Жаңалықтар

Ақпараттық топ аудандарға шықты

Осы аптадан бастап облыстық ақпараттық түсіндіру тобы аудан аралауға шықты. Аталған топ жұмыс сапарын Мәртөк ауданынан бастап, Қарғалы, Қобда аудандарына да барды.

Топтың аудандарға бару мақсаты — Мемлекет басшысының халыққа Жолдауын кеңінен насихаттау, сондай-ақ тұрғындарды жан-жақты ақпараттандыру.

Жұмыс тобының құрамында облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Н.Көшеров, философия ғылымдарының докторы, профессор А.Тайжанов, философия ғылымдарының кандидаты Ү.Сәрсембин, денсаулық сақтау саласының ардагері Р.Рахиев, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» АҚ, Ақтөбе филиалының директоры, облыстық мәслихат депутаты Г.Ерғазина, «Bazis Group KZ» ЖШС директоры, облыстық мәслихат депутаттары Е.Сисенбаев, А.Зелетдинова, облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының үйлестірушілері Г.Сидашева, А.Айтқұлова және «Отбасы банк» қызметкері Т.Байлиев бар. Осы топ әуелі Мәртөк ауданында екі күн бойы жұмыс істеді. Облыстық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері Мәртөк, Жайсаң, Кеңсахара, Саржансай ауылының тұрғындарымен кездесіп, Мемлекет басшысының халыққа Жолдауындағы тапсырмалар мен міндеттер туралы әңгімеледі. Аудан тұрғындары мемлекеттік бағдарламаның шарттарын, вакцина туралы, әлеуметтік медициналық сақтандырудың пайдалы жақтарын сұрады.

Ал Қарғалы ауданы әкімінің орынбасары И.Сақауованың төрағалығымен өткен кездесу барысында аталған жұмыс тобының мүшелері әуелі мемлекет басшысының халыққа Жолдауы, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы, әлеуметтік медициналық сақтандыру, вакцина алу және «Отбасы банк» қызметі жөнінде баяндама жасады. Аталған топ мүшелері екі күндік жұмыс сапарында Бадамша, Қосестек, Желтау ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесіп, сұрақтарына жауап берді. Айталық, облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының үйлестірушілері Г.Сидашев КВИ-ді жеңудің тиімді жолы — вакцина екенін айтса, «Отбасы банк» қызметкері Т.Байлиев банк қызметіндегі жаңалықтар мен «Шаңырақ» бағдарламасы туралы түсіндіріп берді.

Облыстық ақпараттық түсіндіру тобы жұмыс сапарымен Қобда ауданына да барды. Мұнда топ мүшелері екі бағытқа бөлініп жұмыс істеді. Біріншісі Әлия, Талдысай, Бесқұдық, Бегалы ауылдарына, екіншісі Жарық, Ақырап, Қызылжар, Жиренқопа ауылдарына барды. Тұрғындармен кездесу барысында аталған жұмыс тобының мүшелері ел Президентінің халыққа Жолдауын кеңінен насихаттап, кәсіп ашқысы келетіндерге арналған мемлекеттік бағдарламалар, вакцина алу, тұрғын үй алуға қатысты тиімді бағдарламалар туралы кеңестер берді.

Топ мүшелері барлық ауылда да тұрғындардың сауалдарына жауап беріп, ақыл-кеңестерін айтты. Аталған топ 26 қазанға дейін Ойыл, Хромтау, Әйтеке би, Ырғыз, Шалқар аудандарын аралайды.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button