Басты жаңалықтар

Ескініің көзі жаңарды

Қаламыздағы ең ескі скверлердің бірі — «Алақай» қуыршақ театры ғимаратының артқы жағындағы шағын саябақ жаңартылып, тұрғындар игілігіне қайтадан берілді. Тұрғындар қалашығындағы жаңарған сквердің пайдаланылуға берілу салтанатына облыс әкімі Оңдасын Оразалин, қала басшылығы, тұрғындар қатысты.

— Биыл ел Тәуелсіздігіне 30 жыл толды. Егемендіктің алғашқы жылдарындағы қиыншылықтарды аға буын өкілдері жақсы біледі: бір жүйеден екінші жүйеге ауысу кезінде экономикалық байланыстар үзіліп, нарықтың қыспағы салдарынан үлкен кәсіпорындар жабылды, колхоз-совхоздар таратылып, жұмыссыздық белең алды, айлықты уақытында төлей алмаған кездер де болды. Елбасының табанды саясатының арқасында барлық қиындық артта қалды. Бүгінде қоғамдағы тұрақтылықты сақтап, экономикамызды түзетіп, көптеген мәселелерді шешуге қол жеткізіп отырмыз. Сол жұмыстардың бірі — қаладағы саябақтарды, скверлерді жөндеу, ескі үйлерді қалыпқа келтіру. Бұл жұмыстар жүйелі жүргізіліп жатыр.  Соңғы екі-үш аптада қаладағы бірнеше саябақтар, скверлер жөнделіп, пайдаланылуға берілді.  Міне, осы Тұрғындар қалашығындағы ескі скверді жөндеп, пайдалануға беріп отырмыз. 1957 жылы осы жерде Құрылысшылар мәдениет үйі ғимараты болған кезде мына сквер жастар бас қосатын, би кештері  ұйымдастырылатын әдемі алаң болды. Сол сквер жөнделіп, тұрғындар игілігіне беріліп отыр, — деді облыс әкімі.

Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және жолаушылар көлігі бөлімінің бас маманы Жомарт Бақыткелдіұлының айтуынша, қаладағы 65 сквердің 50 пайызы жөндеуді қажет етіп тұр. Жыл аяғына дейін соның 9-ы жөнделіп, тұрғындар игілігіне беріледі.

— Келесі жылы да бірнеше сквер жөнделеді. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр, алдағы жылы конкурстар өткізіліп, мердігерлер анықталып, жұмыстар жүргізіледі. Тұрғындар қалашығы ауданындағы бұл сквер 1957 жылдан бері жөнделмеген, жөндеу жұмыстарына жергілікті бюджеттен 50 миллион теңгеге жуық қаражат қаралды, — дейді ол.

Скверге балалар ойнайтын әткеншектер, сырғанақтар, үйшіктер, басқа да ойын құралдары қойылып, жұмсақ жамылғы төселген.

Жаңарған скверді пайдалануға беру салтанатты шарасына осы ауданда тұратын тұрғындар да келді. Олардың дені — осы ауданның байырғы тұрғындары, аталар мен әжелер. «Бұл жерде біздің жастық шағымыз өтті. Осы жерде ғашық болдық, би биледік, отбасын құрып, балаларымызды қыдырттық. Бүгін сол сквер жаңартылып, қайта пайдалануға беріліп отыр, көп рақмет», — дейді еңбек ардагері Лариса Сладкова.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button