Басты бет » Жаңалықтар » Нысандар тексеріліп, кемшіліктер түзетіліп жатыр

Нысандар тексеріліп, кемшіліктер түзетіліп жатыр

Өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында «Мүмкіндігі шектеулі адамдардың әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына қолжетімділігін қамтамасыз ету туралы» брифинг ұйымдастырылды. Шара әдеттегідей іnstagram және facebook әлеуметтік желілеріндегі aqtobe_press парақшасында тікелей эфирде өтті.

Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Эльмира Сүйіншалинаның айтуынша,

Nur Otan партиясының  2021-2025 жылдарға арналған «Өзгерістер жолы: әр адамға лайықты өмір» сайлауалды бағдарламасының Жол картасын орындау барысында мүмкіндігі шектеулі жандарға кедергісіз орта, ыңғайлы жағдай жасау үшін шаралар қабылданды. Айталық, бес жылда облыстағы 1294 нысанды мүмкіндігі шектеулі жандардың еркін кіріп-шығуына ыңғайлы етіп бейімдеу көзделіп отыр. Биыл 258 нысан бейімдеуден өткізілуі тиіс. Қазіргі таңда соның 251-і бейімделген. Нысандардың талапқа сай ма, сай емес пе, соны тексеретін арнайы мониторингтік топ жұмыс істейді.

Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті халықты әлеуметтік қорғау саласындағы бақылау бөлімінің басшысы Забира Абдиева осы жылдың 9 айында мүмкіндігі шектеулі адамдарға қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін 24 мекемеде профилактикалық бақылау жүргізілгенін айтып, тексеру қорытындысына тоқталды.

— Тексеру нәтижелері бойынша 24 мекемеге бұзушылықтарды жою мерзімдері көрсетілген 24 нұсқама берілді, 56 бұзушылық анықталды, барлығы 19 нұсқама толық орындалды. Сонымен қатар 2 нысанда облыстық прокуратура органымен бірлесіп кешенді тексеру жүргізілді. Қазіргі уақытта бюджет қаражатының бөлінбеуі себебінен Байғанин орталық аудандық ауруханасы, Әйтеке би аудандық «Целинник» мәдениет үйі, Ғазиза Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясына қатысты нұсқамалар орындалмай қалып отыр. Тексеру нәтижелері облыстағы объектілерді мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін бейімдеу іс жүзінде тиісті деңгейде жүргізілмейтінін көрсетеді. Көптеген объектілерде пандустар белгіленген стандарттарға сәйкес емес. яғни объектілер ішінара бейімделген. Қазіргі уақытта біздің қаламыздағы көптеген пандустар құрылыс ережелерінің талаптарына сәйкес келмейді. Жаңа ғимараттарды пайдалануға беру кезінде паспорттау процесін сапалы жүзеге асыру қажет, өйткені «Мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Заңның 25-бабында жергілікті атқарушы органдардың мүмкіндіктері шектеулі адамдар үшін қолайлы орта қалыптастыру міндеті көзделген.

Мысалы, Ақтөбе қаласындағы №35 мектептегі олқылықтар жойылып, нұсқама уақтылы және толық көлемде орындалды. Осылайша бұл нысанда мүгедектерге арналған пандус орнатылды, халықтың қауқары аз топтарына арналған санитарлық торап бейімделген, сондай-ақ талап етілетін нормаларға сәйкес нашар көретін және нашар еститін адамдарға тактильді және әртүрлі көрсеткіштер орнатылған, ғимаратқа кіреберісте Брайль шрифты бар, — дейді Забира Абдиева.

Сондай-ақ ол биыл жергілікті атқарушы органдар қолжетімді ортаны қалыптастыру мақсатында 258 мекемеге мониторинг жүргізіп, бұзушылықтарды жою жөнінде ұсынымдар берілгенін айтты. Забира Абдиеваның айтуынша, мониторингтік топтардың нәтижелері бойынша анықталған кемшіліктер орындалмаған жағдайда, тексеру жүргізу үшін аталған департаментке материалдар ұсынылуы мүмкін.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.