Жаңалықтар

Парасат пен Думанға су барады

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин Ақтөбе қаласының инфрақұрылымдық дамуы мен абаттандырылуына қатысты бірқатар жобалардың жүзеге асырылуымен танысты.

Жұмыс сапары «кіші Сәңкібай» аталатын Әлия Молдағұлова даңғылынан Пожарский көшесіне дейінгі жолдардың жөндеу жұмыстарын қараудан басталды.

«КазСтройМагнум» ЖШС мердігер ұйымының басшысы Руслан Нысанбаев: «Жөнделіп жатқан аумақтың ұзындығы — 2450 метр. Бүгін кешке бәрін аяқтауды жоспарлап отырмыз», — деп баяндады.

Бұл жоба аяқталса, Сәңкібай батыр даңғылындағы жол қозғалысы едәуір реттелетін болады.

Биыл Ақтөбеде, сондай-ақ аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Жыл қорытындысы бойынша облыс орталығында барлығы 220 аула жөнделіп, 67 балалар ойнайтын алаң салынбақ, сонымен қатар 9 саябақ пен гүл бағы қалпына келтіріледі.

Жұмыс сапары кезінде өңір басшысы Кірпішті ауылындағы көшелердің көлік жүретін жолдарының жөндеу жұмыстарымен танысты. Қазіргі таңда мұнда жалпы ұзындығы 2650 метр болатын төрт көшенің жолдары жөнделіп жатыр. Бұдан басқа Кірпішті ауылындағы 15-тен астам көшенің жолын жөндеуге жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.

Сонымен қатар Қызылжар-2 кентінде жалпы ұзындығы 1950 метр автожолды орташа жөндеу жұмыстары, ал Қызылжар-3 кентінде ұзындығы 1314 метр жол құрылысы жалғасуда.

Жұмыс барысымен танысып, мердігер ұйымдардың есептерін тыңдаған облыс әкімі қала орталығынан шалғайдағы тұрғын үй алаптары мен қала маңындағы ауылдарда қолайлы орта мен инженерлік инфрақұрылымды дамыту бойынша жұмысты жандандыруды тапсырды.

Жолдарды барынша қамтамасыз ету керек. Қоғамдық көлік жүретін негізгі көшелерден, мектептерге, ауруханаларға, басқа да әлеуметтік нысандарға баратын жолдардан бастап, біртіндеп басқа көшелерге көшіңіздер, —  деді Оңдасын Оразалин жауапты мемлекеттік органдардың басшыларына.

Бұдан кейін аймақ басшысы Елек су қоймасын кеңейту жұмыстарының барысымен танысты. Мұнда оң және сол жағалауларда қосымша 14 ұңғыма бұрғыланады.

Жобаны іске асыру Тамды су қоймасының екінші көтерілімінің сорғы станциясына су беруді тәулігіне 50 мың текше метрге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде Парасат және Думан тұрғын үй алаптары сумен қамтамасыз етіледі, сондай-ақ Батыс-1 және Батыс-2 шағын аудандарына су беру жақсартылады. Су алуды кеңейту жұмыстары 2021 жылдың желтоқсанында аяқталады.

«Нұр Ақтөбе» шағын ауданындағы қазандықты кеңейту барысымен танысқан облыс әкімі жылу беру маусымында қаланы үздіксіз жылумен қамтамасыз етуге қатысты бірқатар тапсырмалар берді.

«Aqtobe su-energy group» АҚ бас директоры Асқар Қыстаубаев бүгінгі таңда әлеуметтік нысандар 100 пайызы және Ақтөбе қаласындағы көппәтерлі үйлердің 98 пайызы ​ жылу жүйесіне қосылғанын хабарлады.

«Жылу әлі қосылмаған үйлер бар, бірақ бұл ПИК, кондоминиумдардың кінәсі. Біз оларға маусым айынан бастап су сынақтарын жүргізу, элеваторларды тексеру, құбырларды жөндеу қажеттілігі туралы айттық. Көбісі мұны орындамады, бірақ біз мүмкіндігінше жылу бердік. Қалған нысандар бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз», — деді А.Қыстаубаев.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button