Жаңалықтар

Қайсар жандар қуанышы

Ақтөбе қаласындағы «Думаш» мейрамаханасында Мүгедектер күніне орай «Мейірім шуағы» атты үкіметтік емес ұйым өкілдерінің және мүгедектігі бар жандардың қатысуымен салтанатты шара өтті.

Шараның ашылуында облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова жылы лебізін білдірді.

— Арамызда тағдырдың ауыр сынағына мойымай, қоғам өміріне еңбекқорлықпен, күш-жігерлерімен үлес қосып келе жатқан қайсар жандар бар. Сіздер атқарып жүрген жұмыстар үлкен жауапкершілікті талап етеді.

Бүгінде облыста 27 мыңнан астам мүгедектігі бар тұрғын ғұмыр кешуде. Біздің өңірімізде осы азаматтарға әлеуметтік қолдау, сауықтыру мақсатында қолға алынып жатқан кешенді шаралар жалғаса бермек. Атаулы күн қарсаңында адал қызметтеріңіз үшін ризашылығымды білдіремін. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін! — деп, бірқатар мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс жасауға үлес қосқан қоғамдық бірлестіктердің өкілдеріне облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің атынан Алғыс хат табыс етті.

Марапат иелерінің бірі «Ерекше таңдау Ақтөбе» қоғамдық бірлестігінің вице-президенті Абзал Наурызбаев.

— Біз 1-топтағы зағип жандарға инватакси қызметін көрсетеміз. Бүгінде біздің бірлестікте 95 адам тіркелген. Күнделікті 20-дан астам адамды жұмысқа, оқу орнына, басқа да қажетті жерлеріне жеткіземіз. Сондай-ақ  414 мүгедектігі бар адамға жеке көмекші қызметі көрсетіледі, — дейді ол.

Шара барысында жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, білім, денсаулық сақтау, денешынықтыру және спорт басқармаларының басшылары атынан үкіметтік емес ұйымдардың өкілдеріне Алғыс хаттар табыс етілді.

— Бүгінде облыста 27616 мүмкіндігі шектеулі тұрғын бар, оның 4 мыңға жуығы 16 жасқа дейінгі балалар. Портал арқылы мүгедектігі бар адамдарға 55 қызмет  түрі көрсетіледі. Келер жылы «Нұр Ақтөбе» ауданынан 150 орынға арналған арнайы оңалту орталығының құрылысы басталмақ. Сондай-ақ Қобда ауданының Егінбұлақ ауылында да дәл осындай оңалту орталығын ашу жоспарда бар.

Биыл 250-ге жуық пандус пен лифт, баспалдақтарды қалыпқа келтіру бойынша шаралар жүргізіліп жатыр. Бұл бағытта арнайы мониторингтік топ жұмыс жасайды, — дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Асланбек Шүйіншалиев.

Биыл мүгедектерге әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында республикалық және жергілікті бюджеттерден 2,6 миллиардтан астам теңге бөлінген. Облыс бойынша мүмкіндігі шектеулі азаматтармен 20-дан астам үкіметтік емес ұйым жұмыс жасайды. Облыста алғаш рет мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде мүгедек адамдарға әлеуметтік оңалту қызметтері көрсетілуде. Сондай-ақ «Ten Qogam» әлеуметтік бейімдеу және белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары іске қосылды.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button