Жаңалықтар

Мәртөктің күзі берекелі болмақ

Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған көшпелі баспасөз туры бұл жолы Мәртөк ауданында жалғасты.

Аудан әкімі Алмас Салықбаев биылғы жылдың 9 айында атқарылған жұмыстары мен алға қойған міндеттері туралы БАҚ өкілдеріне ақпарат берді.

Оның айтуынша, 32 елді мекені бар аудан тұрғындарының  94,9 пайызы орталықтандырылған сумен қамтылған. Биыл шілде айында Дмитриевка, Покровка, Жаңажол, Первомайка ауылдарына су тазарту станциясы орнатылған. Қазіргі таңда ұңғыма қазылып, су қосу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ ауылдағы 9 ірі елді мекенде көгілдір отын бар. Биыл тұрғындардың газбен қамтылуын 88,5 пайызға  жеткізу мақсатында бірқатар ауылдарға газ құбырын тарту жұмыстары жүргізілуде. Атап айтсақ, биыл жыл соңына дейін Аққұдық ауылдық округінің Вознесеновка және Достық ауылдары газдандырылмақ. Сондай-ақ Қаратаусай және Байторысай елді мекендеріне газ құбырын тарту құрылысына құжаттар әзірленіп, мемлекеттік сараптаманы оң қорытындысы алынды. Құрылыс-монтаждау жұмыстары келер жылы басталмақ.

—  Аудан халқының басым бөлігі егін және мал шаруашылығымен айналысады. Биыл егіс алқабы 2 пайызға ұлғайып, 8 мың гектарды құрады. Егін жинау жұмыстары биылғы жылдың 13 шілдесінде басталды. Бүгінгі күні 63070 гектар дәнді дақыл шабылып, 28164,4 тонна өнім алынды. Ауыл шаруашылығын дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалардың арқасында 1300 ірі қара мал және осы саланы дамытуға 91 техника сатып алынды, — деді аудан әкімі.

Қазіргі таңда қысқы мал азығын дайындау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бүгінде 158686,8 тонна шөп дайындалған. Тұрғындар үшін шөп бағасын қолжетімді ету мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстар аз емес. Осы орайда әр сенбі сайын аудан орталығында жәрмеңкелер ұйымдастырылып тұрады.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әкімдер жұмысының басым бағыттары — жаңа жұмыс орындарын құру және халықты жұмыспен қамту.

Биылғы жылдың 9 айында ауданда 1895 жаңа жұмыс орны ашылды. Оның 40 пайызы тұрақты жұмыспен қамтылды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 226 пайызға көп, — деді Алмас Салықбаев.

Биыл материалдық-техникалық базаны жаңарту және оқушыларға қолайлы орта қалыптастыру мақсатында бірнеше жобалар жүргізілуде. Атап айтсақ, аудан орталығындағы оқу-өндірістік шеберханасының ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Биыл тамыз айынан бастап «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында Сарыжар орта мектебінің ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар аудандағы тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың мәселесін шешу мақсатында Мәртөк ауылында 39 екі пәтерлі жалдамалы-коммуналдық тұрғын үйдің құрылысы басталды. Жоба құны — 918,3 млн теңге.

Сондай-ақ брифингте аудан әкімі тұрғын үй салу мақсатында жер алу үшін 5651 азаматтың кезекте тұрғанын айтты.

Биылғы жылы Қазан, Саржансай, Кеңсахара және Қаратоғай ауылдарына жеке тұрғын үй салу үшін жаңа учаскелерді газбен, сумен және электр қуатымен толық қамтамасыз етуге 3,0 млрд теңге бөлінген. Аталған жұмыс нәтижесінде жеке тұрғын үй құрылысы үшін 1272 жер учаскесі берілмек.

Бүгінгі күні аудан халқының 94 пайызы интернетпен қамтылған. Биыл халық саны 250 адамнан асатын Қызылжар, Вознесеновка және Байторысай елді мекендері ұялы байланыспен қамтамасыз етілді. Жыл соңына дейін Аққайың ауылына да орнатылмақ.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК,

Мәртөк ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button