белсенділікпен атсалысты.

Жас шыбық июге қандай икемді болса, бала да тәрбиені қабылдауға сондай бейім. Сондықтан осы бір игі шара арқылы ұлт тәрбиесіне бейжай қарамайтын әрбір адам өз үлесін қосып, үлгі болды деген сенімдеміз.

Сәтбек ЕСЕНҒҰЛ,

№78 мектеп-гимназияның

өзін-өзі тану  пәнінің мұғалімі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button