Жаңалықтар

Індет жұқтырғандар саны 33 мыңнан асты

7 қазанда өңірімізде 51 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Олардың 41-інен ауру белгілері байқалған, ал өзгелері денсаулығына байланысты еш шағым айтпаған. Жалпы, пандемия басталғалы бергі уақытта  облыста коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 33 252 адамға жетті.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында өткен тікелей эфирде айтылды. Мұнда індеттің таралуы мен вакциналауға қатысты өңірдегі қазіргі жағдай жөнінде баяндалды. Әлеуметтік желілердегі aqtobe_press парақшасы арқылы таратылған тікелей эфирге облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Гүлбану Дәулетова мен облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров қатысты.

— 7 қазанда, яғни бір тәулік ішінде 51 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Жалпы, аталмыш індет осы кезге дейін облыста 33 252 адамнан анықталған. Олардың 75,9 пайызынан ауру белгілері байқалған, ал өзгелерінде індет еш белгі бермей, жеңіл өтті. Барлық науқастардың 87 пайызы — індетті жергілікті жерде жұқтырғандар, — дейді Гүлбану Дәулетова.

Ал Бекболат Ізбасаровтың айтуынша, қазіргі күні облыста індетті асқындырып, стационарлық ем алып жатқандар саны — 364 адам. Олардың 281-і Ақтөбе қаласында емделіп жатыр, аудандардағы науқастар саны — 83. Жансақтау бөлімінде жатқандар саны — 55, олардың ішінде 15 адам жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Індет жұқтырған 161 бала мен 35 жүкті әйел дәрігерлердің бақылауына алынған. Ауруханаларда ем алып жатқан балалардың саны — алтау, ал жүкті әйелдердің саны — 16.

Қазіргі күні жағдай ушығып тұрған жоқ, дегенмен біржола тұрақталды деуге болмайды. Індет жұқтырғандар саны өткен апталармен салыстырғанда едәуір азайғанымен, көрсеткіштер тұрақты түрде төмендемей, арасында жоғарылап та кетіп, құбылып тұр. Өңіріміз — «сары» аймақта. Сондықтан арқаны кеңге салуға әлі ерте, сақтық шараларын қатаң ұстану керек. Әсіресе вакцина алу — қауіпті індеттен қорғанудың ең сенімді жолы, — деді Бекболат Ізбасаров.

Жалпы, 7 қазанда облыста 2,3 мыңнан астам адамнан ПТР-тест алынған. Жаппай вакциналау басталғалы облысқа барлығы 767 мың доза вакцина әкелінген, 284,9 мыңға жуық адам вакцинаны толықтай алған.

Мамандар сондай-ақ «Ashyq» жобасына, санитарлық талаптарды сақтамаған жағдайда алынатын шараларға тоқталды. «Қызыл» және «сары» статусы бар адамдар өзгелерге індет қаупін төндірмей, карантин талаптарын қатаң сақтаулары керек.

Тікелей эфирде мамандар көпшілік сауалдарына да жауап берді. Мысалы, балаларды вакциналаудың қашан басталатынына байланысты сауал түсті. Бұған орай Бекболат Ізбасаров:

Балаларға егілетін Pfizer вакцинасының біздің өңірге қашан жеткізілетіні әзірге белгісіз. Биылғы жылдың 4-тоқсанында жеткізіледі деп күтіліп отыр. Балаларды вакциналау тек қана ата-аналардың рұқсатымен жүргізіледі, — деді.

Айна САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button